25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қазақ халқы табиғаттың тынысын жүрегімен тани білген.

Дәстүр даналығы
Жарнама

Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс тіршілігіне арқау етіп, қолдана білген. Солардың бірі – халықтың ауа райын болжау тәсілдері. Қысы-жазы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгендігі сондай, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған.

Жылдың әр айы мен тоқсанында болатын ауа райындағы және табиғат өзгерістері мен құбылыстарын дала халқы әр кез назарына ұстап, оған ат қойып, айдар тағып, баға беріп отырған. Халық арасында аспан әлемі мен жердегі болатын табиғат құбылыстарын ерте болжай білетін адамдар болған. Олар бұлтқа, жан-жануарлар мен жәндіктердің іс-әрекеттеріне, мінезіне қарап күнделікті ауа райын немесе келер қыс пен жаздың қалай болатынын бұрып біліп, халыққа айтып отырған. Мұндай адамды «жұлдызшы» немесе «есепші» деп атаған. Жылдың он екі айындағы табиғат құбылысына байланысты халықтық қағидаларға қалыптасқан болжамдар және олардың атаулары мен реттері әдеттегідей наурыз айынан басталады.

Өлара. Ескі ай бітіп, жаңа ай туғанға дейінгі аралық. Аспанда ай көрінбейтін кезең. Өларадағы ауа райы, туар айда қайталанады деген тәжірибе қалыптасқан. «Өларада жауын-шашын болса, туар айда жауынды-шашынды болады» дейді халық. Бұл болжам әрқашан кетсіз келіп отырған.

Амал. Жыл он екі айда айналып соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен «амал» деп атаған. Яғни жылдың әр мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарының өткінші әрі тосын, аз уақытта болып өтетін өзгерісі мен көрінісін және оның бірнеше түрлерін айтқан. Ұлттық сандық ұғымда жеті амал бар. Олар: 1.  Күннің тоқырауы. 2. Қарашаның қайтуы. 3.  Үркердің батуы. 4.Мұздың қатуы. 5.Киіктің матауы. 6. Қыс тоқсан. 7.Ай тоғамы.

Құсқанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары да ұшып келе бастайды. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел құсқанаты деп атаған.

Аласапыран. Көктемде, наурыз айында, кейде сәуір айында қар күрт еріп, жер лайсаң болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз, қолайсыз мерзімді аласапыран дейді.

Бесқонақ. Жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауынды-шашынды күндер. Бұл – әрі жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт бесқонақтан қатты сақтанып, күтініп отырған.

Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайд ы, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттердегі найзағайдың жарқылын халық: «қызырдың қамшысы шартылдады, қыз кетті» деп есептейді.

Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғады. Бұл – тобылғы бүршік жарды, яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.

Қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала (су) құстары балапанын шығара бастайды. Халық тілінде қызыл  жұмыртқа деп аталатын осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.

Құралайдың салқыны. Мамыр айының аяғында болаты суық жел. Осы желге қарсы киік өз құралайларын (лағын) аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киіктің жаппай төлдеуі 2-3 күннен арыға созылмайды. Киіктің тағы бір айта кетерлік ерекше қасиеті – киік кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмауы осыдан.

Үркердің батуы. Маусым айының басында үркердің мүлде көрінбей кетуі. Кейде мұны  үркердің жерге түсуі дейді. Осыдан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей жер қызбайды» дейді халық жұлдызшылары мен есепшілері.

Қырық күн шілде. Маусым, шілде айында 40 күнге созылатын ыстық. Осы аптапты күндерге орай халық арасында қырық күн шілде деп аталатын халықтық күнтізбелік атау пайда  болған.

Үркердің толғағы. Мал-жанға жайлы кезең, шілде  айының орта кезінде басталады. Бұл кезде үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.  

Таразының тууы. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартады, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайды. «Тараз туса – таң суыр» деген мәтел осындайдан шыққан.

Мизам шуақ. Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Осы кездерде күндіз шуақты күндер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ  мизамдар (өсімдік ұлпасынан пайда болатын, сағым іспетті ақ сілбі) шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді мизам шуақ деп атайды.

Сүмбіленің тууы. Сүмбіле жұлдызының көрінетін мезгілі. «Сүмбіле туса – су суыр» дейді халық қағидасы, яғни қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді, суықты күндер, жауын басталады.

Қарашаның қайтуы. Қараша айында құс жылы жаққа қайта бастайды. Бұл кезде алғашқы қар түседі, күн суықтайды.

Қырбастың қызылы. Желтоқсанның басында болатын алғашқы қар. Қазақстанның солтүстігінде қыс ерте түседі. Бұл кездерде қатты аязды суықтар болады.

Текенің бұрқағы. Желтоқсанның соңғы онкүндігінде қазақ даласында қатты боран соғады. Дәл осы кезде киік күйегі басталады. Бұл 2-3 күн ішінде толық аяқталады. Мамыр айының аяғында киіктердің лақтауы 2-3 күннен әріге созылмауы осыдан.

Күннің таласуы. Халықтың айтуында «күн бой көтерді» дейтін уақыт қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде де ауа райы өзгереді, қар жауады немесе сырғыма жүреді.

Қыс шілдесі. Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. «Тіпу» десе, түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяз болады. Мұны қазақтар «қыс шілдесі» деп атаған.

Бөрі сырғақ. Ақпан айының қысы да ақырып келеді. Ат құлағы көрінбейтін борандар осы айда күш алады. Ай аяғындағы сырғақ пен қатты боранды күндерінде қасқырдың ұйығуы басталады. Сырғақ пен бұршақтан кіші, мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көне көз қариялар бұл амалдың атауы осы бөріге байланысты екенін айтады.

Сейіт Кенжеахметұлының

«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан

Бөлісу: