25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қажымұқан қажылыққа қалай барды?

Қажымұқан қажылыққа қалай барды?

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Қажымұқан – қазақтың күш атасы. Қажымұқан – заманының алыбы. Қажымұқан – халқымыздың тұңғыш кәсіпқой палуаны. Жауырыны жер иіскемеген батыр бабамыз туралы аңыз көп. Бірақ сол аңыздардың арасынан бізді ең қатты қызықтырғаны – оның қажылық сапары еді. Палуан Мұқан қалай «Қажымұқан» атанып кетті? Расымен қажылыққа барған ба? Мекке-Мәдинаны көзімен көрген бе? Намаз оқыған ба?

Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарында бес уақыт намаз оқып, Аллаға құлшылық еткені айтылады. Палуанның ұлы Айдарханның досы болған, Қажымұқанды кішкентай кезінде көрген Әшімбай Өткелбаев ақсақал: «Қазандағы ет піскенше Айдархан екеуміз гүл теруге кеткенбіз. Келсек, ата төсекте домбырасын шертіп жатыр екен. Ет жеп болған соң ол кісі қорылдап ұйқыға басты. Сізге өтірік, маған шын, қорылынан бүкіл дала гүрілдегендей. Ұйқысынан тұра сала жуынып, намаз оқыды. Құлшылық жасап болып төмен қарай сәл жүгіріп, тоқтады да, атқосшысы жанына сүйрелеп әкеп берген үлкен кір тастарын көтере бастады», – деген естелік айтқан. Осының өзі атағы әлемді шарлаған алып палуанның дінге қаншалықты жақын болғанының дәлелі болса керек.  

О баста Қажымұқанның азан шақырылып қойылған есімі Мұқан екен. Бірақ бертін келе «Қажы Мұқан» атанып, халыққа да солай танымал болады. Палуанға бұл атаудың қалай жалғанғаны жөнінде де түрлі пікірлер бар. Біреулер «Мұқан қажылыққа барамын деп жолға шығып, Түркиядан қайтқан. Содан кейін «қажы» атана басатаған» десе, енді біреулер «Меккеге қажылыққа барғаны рас», – дейді. Біз де соңғы нұсқаға қосыламыз. Өйткені, қазақтың кез келген адамды «қажы» атай бермесі анық. Біздің ойымызша, палуан қажылыққа барған, парызын өтеген, тек кейінгі жылдары Кеңестік идеологияға орай бұл туралы көп айта бермеген. Бұл сөзімізді қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржановтың мына дерегі қуаттай түседі: «Ыстамбұлда атақты түрік палуаны Нұрланы жеңген соң, Шәкір паша мен Имам Баюр Мұқанды құрметтеп қажылыққа шақырады. Сөйтіп үш аптаға созылған керуен Орталық Таврдан, Тигр өзенінің бойымен Бағдатқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Меккеге жетеді. Меккеде құлшылық жасап, Мұқан құдықтан зәмзәм су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырда түнейді. Қысқасы, ол қажылықтың шарттарын түгелімен орындайды. Содан бастап Мұқан деген есімі ұмытылып, Қажымұқан аталып кетеді. Ал «жауырыны жерге тимеген түрік палуанын жеңген соң Мұқанға қажы атағы беріліпті» деген – жалған әңгіме. Бұл сол уақытта қоғамның құбылысын, көзқарасын байқаған палуанның нағыз қажылығын жасырып, себеп тауып, өзінің шығарған «ертегісі» ғой».

Қажылық сапары туралы Қажымұқанның өз аузынан шыққан да сөз бар екен. Палуан ауылдасы Дүйсенбай Елібаевқа: «Балам, мені халық бірінен бірі естіп қана біліп жүр. Атымды да толық білмеген жұрт Әжімұқан деп атап жүр. Менің атым – Қажымұқан. Меккеден келе жатқанымда «Қажы» деген сөзді түріктер қосып, «Қажы Мұқан» атандым», – деген көрінеді. Бұл деректер – Қажымұқанның қажылыққа барғанының анық дәлелі. Өйткені, Жиддаға жарысқа барып тұрған Қажымұқандай адамның Меккеге соқпай кетуі мүмкін емес шығар. Қажылық маусымы болмаған күнде де кіші қажылыққа барған болуы әбден ықтимал. Тек қашан, қай жылы, қандай жағдайда барғанын анықтау – болашақ зерттеушілердің еншісіндегі дүние. 

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: