25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дінді үйреніп жүргенде мына қателіктерден сақ болыңыз

Дінді үйреніп жүргенде мына қателіктерден сақ болыңыз

Мақалалар
Жарнама

Тарихымыздың 300 жылға жуық отарлық кезеңінде ұлтымызға қарсы жүргізілген қитұрқы саясаттың кері салдары бүгінгі күні анық, айқын көрінуде. Қазірде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, дініміз бен діліміздің өзегін түсінуден алшақтап қалған жайымыз бар.

Көңіл қуантарлығы, жылдан-жылға жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанып, ұмытылуға шақ қалған қанша салт-дәстүр, ұлттық дүниетанымымызға қатысты дүниелер жаңғыруда. Дегенмен, әлі де бір бүтіндікке қол жеткізе алмай жатырмыз. Олай дейтінім, дүниетанымымыздың нышаны, салт-дәстүрімізбен бірге өрілген дінімізді ұлттық құндылықтар қатарынан бөліп жарғысы келетіндер бар. Қоғамда «қазақылық» пен «мұсылманшылықты» бір-біріне үйлеспейтін екі бөлек ұғым ретінде көрсетіп, талай ғасырлар бойы бір-біріне еш қайшы келмеген, ұлттығымыздың бүтіндігін сақтаған қос тағанды екіге бөліп тастауға үйірсек ойлар айтылуда.

Халық арасында мұндай жалаң пікірдің таралуына кейде дінді үйреніп, ұстанып жүрген қайсыбір бауырларымыздың жат қылықтары да себеп болатыны өкінішті. Әрине, көш жүре түзеледі демекші, намаз оқуды үйрене салысымен кісі кәмілдікке қол жеткізбесі анық. Сондықтан болар дінімізде әдеп, көркем мінез, дұрыс әрі жақсы мәміледе болуға қатты мән берілгені сонша, тіпті кей ғалымдар ахлақ іліміне жылдап уақыт арнайтын болған. Жәй ғана мысал, бірде Имам Мәлік «қанша жыл білім алдыңыз» деген сұраққа «18 жыл әдеп үйреніп, 2 жыл дінді оқыдым, әттең, 20 жылдың барлығын әдеп үйренуге арнағанымда ғой» деп жауап берген екен. Мұнан біз асыл дініміздің сыртқы формадан гөрі ішкі мән-мағынаға, жан-дүниенің толысуына, адами қасиеттерді бойға сіңіруге баса назар аударатынын байқаймыз. Сөзім жалаң болмасы үшін Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисін келтіре кетейін: «Қиямет күні таразыда иманнан кейін ең ауыр басатын амал – көркем мінез».

Иман – Алланың сыйы. Қасиетті кітапта «(Мұхаммед Ғ.С.) расында жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады. Сондай-ақ Ол, тура жол табатындарды жақсы біледі» делінеді.[1] Олай болса, Алла тура жолға салғаннан кейін сол жолда беріктік, тұрақтылық таныту, нәсіп болған нығметтің қадірін біліп, ақтық демі шыққанша иманын сақтай алу үлкен қажыр-қайрат пен көркем мінезді қажет еттіреді.

Ендеше дінді енді үйренушілердің бастапқыда білместікпен жиі жіберетін кейбір қателіктеріне тоқталып өтсем деймін.

1. Діни сауатын тереңдетпеу. Иә, дінді тек 5 уақыт намазбен, жылына бір тұтатын оразамен және анда-санда берілетін садақамен шектеп қою – үлкен қате.

Жалпы исі мұсылман халық болғандықтан бәріміз бір Алланы мойындайтынымыз хақ. Дегенмен жауапкершілікпен, тұрақты оқимын, ұстанамын деген ниетпен дінге бет бұрған көп кісінің алданатын жері осы. Намазға қажетті бірнеше қысқа сүре мен күнделікті тұрмыста оқитын кейбір дұғаларды жаттап алумен өзін дінді толық үйреніп алғандай көреді.   Осы бір алдамшы «білімнің» салдарынан кейде қарапайым сұрақтардың жауабын біле алмай, қателікке бой алдырып немесе жат ағымдардың қармағына ілініп жатады.

Құлшылық жасаудағы негізгі мақсат – Аллаға жақындау, рухани кәмілдікке жету. Сондықтан тек сыртқы формасын үйреніп қана қоймай, тереңіне бойлауға, мазмұнын түсінуге ұмтылу керек. Ғибадатқа енді ден қоя бастағанда әрбір кісінің ерекше «имани шабыт» сезінетіні даусыз, яғни ерекше алып-ұшқан көңілмен құлшылығын орындауға деген ыждағаты артып, құлшынысы зор болады. Бірақ бұл хәлі өне бойы жалғаса бермейді. Сондықтан көп созбай діни білімді арттырған абзал. Себебі, белгілі бір уақыт өткен соң енжарлық пайда болып, құлшылыққа деген ынта төмендеуі мүмкін. Сондайда неше түрлі күдіктер мен сұрақтар туындайды, ал дер кезінде алған білім ішкі  тыныштығыңызды сақтап, өзіңізге деген сенімділігіңізді арттыра түседі және теріс бағытта жүрген топтардың жетегіне ілесіп кетуден сақтайды. Бұл жайында хакім Абай: «Әуелі – иманның иғтиқадын махкемлемек керек, екінші – үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды...», - дейді.

2. Аз уақытта көп нәрсені ұстануға талпыну. Көп кісі енді ғана ғибадат етуді үйреніп жүргенде кеудесін кернеген қуаныштың, ерекше күйдің салдарынан бірден өзгеріп шыға келгісі келіп тұрады. Бірақ мұндайда ата-анасы, отбасы, араласатын ортасы оның бойындағы өзгерістерді қабылдауға қаншалықты дайын екендігін ескергені абзал. Себебі, көңілі саябыр тапқаннан кейін болған өзгерістерді басқа түгілі өзі де көтере алмайтын кезеңдер болуы мүмкін. Мысалы, намазды енді ғана бастаған кісінің нәпіл намаздарды қоса оқуға тырысуы, ас ішу, тамақтану, өмір сүру салтын бір десте өзгертуге асығу, т.б. Бұл жерде айтпағым, дін атты теңізге бірден малтып кетпей, аз-аздан, бірте-бірте ұстанған абзал.

Жалпы діни тәрбие балаға отбасында ерте жастан үйретілер болса, бала ғибадатты, киіну үлгісін, діни сауатын өз ретімен адым-адым үйренер еді. Бұл реттілікті ержеткен, есейген кісілер де ескергені дұрыс.

Алланың табиғаттағы заңдылығына көз салар болсақ, көктемсіз жаздың келмейтіні, бүршік атпастан ағаштың гүлдемейтіні секілді әрнәрсе өзінің табиғи даму жолымен жетілгенінде ғана көңілге толық әрі нық отырып, оң нәтижесін бермек. Сондықтан дінді ұстану барысында да «12-ден 3» алынбайтынын ескергеніміз жөн.

3. Намаз оқыса «мен қиындық атаулыдан азатпын, басымдағы ауыртпалықтың барлығы тез арада шешіледі» деп ойлау, бұл – үлкен қателік. Кейде «мен осынша намаз оқып, дұға жасап, садақа беріп, жақсы істер, т.б. жасап жүрмін, неге менің басымда қиындықтар бар» деп ойлайтын кісілер кездеседі, яғни «құлшылық етсем менің басымнан ешбір сынақ өтпейді» деп ойлау қате. Себебі, біз сынақ әлемінде өмір сүріп жатырмыз.

Алла Тағала  беріп те сынайды, алып та сынайды. Хазреті Мәулана айтпақшы «әрбір адам мына дүниеде Жаратқанның алдына шығатын бейнесін сомдауда», яғни сіз құлшылық жасасаңыз да, жасамасаңыз да белгілі бір сынақтан өтесіз. Құлшылық құлдың Раббысымен байланысы, ал қиындықтар оның адами тұлғалығын жетілдіре түсетін мүмкіндік. Жер астындағы пайдалы қазбалардың асыл тасқа айналуы үшін көптеген өңдеу жұмыстарынан өтетіні секілді, адам баласы да ішіндегі жаухардың жарқырай түсуі үшін өзінің маңдайына жазылған кей сынақтардан өтуіне тура келеді. Бірақ бұл өздігімен қиындыққа, ауыртпалыққа сұрану қажеттілігін түсіндірмейді.

Хадисте «Адамдардың ең қатты сыналатындары – пайғамбарлар, кейін әркім дәрежесіне сай сынаққа алынады...Пенде жер бетінде күнәсіз жүрмейінше сынаққа алына береді» (Бұхари риуаяты) делінеді. Дегенмен, әр түрлі жағдайда оқылатын арнайы дұғалар мен жасалатын құлшылықтардың бары рас. Иманды құлдың қағар есігі, тәуекел етіп, арқа сүйер демеуі тек Жаратқан екенін мойындауы қажет. Сонда ғана Алланың мейірімі мен рақымының кеңдігін түсінері хақ.

4. Орынды-орынсыз кез-келген ортада дін жайлы әңгімелеу. Жоғарыда айтып өткеніміздей дін нәзік құбылыс, иманын амалмен ұштастырып, өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жанның «басындағы хал бөлек». Иманның кәусарынан енді ғана дәм татқан адамның халі бейне бір ғашық жанның күйі іспетті. Бүкіл әлемге мен Оны жақсы көремін деп айқайлап, жария салғысы кеп тұрады, бірақ оның бұл халін көбі түсіне бермейтінін түйсініп, сезімін ақылға жеңдіргені абзал. Ол өзі сезінген қуанышты басқалар да сезінсе екен деген оймен жолыққан әр кісіге, өзі барған әрбір жиында, отырыста дамылсыз дін жайлы айта беруі ықтимал. Бұл жағдай әркімде әр түрлі жалғасады. Десек те мұндай әрекетімен кісі айналасын діннен жирендіріп алуы, не безіндіріп жіберуі мүмкін. Бұл мәселенің бір жағы, ал екінші жағы – шымшық сойса да қасапшы сойсын демекші, уағыз-насихат айтуды сол істің мамандарына қалдырған дұрыс.

5. Дін ұстанатын кісінің бәрін «мінсіз» деп санау. Кішкентай баланың өзінен үлкеннің бәрін ерекше білімді көретіні секілді, енді ғана дін үйреніп жүрген көп кісі намазды өзінен бұрын бастаған баршаны мінсіз, толысқан, кәміл көруі қалыпты жайт. Бірақ уақыт өте келе олардың да қарапайым, өзіндік кемшілігі мен артықшылығы бар жан екенін көргенде сол кісіге емес, құлшылыққа, дінге қарсы көңілі суып кететіндер де кездеседі. Мұны айналамызда жиі кездесетін «өзі психолог болса да отбасында мәселелер бар ғой» немесе «өзі дәрігер болса, неге ауырады» деген сияқты әңгімелердің басқа қыры десек те болады.

Таяқтың екі ұшы бар деген, басқаның бойындағы кемшілік өзіміздің жетілуімізге, рухани кәмілдікке ұмтылуымызға еш кедергі емес. Хакім Абайша айтқанда «мен пәленшеден жақсымын ғой деп өзін жұбатпау» керек.

Ескеретін жайт, қанша жерден намаз оқып, құлшылық етсе де түбінде адам пенде екенін ұмытпаған жөн. Ал пендеге қателесу тән. Сондықтан намаз оқыған кісі еш қателік жасамайтын періште кейпіне енбейтінін есте сақтап, пенделік деңгейіне қарай кемшілігі болатынын қабылдап, кешіріммен қарай біліңіз.

Осыған орай Пайғамбар кезеңінен және бір мысал келтіре кетейін. Бір күні Алла Елшісіне (с.ғ.с.) бірнеше адам келіп: «Пәленше деген кісі намаз оқып жүрсе де кейбір күнәлі әрекеттерін қоймапты», - дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қоя беріңдер, уақытпен я намазы қалады, я күнәлі амалдары қалады», деген екен. Шынында да арадан шамалы уақыт өте келе әлгі кісі бірте-бірте тақуасы артып, күнәлі істер мен қылықтардан бойын аулақ салыпты.  

6. Иман бірде ұлғайып, бірде азайып тұратынын ескермеу. Иә, бастапқыда үлкен ыждағатпен шабытпен жасап жүрген құлшылықтарды орындауға  селқос қарайтын кездер де болуы мүмкін. Ондайда құлшылықты біржола қойып кетуге немесе «күнәһармын» деп өзіңізге ренжіп, үмітсіздікке салынып, жеңілуге асықпаңыз.

Кәміл иман тұрақты әрі күнделікті жұмыстың нәтижесі. Бұл қажыр-қайратыңыз бен күш-жігеріңіз сыналатын алаң. Бұл алаңда бөтен ешкім жоқ, тек сіз және өз нәпсіңіз. Осы жекпе-жекте жеңіп шыға алсаңыз онда шынымен ерлік жасағаныңыз. Бірақ бұл бір реттік, бірнеше күндік немесе бірнеше ай мен жылға ғана созылатын айқас емес, бұл соңғы деміңізге дейін жалғасатын арпалыс. Әрбір жеңісіңіз сізді жаңа биікке шығарып, иманның жаңа бір ләззатын таттырып, өзгеше қырын ашуы мүмкін. Ал әрбір жеңілісіңіз өзіңіздің бұрын байқамай жүрген кем тұстарыңыз бен міндеріңізді көзіңізге ойып тұрып көрсететін үлкен күрес. Әр екі жағдайда да сізге ешкім «неге олай істедің» немесе «істемедің» демейді. Сіз тек іштей ғана, өз әлеміңізде жан берісіп, жан алысып, иманыңызды дін аман сақтау үшін арпалысасыз.

Ислам ғалымдары бұл халдің иманды кісі үшін қалыпты жайт екенін айтады. Яғни иманды күнде жаңартып отыру қажет. Күтімі жоқ матаның ескіріп, түсі оңатыны, уақытында суарылмаған гүлдің солатыны секілді дер кезінде қажетті біліммен, сауапты амалдармен, нәпіл ғибадаттармен суарылып тұрмаса иман да ескіреді, солады. Тіпті тұрақты білім алып, нәпілдер жасап жүрген күннің өзінде рухани тоқырау кезеңдері болуы мүмкін. Мұндайда тек ерік-жігеріңізді қайрап, ұстанған бағытыңызда тұрақтылық көрсете білсеңіз ғана жеңесіз. Хакім Абай айтқандай, «күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды».

7. Ислам – қисын діні, орта жолды насихаттайтын жасампаз дін екенін түсінбеу. Көпшілік арасында намаз оқитын, рухани өмірін байытуға тырысқан адам күнделікті тұрмыс-тіршілігін өзгертіп, істеп жүрген қызметін тастап, араласып жүрген дос-жаран, туған-туысынан алыстап, бейне бір мына дүниеден баз кешкен күйде өмір сүру керек деген көзқарас бар. Кеңінен жайылған бұл көзқарастың себебін білеміз, әрине.

Ресей патшалығы кезеңінде бастау алып, Кеңес үкіметі уақытында шырқау шыңына жеткен саяси ойындардың нәтижесінде діни түсінігіміз, жалпы дінге деген көзқарасымыз жасауға болатын-болмайтын ырымдар мен тыйымдар деңгейіне дейін төмендетілді десек артық айтқан болмаспыз. Сондықтан болар дінін ұстануға тырысатын кей кісілер де, олардың айналасындағылар да жалпы дінді тек шектеулер жиынтығы ретінде қабылдайды. Мұндай көзқарастың таралуына тәуелсіздік жылдарында елімізге келген жат ағымдардың да қосқан «үлесі» бар. Сол себепті, көптеген жаңадан дін үйренушілер өзінің және жақындарының кейде тіпті дінде негізі жоқ тыйымдармен өмірін қиындатып жатады.

Осы жерде ойымды айшықтай түсу үшін мына бір мысалды келтірейін. Ертеде үш зағип кісі ауылға піл келгенін естіпті. Елмен бірге олар да пілдің қандай екенін көріп, білгісі келеді. Сөйтіп үш зағип кісі пілді әр жерінен ұстап көреді. Кейін өзара сөйлескенде, бірі «ее, піл деген бағана сияқты биік болады екен ғой» дейді. Ол пілдің аяғынан ұстаған еді. Сонда алып жануардың тұмсығынан ұстаған екіншісі: «жоға, піл жылан сияқты ұзын ғой» дейді. Ал, құлағынан ғана ұстап көрген үшіншісі «меніңше, піл жіңішке, жұмсақ жануар» деген екен. Сол сияқты шала-шарпы әр жерден естіген алып-қашпа әңгімеге сүйеніп немесе бір-екі нәрсені ғана үйреніп, сонымен жалпы дін жайлы шешім қабылдауға асықпаған жөн.

Шын мәнісінде, Ислам діні – жасампаз дін. Ұмытылуға айналған ежелгі дәуір философтарының еңбегін қайта жандандырып, оны әрі қарай дамытып, түрлі ғылым салаларының негізін қалаған ислам ғалымдарының мысалы сөзімізге дәлел. Еуропа елдері «қараңғы дәуір» (темные века) деп жауып тастаған тарих кезеңінде ислам мәдениеті мен өркениеті шырқау шыңына жеткен еді. Оған аңызға айналған Андалусия мәдениеті дәлел. Андалусияны жаулап алғаннан кейін қолға түскен ғылыми еңбектер негізінде Еуропа елдерінде қазіргі өркениетке жол ашқан Ренессанс дәуірі басталды. Мұнымен айтпағым, ислам діні қай кезеңде болмасын мәдениеттің, ғылымның, өнердің дамуына септігін тигізіп отырды және ешқашан адамды қоғамнан алшақтатуға тырысқан емес.

Орта Азиядағы түркі тілдес елдердің ұлт ретінде дамуына Ислам дінінің зор септігі тиді. Ұлттық нақышта өзіндік өнері, әдебиеті мен мәдениетінің, салт-дәстүрінің қалыптасуына еш кедергі келтірген жоқ. Керісінше, толықтырып, жаңа серпін, жаңа тыныс әкеліп, қан жүгіртіп, бұрынғыдан бетер байыта түскенін көзі ашық кісілер біледі. Ислам діні арқылы көптеген елдер арасында өзара байланыс әрі тәжірибе алмасу орнады, сол арқылы әлемдік мәдениет те түрлене түсіп, көкжиегі кеңейді.

Сондықтан Ислам дініне  мойынсұну заманауи қоғамда өмір сүруге кедергі келтіретін не кері тартатын өмір салты ретінде қарау және түсіну тек сол кісінің сауатсыздығын көрсетсе керек. Айтпағым, дінді ұстану қоғамнан оқшаулануға себеп емес.

8. Басқа кісілерге менсінбей қарау. Иә, өкінішке орай, мұсылманшылыққа ден қойғандардың арасында да бұл дерт кездеседі. Жалпы белгілі бір артықшылықтарына сүйеніп өзін басқалардан жоғары санап, менсінбей қарау адам баласына тән қасиет. Оны дер кезінде тоқтатпаса, соңы тәкаппарлықпен тынады. Ал тәкаппар адам жәннаттың иісін де ала алмайтынын хадистен білеміз. Сондай-ақ, Құран Кәрімде «Шындығында Ол (Алла) тәкаппарларды ұнатпайды» («Нахыл» сүресі, 23) делінеді.

Кей құлшылықтарды тұрақты жасап жүргенде өзіңе көңілің толып, тоқмейілсу пайда болады. Бұл қалыпты жайт. Барлық адамда белгілі бір істі тиянақтап, нәтижесі көрінетіндей дәрежеде орындағанда пайда болатын табиғи сезім. Бірақ...

Иә, егер де бұл тоқмейілсу асқына түссе менмендікке ұласады. Ондай жағдайда ол өзін құлшылық орындамайтын басқа кісілерден артық сезіне бастауы мүмкін. Ондай күйге түспес үшін үнемі өзіңізге бір жоғары мақсат пен тағы бір алынар белес белгілеген жөн. «Егер қарсылас іздесең, қарсылас болуға өз нәпсің жеткілікті» деп бір ислам ғалымы айтқандай, басқалардан артықшылығыңызды ойлап, нәпсіңізді масаттандырып, ісіре бермей, әлі де жасалуы керек, үйрену керек амалдар мен қасиеттерді назарыңызда ұстап, нәпсіңізді, өзіңізді шыңдай түсіңіз. Сонда басқа кісілерге қарап, «мен мынаны істеп жүрмін ғой, мына кісі неге солай жасамайды» деп үстемдікпен қарауға уақытыңыз да, мүмкіндігіңіз де болмайды.

Индира Жұмабекқызы 

Журналист

Ummet.kz

 

[1] «Қасас» сүресі, 56-аят.

Бөлісу: