25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Нағыз мұсылманның сипатына ие әл-Фараби

Нағыз мұсылманның сипатына ие әл-Фараби

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Шығыс пен батысты мойындатқан ғұлама философ, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз», өз заманының ең мықты энциклопедист-ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби туралы кезінде араб тарихшысы Захир ад-Дин әл-Байһақи: “Исламда Әбу Насырға тең түсер адам туған жоқ, оның ілімін қастерлегендер «Екінші ұстаз» деп дәріптеді. Дүниеде төрт ғажап адам болған. Олар: Аристотель мен Александр Афродезейский және Әбу Насыр мен Әбу Әли ибн Сина” деп жазған болатын.

Әл-Фараби туралы толығырақ деректі араб тарихшысы, дәрігер-ғалым Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) береді. Ол: “Әбу Насыр біраз уақыт Бағдадта тұрғанымен, кейінірек Шамға (Сирияға) қоныс аударды, сонда ғұмыр кешіп, соңыра сол жерде шаһид болды. Өзі ақ көңіл, салиқалы, ойлы, жер үстінің уақ-түйек күйбеңін күйттемейтін, азға қанағат, барға тәуба қылған дана-тын. Ол медицина саласында, әсіресе бүйрек ауруының нағыз білгірі еді. Сайф ад-Дин Әбу-л-хасан Әли бин Әбу Әли әл-Амади бірде маған: “Әл-Фараби бірінші рет Димашық (Дамаск) бағының күзетшісі болған. Ол сонда отырып фәлсафамен айналысты. Таңертеңнен кешке дейін соған қарап шұқшиып отыратын. Осы пәннің мағынасының түсінуге қиын жерлерін ашты. Тіпті ол  науқастанып жатып та, түн кездері болса да кітап оқитын, көңіл-күйін кітап оқумен аулаушы еді. Ал киндил (шам) таңға дейін жанып, оған түнгі сақшыдай қызмет ететін. Осылай күндер өте берді. Күндердің күнінде ол ұлы ғалым болды. Тамаша шығармаларымен жұрт назарын өзіне аударды. Оның жанында жүретін көптеген шәкірттері болды”, - деп жазды.

Ал Әбу Насыр алғаш қазы болғанда оның әділдігі сонша, кесіміне мойынсұнбайтын кісі болмапты. Ол нені айтса да анық, дәл білетін қырынан көрінеді екен.

Өзі бұл дүниеге қызықпаған, мансап қумаған. Замандастары оны: «Бойы орташадан төмен, үнемі түркі киімін киіп жүретін» деп сипаттайды. Ибн Халликан әл-Фараби туралы: «Ол дәптерге өте аз жазып, өз ойларын көбінесе жеке парақтарға түсіре беретін болған. Оның көптеген шығармаларының жоғалып кеткені осы бір жайтпен байланысты еді. Оның өз үйі болмаған, ол ешқашан да өз қамын ойламаған, өте қарапайым жан еді. Сайф ад-Дәула оған қазынадан күн сайын төрт дирхам беріп тұруды бұйырған, өйткені әл-Фараби осы мөлшерді қанағат еткен», – деп жазыпты.

Ер мінезді, өр ғалым ешқашан сарай ақыны болмаған. Өзін әмірмен тең ұстаған. Өмірінің соңғы жылдарында жұрттан оқшау ғұмыр кешкен. Әрі өзі саяхатты жақсы көрген екен. Бағдадта 20 жыл тұрғаннан кейін Халебке келіп, кейін Димашыққа тұрақтайды. Оның атақ-даңқына қанық патшалар қандай да бір сыйақы ұсынса, алмаған. Қарапайым ғана киініп, барға қанағат еткен ғалым өзін үнемі жалғыз сезінген дейді деректер.

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: