Немістің шығыс зерттеушісі А.Мюллер әл-Фараби туралы: “Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек”, - деген пікір айтқан.
Кей ілік іздеген батыс ғалымдары «Әл-Фараби ешқандай жаңалық ашқан жоқ, тек грек ойшылдарының шығармаларын аударды» десті. Мұның жаңсақ пікір екенін шығыстанушы Әшірбек Мүминов: «Фараби Платон еңбегінде айтылатын «идеал қала» теориясын жетілдіріп, оны жүзеге асыруға талпынды. Бұл жаңалық емей немене? Ол кезде Сирияны Хамданидтер династиясы (905-1004 жж.) билеген, Фараби сол елдің әміршісі Сайф ад-Дәуланың (945-967 жж.) алдына барады. Сайф ад-Дәулаға барып, оған өз білімін көрсетеді, өзінің идеяларын жүзеге асырғысы келеді, сарайдағы ықпалды адамдардың бірі болады. Кейін Сайф ад-Дәула Фарабиден алыстай бастайды. Әл-Фараби өз ілімінің оған керек емесін біліп, басқа патшаның қарамағына өтпекші болады. Бұл кезде Солтүстік Африкада Фатимилер (909-1171 жж.) көтерілісі болып, олар өз мемлекетін құруға талпынып жатқан еді. Исмаилидтер идеологиясы Таяу Шығыс билеушілері арасына кең тараған болатын, бұл ілім бойынша мемлекетті біліммен, мәдениетпен, ақыл-оймен басқару керек деген түсінік болған. Сол ұғымдардың негізін салғандардың бірі әл-Фараби еді. Өзінің идеалды қала туралы ілімдерін жүзеге асыру үшін Фараби Димашықтан Солтүстік Африкаға жолға шығады. Ол әр тұлға бақытты болатын қоғамды аңсайды», – деп жеткізеді.
Қорқыт өмір бойы ажалды жеңетін күшті іздесе, әл-Фараби бақыттың кілтін іздеді. Бақытты қалада тұруды армандады. Ол ең соңында: «Бақытқа қолы жеткен адам үшін ең жарастысы – қанағатшылдық жасау», – деп бақытты қанағатпен ғана ұстап тұру мүмкін екенін айтты.
материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,
ummet.kz