25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әл-Фараби – қазақ өркениетінің негізін қалаған ойшыл

Әл-Фараби – қазақ өркениетінің негізін қалаған ойшыл

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Немістің шығыс зерттеушісі А.Мюллер әл-Фараби туралы:

“Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек”, - деген пікір айтқан. Расында ол энциклопедист ғалым еді. Жан-жақты білімімен қатар, медицинаны да жақсы меңгерген, бұл салада көлемді еңбектер жазған. “Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да – басты мүше, бірақ, мұның үстемдігі бірінші емес», – деп адам ағзасы мүшелерінің  қызметін де айқындап берген.

Фарабидің артында қалған ғылыми еңбектерінің санын неміс ғалымы М.Штейшнейдер 117 десе, түрік ғалымы А. Атеш 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика» мен «Софистикасына» түсініктемелер жазды. Ойшылдың көлемді трактаттары – «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жайында», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» және «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы».

Ғұлама ойшыл философияға да, білім-ғылымға да көп үндеді. «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымына қолы жетпейді» деп адамның өз нәпсісімен күресі жетістікке жетуде өте маңызды екенін атап көрсетеді.

Ибн Халликан әл-Фарабидің ақын болғанын айтып, бірнеше өлеңдерін келтіреді.

Жан-жақты ғалымның музыкаға қосқан үлесі тіпті ерекше. Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г.Фармер: “Барлық ғылымдар саласында әл-Фараби – «Екінші ұстаз». Ал музыка саласын алатын болсақ, әл-Фараби бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда, музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған”, - дейді. Бұл – жоғары баға.

Әл-Фарабидің музыка саласында жазған “Музыканың үлкен кітабы” атты еңбегі бар. 1200 беттен тұратын бұл кітаптың екі томын француз шығыстанушысы Р.Эрланже 1930-1935 жылдары түпнұсқадан француз тіліне аударды. Өкінішке қарай, бұл бізде осыдан екі жыл бұрын ғана Ж.Алтайдың жеке мұрағатынан ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен «Әл-Фараби және еуропалық ренессанс дәуірі» атты дөңгелек үстелдің афишасы қолға алынып, Жалғас Сандыбаев тәржімалады. Қазір музыкада жеті нота болса, әл-Фарабидің музыканы математикалық цифрлар арқылы қағазға түсірген еңбегінде нота саны – 12. Сол бес нотаны әлі күнге ешкім тапқан жоқ. Әл-Фараби музыканың тек теориясын зерттеп қана қоймаған, ол сондай-ақ тәжірибе жүзінде де қолданып, көптеген аспаптарда тамаша ойнаған. Өзі “канун” деген музыкалық аспап ойлап тапқаны белгілі. Оның шебер орындаушы болғанын бізге жеткен аңыздар айтады. Онда әл-Фараби музыкада ойнағанда дала бір сәт күңіренсе, енді бірде құстар сайрап, жаймашуақ, көңілді сәт орнайды деседі. Ол ойлап тапқан аспап бүгінде қазақтың ұлттық аспабы домбыра көрінеді.

Ал философ-ғалым Әбдімәлік Бұхарбаев әл-Фарабидің қобызда да ойнағанын айтып: «Шын мәнінде Қорқыт атадан кейін әл-Фараби де қобызды дамытып, оның құлағында ойнаған, көп тілде сөйлеген ғұлама адам болған. Әл-Фараби – қазақ өркениетінің, музыка философиясының негізін қалаған үлкен ойшыл», - деп жазады.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: