Қасиетті Құранда мынадай бір аят бар:
فصل لربك و أنحر
«Сондықтан Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал»
Раббыңа құлшылық ет. Ол сені өз нығметімен қадірлі етті. Сені шарапатты етіп, адамдардың міндетінен құтқарды. Алла Тағаладан басқаға құлшылық ететін қауымға қарамай, құрбандықты Алла ризашылығы үшін және Алла атымен шал.
Құранда:
قل إن صلاتي ونسكي ومحياي ومماتي لله رب العالمين لا شريك له وبذلك أمرت وأنا أول المسلمين
Мағынасы: «(Ибраһим!) Расында менің намазым мен құрбандығым, өмірім мен өлімім әлемдер Раббысы Аллаға. Оның серігі жоқ. Осыған мен әмір етілгенмін. Және мен мұсылмандардың біріншісімін, деп айт», - делінген.
Кәусардың бірінші аятында Алла Тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.): саған бұл дүние мен ақыретте кәусар және басқа нығметтерді мол етіп жақсылық бергеніміздей, сен парыз және нәпіл намаздарыңды ықыласпен оқы, құрбандығыңды тек Жалғыз Алла үшін шал. Тек Жалғыз Алла атын атап шал, - дегенді білдіреді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) осы аятқа сай әуелі айт намазын оқып, сосын құрбандығын шалатын да:
من صلى صلاتنا و نسك نسكنا فقد أصاب النسك, و من نسك قبل الصلاة فلا نسك له.
Яғни: «Кімде-кім біздің намазымызды оқып, біздей құрбандық етсе, құрбандықты дұрыс атқарған болмақ. Ал, намаздан алдын мал шалса, ол құрбандық емес», - дейтін.
Құрбан айттан алдынғы күнді арапа деп атаймыз. Яғни, сол күні қажылар арапа жотасында тұрып дұға-тілек жасап, ғибадат етеді. Арапа күні нәпіл ораза тұту құптарлық амал. Қажылыққа шықпаған мұсылман баласы арапа күні ауыз бекітіп ораза тұтуы сауапты іс. Әбу Қатада риуаят еткен хадисте:
صوم يومَ عرفةَ يُكَفِّرُ سنتَيْنِ ماضية و مستقبلة...
Мағынасы: «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат болады...», деп айтылған. (Насаи және Ахмад)
Бұл хадистің мағынасы арапа күні ораза тұту өткен жыл жасалған қате кемшіліктерге кәфәрат болады және бұл ораза ауыз бекітуші мен келер жылдың қате кемшіліктері арасында тосық болып тұрады дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, Арапа таң намазынан төртінші күннің екінді намазына дейін такбир ташриқ айту уәжіп. Барлығы 23 такбир ташриқ болады. Бұл амалдың уәжіптігі Құранда:
واذكروا الله في أيام معدودات
Мағынасы: «Санаулы күндерде Алланы зікір етіңдер...» (Бақара сүресі, 203-аят), - деп айтылған. Тәпсірде бұл аят: такбир ташриқ жайлы деп айтылған. Хазіреті Әли бин Әбу Толиб (р.а.): Тек елді-мекен мешітінде немесе үлкен қалада ғана жұма, такбир ташриқ, ораза айт, құрбан айт оқылады, - деген. Ташриқ сөзін Әбу Ханифа (р.а.): такбир деп түсіндірген. Әбу Юсуф және Мұхаммед (Алла Тағала екеуіне де рақымет етсін): бұл тәкбір – бес уақыт намаз мойнына парыз болған әрбір мұсылманға уәжіп. Өйткені тәкбір ташриқ намазға қатысты, сондықтан намаз оқитын адамға міндетті болмақ, - деген. Бұған дәлел ретінде Хаммадтан, ол Ибраһимнен, ол Абдулла ибн Масғұдтан жеткізген риуаяты. Риуаятта: Абдулла бин Масғұд ташриқ күндері бес уақыт намаздан кейін тәкбір айтатын. Ол арапа күнінің таң намазынан бастап, құрбандық күнінен кейінгі күннің екіндісіне дейін айтатын. Сосын тоқтататын. Оның (Абдулла бин Масудтың (р.а.) такбирі: Аллоһу Акбар, Аллоһу Акбар, лә иләһә иллә Аллоһу, уа Аллоһу Акбар. Аллоһу Акбар, уәә лилләһил хамд,-еді. Бұл дерек Асъад Мұхаммад Саъид әс-Сағиржидің «Фиқһул ханафи уә әдилләтуһу» кітабында айтылған.
Такбир ташриққа қатысты мынадай риуаят бар: Алланың досы Ибраһим (ғ.с.) жалғыз ұлын Алла ризашылығы үшін құрбандық етуге бұйырылады. Ибраһим (ғ.с.) баласын құрбандыққа шалмақ болып жатқанда, Жәбірейл (ғ.с.) жәннаттан құрбандыққа қошқар алып келе жатады. Уахи әкелуші періште Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) пышағын қолына ала бергенде кешігіп қалмайын деп, көктен түсіп келе жатып-ақ: Аллоһу Акбар, Аллоһу Акбар,-деп белгі берді. Мұны естіген бала Исмаил (ғ.с.): лә иләһа иллә Аллоһу, уа Аллоһу Акбар,-дейді. Сынақтан өткенін білген Ибраһим (ғ.с.): Аллоһу Акбар, у лилләһил хамд,-деген екен. Бұл риуаят Тахтауидің Хашия ъалә Марақ кітабында көрсетілген. Біз де, жамағат болып, 23 бес уақыт намаздың парызынан кейін такбир ташриқ айтамыз.
Айт намазын оқитын жерге (мешітке) дейін дауыстап такбир айтып бару сүннет. Нафиъ, ол Ибн Омардан: ол екі айт күндерінде де мешіттен айт намазын оқитын орынға жеткенше такбир айтып барады,-деген риуаят жеткізген.