01
Жұма,
Қараша

һижри

Қазақтың діннен алған ырым-тыйымдары

Қазақтың діннен алған ырым-тыйымдары

Дәстүр даналығы
Жарнама

Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүрімыз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден туындады.

Пайғамбарымыздың кезеңінен бастап бүгінгі күнімізге дейінгі мұсылмандар Алла елшісінің әрбір сүннетін қалт жібермей, іздестіріп, сұрастырып, Оның әрекеттеріне қарай өздерінің іс-қимылдарын белгілеп отырады. Тіпті, қарапайым деп саналатын әдеттерде де Оның (с.а.у.) әрекеттерін қайталаған. Мысалы, үйден шыққанда оң аяқпен шығу, малдас құрып отыру, жатқан кезде оң жағына қарап бір қырымен жату, тіпті әжетханаға кірерде сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу секілді амалдардың бәрі сол Пайғамбарымыздың сүннетінен туындап, үмбеттің өмірінде күнделікті тұрмыстың бір ережесі болып қалыптасып қалған. Ұрпақтан-ұрпаққа осы ережелер бұлжытпай беріліп, тіпті осындай қарапайым әрекеттердің өзіне арнайы кітаптар жазылып, «Алла Елшісі жаңа айды көргенде не дейтін еді?», «Алла Расулының киімі», «Алла Расулының сәлемдесуі» деген сияқты әрқайсысы бір-бір тақырып ретінде кей- інгі ұрпаққа өзгеріссіз жеткен. Дүние жүзінде Аллаға құлшылығынан бастап, мінез-құлқы, адамгершілік қасиеттері, саясаты, әкімшілік басқару істері, тәлім- тәрбиесі, әлеуметтік жұмыстары, әскери шаралары секілді әмбебап іс-әрекеттері мен жеке басына қатысты қарапайым амалдарына дейін үлгі ретінде ұсынылып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, әрбір іс-әрекетіне дейін қайталанып келе жатқан Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у.) басқа ешқандай жан жоқ.

Біздің қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген ата-баба мұраларының көпшілігін бабаларымыз сол кезеңдерде «сүннетті ұстану» ниетімен қалыптастырған. Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным- сенімдеріміздің хадис және сүннеттермен үндесіп жатуында. Енді осы үндестіктердің кейбіреулеріне тоқтала кетейік:

1. Әрбір істің бастауында «Бисмилла» сөзінің айтылуы. Бұл әдет мына хадистен туындаған: «Бисмиллаһпен басталмаған әрбір істің соңы келте». 

2. Тағамды оң қолмен жеу және әркімнің өз алдынан жеуі. Бұл әдет халқымыздың тәрбие шарттарына сіңіп, ұрпақтан-ұрпаққа үйретіліп отырған. Бұл да − Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті. Сахаба Амр б. Әби Сәләмә былай дейді: «Бала кезімде Расулалланың бөлмесінде отырған едім. Тамақ жеген кезде қолымды табақтың әр жеріне жүгіртетінмін. Сонда Расулалла маған: «Балам, тамақты «бисмилламен» баста және оң қолыңмен өз алдыңнан ғана же», – «Тамақ жеген кезде оң қолыңызбен жеңіз, су ішкен кезінде де оң қолмен алып ішіңіз. Себебі, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді»,− деген хадисі бар.

3. Тамақты және шайді үрлеп ішпеу. Бұл әрекеттің де сүннеттен бастау алғанын: «Расулалла (с.а.у.) тамақты және ішетін нәрселеріңізді үрлеп ішуге тыйым салды», − деген хадистен көреміз.

4. Түнде тағамдардың бетін ашық қалдырмау. Тіпті, халық сенімінде түнде беті ашық қалып кеткен тағамды жеуге болмайды, себебі оған шайтанның аузы тиген деген пікір қалыптасқан. Бұл туралы Хақ Елшісі (с.а.у.): «Қараңғы түсе бастаған кезде балаларыңызды сыртқа шығармаңыздар. Себебі, сол кезде шайтандар шыға бастайды. Түн болған кезде сыртта жүрген балаларыңызды үйге кіргізіп, «бисмилла» деп есіктеріңізді жабыңыздар. Себебі, шайтандар жабық есіктерден кіре алмайды. «Бисмиллаһ» деп табақтарыңыздың үстін де жабыңыздар. Шырақтарыңызды сөндіріңіздер», − деген.

5. Тамақтан кейін бата қайыру. Халқымыз «бата» (Құранның бірінші сүресі Фатихадан шыққан) сөзін дұғаның орнына қолданған. Ардақты Пайғамбарымыз да тамақ жеп болған соң үнемі Аллаға мадақ айтып, шүкірлігін білдірген.

6. Бата жасағанда екі алақанды жаю. Халқымыз бата қайырғанда екі алақанын жайып бата жасайды. Олар бұл әрекеттерімен өздерінің Алла Елшісінің: «Аллаға дұға еткенде алақандарыңды ашып дұға ет, қолыңды теріс қаратып дұға жасама. Дұғаны бітіргенде алақаныңмен бетіңді сипа», − деген сүннетін ұстанғандарын көрсетеді.

7. Батадан кейін «әумин» деу. Пайғамбарымыз: «Адамдар бір жерге жиналғанда біреуі дұға жасап, қалғандары «амин» десе, Алла оларға міндетті түрде жауап береді (дұғаларын қабыл етеді)», − деген.

8. Жатып тамақ жемеу. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Мен бір жағыма қисайып жатып тамақ жемеймін», − деп айтқан хадисі бар.

9.Нанды жерге тастамау, оны құрметтеу, жерге түскен нанды алу, нанның қиқымын баспау, нанды бір қолмен бөлмеу. Халқымыздың нанды құрметтеуі, жерге түскен қиқымды да баспай, жоғары көтеріп қоюы Пайғамбарымыздың: «Нанды құрметтеңіздер. Себебі, ол жер мен көктің берекеті», − деген өсиетінен туындағаны анық.

10. Ыдысқа құйылған тамақты тауысу. Халқымыз тамағын жартылай тастағандарға «Жаманнан жарты қасық ас артылады» деп ескерту жасап жатады. Ал бұл түсінік Пайғамбарымыздың: «Сендер тамақтың қай жерінде берекет бар екенін біле алмайсыңдар. Олай болса бір бөлшегі жерге түсіп қалса, оны да алып, тазалап жеңдер, қалғанын шайтанға тастамаңдар...», − деген сүннетінен екені мәлім

11. Дастарқан басынан ас жиналмай жатып тұрып кетпеу. Алла Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Дастарқан жайылып, тамақтар әкелінсе, дастарқан жиналғанға дейін ешкім дастарқан басынан тұрып кетпесін».

12. Тамақтан бұрын және кейін қол жуу. Алла Расулы: «Тамақтың берекеті – алдында және кейін қол жууда», − деген

13. Шелек сияқты үлкен ыдыстарға аузын батырып су ішпеу. Имам Бухари жинақтаған хадистердің бірінде: «Хазірет Пайғамбар шелек және бөшке сияқты нәрселерге аузын батырып су ішуге тыйым салды»,− делінген.

14. Көз тию. Халқымыздың наным-сенімдерінің ішінде көз тию, көз тиген адамның ауыратыны, көз тиюмен ауырған адамды оқыту секілді сенімдер бар. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Көз тию – ақиқат нәрсе», − деген. Алла Елшісі мұндай жағдайда кейбір дұғалардың оқылуын насихат еткен.

15. Есінеген кезде ауызды жауып есінеу. Пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде: «Есінеген кезде аузыңызды қолыңызбен жабыңыз. Себебі, шайтан осы сәтте адамның ішіне кіреді», − делінген.

16. Күнмен таласып ұйықтамау. Үлкендеріміз үнемі жастарға күнмен таласып, күн шығарда немесе күн батарда ұйықтауға болмайтындығын ескертіп жатады. Бұл жайында Алла Елшісі мұсылмандарға: «Күн шығарда ұйықтау – мең-зеңдік, ортасында ұйықтау – әдеп, күн батарда ұйықтау – ақымақтық», − деп қатаң ескерту жасаған.

17.  Қолды жуғаннан кейін сілкілемеу. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қолын жуғаннан кейін қалай кептіргені жайында сахаба Қайс б. Са‘д былай дейді: «Расулалла (с.а.у.) біздің үйімізге келді. Тамақтан соң қолын жуу үшін су әкелінді. Пайғамбарымыз қолын жуған соң оған орамал ұсынылды. Ол орамалды алып қолын сүртті». Мұсылман ғалымдар осы хадисті негізге ала отырып қол жуып болған соң қолды сілку мәкрүһ деген. Хазірет Пайғамбардың сүннетін қалт жібермеуге тырысқан үмбет қол жуғаннан кейін сілкілемей, орамалмен, сүлгімен сүртіп, құрғатуды жөн көрген.

18. Ақ шашты жұлмау. Халқымыз шаштың арасында пайда болған ақ шашты жұлуды дұрыс көрмеген. Ал бұл жайында Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Хазіреті Пайғамбар мұрт, сақал және шаштағы ақ қылдарды жұлуға тыйым салды», − делінген.

19 . Қайтыс болған адамдардың жамандықтарын сөз етпеу. Бұл мәселеде ардақты Елші (с.а.у.): «Өлген адамдарыңыздың жақсылықтарын еске алыңыздар, жамандықтарын айтудан қашыңыздар»,− деп тыйым салған.

20. Қолды жерге тіреп отырмау. Сахаба Шәрид б. Сууәйд: «Мен сол қолымды арқа жағыма алып, алақаныммен жерге тіреп отырған кезімде Расулалла (с.а.у.) жаныма келіп: «Алланың лағнетіне ұшырағандардың (яһудилердің) отырысындай етіп отырсың ба?» – деді»,− деген. Сондықтан үлкендеріміз жастарға үнемі «жерді таянба» – деп ескерту жасап отырған.

материал «Хадис - ғұрпымыз, сүннет - салтымыз» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: