25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ұлт мәдениетінің бір бұтағы

Ұлт мәдениетінің бір бұтағы

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қазақ халқы аса бай мәдениетке ие. Көшпенді ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінен ғасырлар сарыны еседі.

Ұлт мәдениетінің бір бұтағы ол қазақтың ырымдары мен тыйымдары болып табылады. Қазақ ырымдарынан жақсылыққа ұмтылу мен өмірге оң көзқараспен қараудың небір үлгілерін көреміз. Ата-бабаларымыз болашаққа сеніммен қарай білген. Алдағы жарқын күнге үмітпен көз жүгірткен.

Ұлтымыздағы жағымды ырымдар адамның өмірге құлшынысын арттырып, көкейге болашаққа деген сенім ұялатады. Мысалы: Оң көзін тартса, қуанасың; Оң құлағын шуылдаса, біреу мақтап жатыр; Оң алақаның қышыса,амандасасың, атың есінесе жолың болады, шашалсаң май қабасың яғни дәмді ас ішесің, нәресте еңкейіп, жол қараса үйге қонақ келеді деген ырымдарды осындай жақсы бағыттағы ырымдарға жатқызуға болады.

Ырымдардың бір парасында тәрбиелік маңызы бар ырымдар кездеседі. Нанның қиқымын жесең - бай боласың, пышақты жүзін шалқасынан қаратып қойма - сол үйдің малы пышаққа ілінеді, нанның үстін баспа; тұзды төкпе, жатқан кісіні аттама; үлкенге қарап керілме, табалдырық баспа, бейуақытта ұйықтама, есік керме,тізеңді құшақтама деген ырымдар адамды тәрбиеге баулиды.

Жаман ырымдарды жамандықпен байланыстырған. Қазақ бос бесікті тербетпеген. Балалы болмайсың дейді, таяққа сүйенбе дейді, қаза , қайғы шақырасың деген.

Бұлардың қай-қайсысында да тағылым мен тәрбие бар. Астарына үңілсеңіз ғибрат көреміз. Ырым салтқа-дәстүрге байланысты. Ырымдар дініміз исламмен астасқан. Қазақтың ырымдарында Аллаға серік қоспаған. Ата-бабаларымыз Алланың тура жолынан таймаған

Асыл дініміздің қайнары қасиетті Құранда «Ниса» сүресінің 48-аятында: «Алла Тағала өзіне ортақ қосуды кешірмейді. Бұдан өзге қалаған кісісін кешіреді. Аллаға ортақ қосса, расында жала қойып, зор күнә болады», – делінген жолды бабаларымыз берік ұстаған.

Ырымдардың жақсы бағыттағы түрлері шариғатқа қайшы емес. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген асыл сөз бар. Адамға айтқан жақсы сөзге «Әмин, айтқаның келсің» - деп жауап беріп, ізгі ниет білдірсе еш қайшылығы жоқ. Бұл туралы Алла елшісі: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жаназаға барғанда жақсы нәрсе айтыңдар. Шынында, періштелер айтқандарыңа «әмин» деп тұрады» деген.

Алла Елшісі (с.ғ.с)жақсы сөзді ерекше бағалағандығын тағы да «Сахих Бухари» атты хадис кітабындағы мына бір риуаятынан біле аламыз. Онда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Исламда Тияра жоқ (طِيَرَةٌ-жаман ырымға балау жоқ). Ең жақсысы - Фә’л (فَأْل)»,- деген. Сонда қасындағылар: «Фә’л деген не?», - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Ол сендердің әрбіреуіңнің еститін - жақсы сөз» - деді.

Яғни ислам жақсылықтың жаршысы, ізгі ниеттің қайнары десек, ырымдарымыздың астасып жатқандығын байқаймыз.

Ырымдарда тағылым бар екендігін осындай мысалдар арқылы көз жеткізе аламыз.

Ибраһим қажы Қарнақбайұлы

Өскемен қаласы 

Бөлісу: