25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Айыпты ашқаннан жапқан жақсы

Мақалалар
Жарнама

Расында ең ауыр күнәлардың бірі ол – өзге мұсылман бауырыңның айыптарын жария ету. Сондай-ақ, кемшілікке бой алдырған адамның кемшіліктерінің жария болуына қуану да сөзсіз күнә болып есептеледі.

Осындай адамдарға байланысты ислам ғұламалары: «Олар лағінет шайтандарға жәрдемдесушілер», – деп қатты ескертіп айтады.  Ал енді, бауырының айыптарымен айналысқан бейбақ адамның істеген ісіне шайтан әсіресе қуанады. Өйткені, шайтанның негізгі мақсаты – әлгі жария етіп жүрген адамның қияметте Алла Тағаланың жасыруынан айырып, масқара ету. Осыған байланысты, сахих хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла қияметте оның айыбын жасырады»[1], – деп айтқандығы туралы келтіріледі. Тағы басқа бір хадисте: «Егер Алла Тағала құлының күнәсін осы дүниеде жасырса, оны ақыретте де жасырады»[2], – делінген.

Бірде Осман (р.а.) халифаға бір кісі келіп: «Йә, мүминдердің әміршісі! Бір кісілердің жиналып алып, біреудің кемшілігі туралы талқылап отырғандарын байқадым. Олар не деп жатыр екендігін білу үшін жақындай бергенімде, олар орындарынан тұрып, жан-жаққа тарқап кетті», – дейді. Сонда Осман (р.а.) Алла Тағаланың бір мұсылманның айыбын басқаға естіртпей жасырғаны үшін Алланы мадақтап, риза болғандығынан бір құлды азат етеді.

Кейде кейбір адамдардың құлақтары суды сорып алатын сорғыш[3] сияқты болып келеді. Айтылған сөздердің бірін де қалдырмай мұқият естіп, есіне сақтап алады. Кейін сол екі адамның арсында ғана мәлім болған айтылған сөздерді, ол екеуінің бірі басқа біреулерге айтып жеткізіп жатады. Алайда, бауырының айыптарын өзгеге жеткізіп жатқандығын ескере бермейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында хадисте: «Әй, тілімен иман етіп, (бірақ) иманы жүрегіне бойламағандар! Мұсылмандарға зиян келтірмеңдер, олардың ар-намысына тимеңдер, әуретін[4] аңдымаңдар. Себебі, кімде-кім мұсылман бауырының қателесуін іздеп аңдыса, Алла оның әуретін іздейді. Ал, Алла кімнің әуретін іздейтін болса, ол қайда барып жасырынса да, масқарасын шығармай қоймайды»[5], – деген.

Басқа біреудің айыптарын жария етудің тағы бір қауіпті тұсы ол – тағылған айыптың оның бойында болмай қалуы. Бұл одан бетер ауыр күнә болып саналады. Өйткені, бауырыңның бойында жоқ нәрсені онда бар деп айту, жала жабу дегенді білдіреді. Құран Кәрімде Алла Тағала мүмин-мұсылмандарды, өзге туралы күмән келтіруден, өзгені ғайбаттаудан, сыр тексеруден тыйған: «Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер»[6], – деп келеді.

Бірде түннің бір уақытында халифа Омар (р.а.) мен Абдурахман ибн Ауф (р.а.) сахаба екеуі Мәдина қаласының көшелерін кезіп, елдің жағдайын білуге шығады. Сонда, кенеттен бір үйдің тұсынан өтіп бара жатып, үй ішінен жағымсыз дауыстар естіле бастады. Халифа үйден шығып жатқан дауыстарды сәл тыңдап тұрып: «Абдурахман, бұл кімнің үйі екенін білемісің?», – деп сұрайды. Абдурахман: «Жоқ, білмедім», – деп жауап береді. Омар халиф: «Бұл үй ... деген кісінің үйі. Түннің бір уақытында мас болып, айқайлап жатқандарын көрмеймісің. Қалай ойлайсың, бұларға қандай жаза қолдансақ екен?», – дейді. Сол кезде Абдурахман Омар халифаға: «Менің ойымша оларға жаза тағайындайтын біз емес». Омар (р.а.) одан «Не үшін?» деп сұрайды. Абдурахман (р.а.) болса: «Жаратушымыз адамдардың айыбын жасыруды бұйырды. Ал, біз болсақ түннің бір уақытында үйінің ішінде отырған адамдардың айыбын аңдып жүрміз. Соған қарағанда жазаға лайықты болған екеуміз сияқтымыз», – дейді. Халифа Омар (р.а.) Абдурахманның айтқан сөздеріне біраз ойланып барып, артынша қолын Абдурахманға (р.а.) созып: «Ұста қолымнан! Тез бұл жерден кетейік. Әйтпесе біз оларды емес, олар бізді жазалайтын болады», – деген екен.

Айыпты жария етудің тағы бір көрінісі – қайсыбір мүмин-мұсылманның өзінің кезіндегі жасап қойған қателіктері мен айыптарын өзгелерге айту. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл туралы хадисте: «Үмметімнің барлығы кешіріледі. Тек (күнәлары туралы) жария қылғандардан басқасы. Жария еткендердің қатарында: бір кісі түнде күнә іс істеп, Алла оның істеген күнәсін жасырады. Ал, таңертең ол кісі: «Әй, пәленше. Мен мынандай күнә іс істедім», деп айтады. Негізі ол кісінің күнәсін Алла түнде жасырған еді. Таңертең болғанда ол Алланың жасырғанын (өзі) жария етеді»[7], – делінеді.

Әсілі, өзгенің айыбын жариялаушы адам екі адам арасында немесе қоғам ішінде жік салып, іріткі тудыруды қалайды, әрі ол Алланың ісіне қарсы шығушы болып табылады. Ондай адамдарға қатысты Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында сондай мүміндердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге; дүние, ақыретте күйзелтуші азап бар. Алла біледі. Сендер білмейсіңдер»[8],– деп ескерткен.

Сондықтан, өзгенің айыбын ашқаннан, жапқан жақсы, және қай кезде де абыройлы амал болып қала беретіні сөзсіз. Басқа бауырының кемшіліктерін жасырған мүмин-мұсылманның Алла алдында, адамдар арасында да әрқашан жүзі жарық болмақ!

Дайындаған: Берікбол Мергенбайұлы


[1] Тирмизи.

[2] Мүслим.

[3] Губка.

[4] Айыптары, кемшіліктері.

[5] Тирмизи, Табарани.

[6] «Хужурат» сүресі, 12-аят.

[7] Бұхари, Мүслим.

[8] «Нұр» сүресі, 19-аят.

Бөлісу: