25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Сәлем – сөздің атасы»

«Сәлем – сөздің атасы»

Дәстүр даналығы
Жарнама

Халқымыздың қастерлі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары асыл дініміз Исламмен астарласып жатыр.

Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімнің қайнар көзі – қасиетті Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с) сүннеттері. Әлемге Ислам жарығы шуақ шашқан кезден бүгінгі күнімізге дейін мұсылмандар Пайғамбардың (с.ғ.с) әр сөзін қалт жібермей, іздестіріп, сұрастырып, Оның әрекетіне қарай өздерінің іс-қимылдарын белгілеп отырды. Тіпті пайғамбардың қарапайым деп саналатын әдеттерін де айнытпай қайталаған.

Мысалы, бір тізерлеп отыру, жатқан кезде оң жағына қарап бір қырымен жату, ол түгілі әжетханаға кірерде сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу секілді амалдардың бәрі де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінен туындап, үмбетінің өмірінде күнделікті тұрмыстың ережесі болып қалыптасып қалған.

Ал күнделікті өміріміздің айнымас бір бөлігі жəне мұсылман мен мұсылманның тіпті адам мен адамның қарым-қатынасын жақсартатын сөз атасы – сəлем сөзіне тоқталып өтер болсақ, «Əссәләм» - Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сондықтан да сәлем беруші артық сауапқа ие болады.

Қасиетті Құранды ашсақ, мынадай әдемі аятқа көзіміз түседі: «و إذا حييتم بتحية فحيوا بأحسن منها أو ردوها», яғни бұл: «Егер сендерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар», - деген мағынада. («Ниса» сүресі, 86 аят)

Ал, ардақты Елшінің (с.ғ.с.) хадистерінің мəтіндерінде сәлем жайлы не айтылғаннына бір құлақ түрейікші, екі дүние Сардары Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендер толық иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар, бір-бірлеріңді сүймейінше толық иман келтірген болып саналмайсыңдар. Өзара сүйіспеншілікті арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесуді жайыңдар!», - деген болатын.

Басқа хадисте егер сәлеміңді қарсы жақ алмаса, бәрібір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелердің алатындығы баяндалады. Сенің әрбір сәлеміңді періштелер қабылдайды деген сенімді жүрегіне ұялатқан бабаларымыз кісісі жоқ иен үйге кірсе де «Əссəлəму алейкум» деп сәлем берген.

Кездескенде кезде қол алысып амандасу-сүннет амалдарына жатады себебі сахабалар осылай жасайтын. Әнастан (р.а.): «Алла  елшісінің сахабалары қол алысатын ба еді?», - деп сұрағанда ол: «Ия», - деп жауап берген. (Бұхари).

Қол алысу оң қолмен жасалады әрі қол алысып амандасу кезінде екі мұсылманның жасаған күнәлары кешіріледі. (Бұған Әбу Дәудте келген сахих хадис дәлел.)

Ал егер де жалпы жиын немесе көп адамдарға кезіксе, қол алыспайды, бәлкім, «Әссәләму аләйкум» деп, жалпы сәлем жолдаса да болады.     

Әбу Һурайра(р.а): Алла Елшісі (с.ғ.с): «Көліктегі адам жаяу адамға, жаяу адам отырған адамға, қатарында кісі саны аз топ өздерінен әлдеқайда қарасы мол топқа бірінші болып сәлем береді», - деген сөзін жеткізеді.  Имам Бұхаридың риуаятында: «Жасы кіші болған жасы үлкенге сәлем береді», - делінген.      

Әлбетте, сәлемдесу әуелі адамды кішіпейілділікке тәрбиелейді және сәлем беру  - адамға жақсылық, есендік, саулық тілеу дегенді білдіреді.

«Екі мұсылман баласы кездескенде, олар бір-бірімен амандасып, қол алысқанда, Алла Тағала оларды осы сәтте бір-біріне тілеген тілек-дұғаларын қабыл алады. Қолдар ажырамай жатып күнәларын кешіреді», - деген хадистер Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с) үмбетін береке-бірлікке, достық, татулық, бауырмалдылыққа, кішпейілділікке, жарқын жылы жүзділікке тәрбилеп қана қоймай сәлемдескен кезде әсіресе, арнайы таза ниетпен бірінші сәлем берген адамдар күнәларынан арылып, сауапқа кенелетіндігін айтып сүйіншілеген.  Сондықтан білімді де дана бабаларымыз балаларына жастайынан үлкендерге «Əссəләму алейкум» деп сәлем беріп, қол ұсынуды, кішпейіл болуды үйреткен.

 «Бармасаң, көрмесең жат боласың» дейді халық даналығы. Алыс-жақындағы ағайын-туыс, абысын-ажындар жолының, жасының үлкен-кішілігіне қарай сәлем беру үшін барысып-келісуі, «оның алдымен маған келіп сәлемдесетін жөні бар еді» - деп үлкендердің бір туысқанын күтіп отыруы, келіп сәлем берген ретте балаша мәз болып қуанып, «менің жиенім, нағашым, немере туысым, бәленше-түгеншем алыстан арнайы сәлем беру үшін келіпті» - деп ауылдастарын шақырып бата тілеп, ас беру, келген бұйымтай шаруасын сұрау, қалағанын беру секілді қалыптасқан ізгі дәстүрлеріміздің Аллаға шүкір, әлі де сарқыншағы бар.

Ізгі сәлемдер молайған жерде имандылық күшейіп, адамдар арасындағы достық, туыстық қатынастар нығая бермек. Халқымыз «бір көрген – біліс, екі көрген таныс, үш көрген – туыс» - деп айтқанындай бір рет сәлемдесіп, білісіп-танысқан адамдар екіншісінде жақыннан танысып, үшінші ретте туысқан ағайындарша жарқырап амандасып мəз- майрам болуды жазсын!

Алла баршамызға бір- бірімізбен шын ықыласпен амандық сұрасып, береке-бірлігімізді арттырып , Алланың разылығы мен мол сауапқа бастайтын туыстық қатынас құруды нәсіп етсін! Әмин. 

Дәурен Рымбекұлы

«Нұр Астана» мешітінің қызметкері

Бөлісу: