25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Абай жолындағы» тарихи шындық пен өтірік

«Абай жолындағы» тарихи шындық пен өтірік

Ұлы тұлғалар
Жарнама

«Абай жолы» кітабы болған оқиғалар негізінде жазылғанымен, көркем шығарма екенін де естен шығармаған жөн. Әрине, Әуезов көптеген оқиғаларды кітабында өмірде болғандай етіп беруге тырысты.

Мысалы, Құнанбай мен Бөжей арасындағы жаулықтың шығу себебін ол өз заманындағы қарттармен әңгімересіп, сөйлесу арқылы анықтады. Сол қалпында кітабында да берді. Кейін осы оқиға туралы деректі Омбы мұрағатынан тапқан ғалым Әлкей Марғұлан таңданысын жасыра алмай: «Абай туралы роман жазушы Мұхтар Әуезов бұл деректерді көрмеген. Сөйтсе де архив деректері мен оның романында айтылған тарихи эпизодтар бір-бірімен қабысып жатыр. Бұған қараған М.Әуезовтің ел аузынан жазып алған әңгімелері өзінің тарихи негізін бергі кезге дейін жоймай, архивте сақталып тұрған деректермен қатар айтылып келгенін көрсетеді», – дейді.

Алайда, романда тарихи шындықтан тыс дүниелер көп еді. Бұл туралы әуезовтанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдан сұрағанымда, ол: «Көркем шындық бар, өмірлік шындық бар. Тарихи өмірлік шындық біткен жерден көркем шығарма басталады. «Абай жолы» – көркем шығарма. Біз Абайға келгенде тарихи шындық пен көркем шындықты айырбастап алдық. Маған салсаңыз, «Абай жолының» төрт кітабының ішінде бірде-бір өмірлік тарихи шындық жоқ дер едім. «Абай жолын» мен де талай оқыдым. Білмей айтып тұрғаным жоқ. Ал көркем шындық тұрғысынан алғанда бірде-бір өтірігі жоқ. Мысалы, Құнанбай образына қатыстысын келтірейін. Біріншіден, Қодар мен Қамқа оқиғасы өткен 1834-1839 жылдардың арасында Абай дүниеге келген де жоқ. Дүниеге келмеген Абай ол оқиғаны қалай көреді? М.Әуезовтің өзі: «Абай Қодар-Қамқа оқиғасын естіген болуы мүмкін» деп жазады. Абайдың естігенінің өзіне Әуезов «мүмкін» деп қарайды. Бірақ көшпелі өмірде, қазақ халқының тұрмысында ол оқиға орын алған.Тарихи шындық екені рас. Ал көркем шығармада ол Абайдай кейіпкерді дүр сілкіндіру үшін керек болып тұр. Әуезовтің ұлылығының өзі осында. Екіншіден, Базаралы мен Абайдың арасына келейік. Базаралы Тәкежанның 800 жылқысын барымталап әкетіп, екі рет жер аударылады. Қаншама сараң бай болса да мал – Тәкежандікі, ұрлап отырған – Базаралы. Сол Базаралыны жер аудартқан Құнанбай емес, Абай. Құнанбай 1851 жылдан кейін билікке қайтып келген жоқ. Аға сұлтан да, болыс та болған жоқ. Жер аудартқан – сол кезде қолына билікті ұстап отырған Абай. Абайдікі дұрыс, өйткені Базаралы – барымташы. Өмірлік шындық осы. Ал көркемдік шындықта бәрі басқаша. Абай мен Базаралының достығы қандай?! Үшіншіден, Қодар – Қамқа оқиғасынан кейінгі үлкен оқиға – Мұсақұл соғысы. Бұл оқиға 1845 жылғы қыркүйектің 10-16-сы аралығында өткен. Ол кезде Абай – әлі қырқынан шықпаған бара. Янушкевич: «Құнанбай жаңа туған баласының іші ауырып, маймен сылатып жазып алды», – деп тамыздың 25-терінде жазған күнделігінде айтқан. Ал, қыркүйектің ортасында Мұсақұл соғысы кезінде «Құнанбай ағайындарына әлденеге ширығып, бізбен тез қоштасып кетіп қалды», – дейді. Ол Құнанбайдың Мұсақұл соғысына кетіп бара жатқан кезі. Қырқынан да шықпаған Абай қалай екі ортаға елшілікке жүреді? Бірақ, бұл – Құнанбайдың басынан өткен оқиға. Әуезов өте күрделі ойлардың өзін қиыннан қиыстырып жазған. Бірінші кітапта Қодар мен Қамқа оқиғасы «шынымен болған» десе, екінші кітапта «болған еді», Сүйіндіктің ойы, Жексен шалдың ойы, бақташының ойы деп ойды кейіпкерлерге бөліп береді. Оқып отырған адам болған, болмағанын өзі түсінбей қалады. Кейін тура осы жерін 10-15 рет оқып, әр сөзін зерттеп, қарап отырдым. Онда Әуезовке ешкім мін таға алмайды. Өйткені, бірде-бір авторлық мәтінде «Қодар-Қамқа оқиғасы болмады» деген сөз жоқ. Басқа кейіпкерлердің ойына салып берген. «Абай жолында» Абай – идеалдық тұлға. Әуезовтің өзі «Мен Абай арқылы идеалдық тұлға, кіршіксіз, толық адам жасағым келді» деген болатын. Сол мақсатына жетті де. Тарихи шындық көркем шындыққа айнала отырып, Абай әр оқиға сайын биікке көтеріле берді. Ойлы оқырман осыны түсіну керек», – деп жауап берді.

Жазушы күнделікті ұсақ-түйек оқиғаларды алса, «Абай жолындай» үлкен дүние тумас еді. Абай туғаннан бұрын болған ірі оқиғаларды оның өмірімен байланыстыра отырып беруі – Әуезовтің шеберлігі еді.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: