25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мәулітті тойлауға бола ма?

Мәулітті тойлауға бола ма?

Мақалалар
Жарнама

Мәуліт – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін атап өту рәсімі. Бұл мереке һижри жыл санағы бойынша рабиғул әууәл айының 12-ші жұлызына сай келеді. Оны толық бір ай бойы тойлауға болады. Мұнда мәуліт шәріп жырынан үзінділер, салауат және дұғалар оқылады. Мәулітте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны, ахлақ-әдебі жайында уағыз-насихаттар айтылады. Сондықтан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәулітін тойлау мұстаһаб болып саналады.

Ибн Аббастан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келген кезде яһудилердің ашура күні ораза ұстағандарын көреді. Олардан «Не үшін осы күні ораза ұстайсыңдар?» деп сұрайды. Олар: «Бұл – перғауынды суға батырып, Мұсаны құтқарған ұлы күн. Біз Аллаға шүкіршілік ретінде осы күні ораза ұстаймыз» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы күні ораза ұстады әрі басқаларға да ораза ұстауды әмір етті»[1].

Аллаға шүкіршілік – ораза ұстау, садақа беру, Құран оқу секілді құлшылықтармен жүзеге асады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – Алла Тағаланың жаратылысқа берген нығметтерінің ең ұлысы. Өйткені онымен ислам, иман, жаннат және тозақ отынан құтылу хабары келді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туғанына қуанышын білдіріп атап өту, кедейлерді тамақтандыру, уағыз-насихат айту – бұлардың барлығы Алла Тағала разылығына жетелейтін шүкіршілік амалдар. Алла Тағала Құранда:

لَقَدْ مَنَّ اللهُ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ إِذْ بَعَثَ فِيهِمْ رَسُولًا مِنْ أَنْفُسِهِمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَإِنْ كَانُوا مِنْ قَبْلُ لَفِي ضَلَالٍ مُبِينٍ

«Бұрын анық адасуда болса да, оларға аяттарын (Құранды) оқып, оларды (күпірліктен) тазартып, Кітап (Құран) пен даналықты (сүннетті) үйрететін бір елшіні өз араларынан жіберуі арқылы Алла мүміндерге зор нығмет берген еді»[2], – деген.

Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің туған күнін ұлы санап, шүкіршілігін оразамен білдірген. Әбу Қатададан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүйсенбі күнінің оразасы жайлы сұралғанда: «Ол күні мен дүниеге келдім және осы күні маған уахи түсірілді»[3] – деп жауап берген. Ғалымдар жоғарыдағы аталған хадистерге сүйене отырып, мәулітті атап өтуге болады деген[4].

Кейбір адамдардың мәулітті бидғат санап, оны сәлаф (сахабалар, табиғиндер, оларға ергендер) ғалымдары істемеген деген сөздері тыйым салуға дәлел болмайды. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі жақсылыққа алып баратын істі «сүннет» деп атап, оны істеген адамға сауап жазылатынын айтты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Исламда «суннәту хәсана» жақсы жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса), ол адамға сол істің сауабы және өзінен кейін оған амал еткен барлық адамдардың алатын сауабындай сауап жазылады. Ал кімде-кім исламда жаман жол бастаса, ол адамға сол жолдың күнәсі және өзінен кейін сол жолмен амал еткен барша адамдардың күнәсындай күнә жазылады»[5], – деді.

Бұл хадистегі «суннәту хәсана» – шариғаттың қағидаттарына, діннің негізіне қайшы келмейтін ізгі амалдардың барлығын қамтиды. Бұған Омардың (р.а) адамдардың барлығын бір имамның артына жинап, тарауық намазын оқытуы, Усман бин Аффанның (р.а.) Құранды жинақтағаны, жұма намазына екінші азанды қосқаны т.б. дәлел болады.

Мәулітті атап өтуді Ибн Хажар Асқалани, Хафиз Суюти, Абдулла ибн әл-Хажж, Хафиз әс-Сәхауи, Хафиз әл-Қастәләни, Хафиз Ибн әш-Шәмә, Ибн Хәжәр әл-Һәйтәми сынды т.б. батыс пен шығыс ғалымдары құптаған[6]. Сондықтан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәулітін атап өту шариғатқа қайшы емес.      

Бауыржан Абдуалиев

Шариғат және пәтуа бөлімі


[1] Бұхари, Муслим.

[2] «Әл-Имран» сүресі, 164-аят.

[3] Муслим, №1162.

[4] Ибн Рәжәп Ханбәли, Ләтәифу әл-Мәғарифу фимә ли мәуәсими әл-әми минәл-уәзәифи, 98. Али Жұма, Әл-Баян, 169-174.

[5] Муслим, №1017.

[6] Әс-Сюти, әл-Хәуи лил-фәтәуа, 1/181-189. Мулла Али Қари, әл-Мәуруд әр-Роуи, 307.  Әл-Қастәләни, әл-Мәуаһибу әл-Ләдуния, 1/148. Ибн әш-Шәмә, әл-Бәис әлә инкәри әл-бидғи, 1/23-24. Әл-Һәйтәми, әл-Фәтәуә әл-Хәдисия, 202. 

Бөлісу: