25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Алла емес, Тәңір ғана» дейтіндерге!..

«Алла емес, Тәңір ғана» дейтіндерге!..

Мақалалар
Жарнама

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Алла Талағаланың ұлы нығметі қазақ жеріне Ислам діні келгеннен біздің ата-бабаларымыз мұсылман болды.

Кеңес үкіметі келгенге дейін қазақтың ұлағатты тұлғалары және оларға ерген халық мұсылман болып дінін бекем ұстанған. Мұсылман болған ата-бабаларымыздың біртіндеп аттарын атаудың өзі ұят, себебі тарихынан хабары бар қазақ ата-бабалары мұсылман болғанына еш күман келтірмейді.

Ал Кеңес үкіметі келіп қазақтың қаймақтарын өлімге кессе де, аталарымыз өз елін, тілін, дінін сатпай мұсылман күйі шейіт болып жан тапсырды. Ешкімге жасырын емес, біздің ұланғайыр жерімізге көз тіккен кезіндегі Кеңес үкіметі қазақты қолдан жасалған аштықпен қыруға тырысты. Олар  бір халықты өздеріне бағындырып жаулау үшін сол елдің тілін, дәстүрін, дінін жоюға тырысқан. Сондықтан қазақ өз жерінде ана тілінде сөйлеуіне тыйым салынғанын білеміз. 

Кеңес үкіметінің осы идеялогиясы жайлы: Филология ғылымдарының кандидаты Абайтанушы ғалым Омар Жәлел ағамыз өзінің сұхбатында былай дейді: «Кеңес үкіметі қазақты тілінен, дәстүрімен дінінен айырып құлдық санаға түсіру үшін трилиондаған доллар жұмысады, енді ұлттық намысымызды қайтару үшін ұлттық идеялогияға сонша ақша жұмысауымыз керек» бізге ақиқаттың бетін ашты. 

Сол себепті болар бүгінде бір шама қазақ өзінің ұлттық болмысынан алыстады. Кезіндегі Орыстың патшайымы: «Егер қазақ өзінің кім екенін білсе әлемді жаулап алады» дей айтқаны қазіргі кей қазаққа дөп келеді. Сондықтан да отарлаушылар қазақты өз болмысынан айырып құлдық сана еңгізуге тырысты. 

Кеңес үкіметі шұрайлы Семей жерін ядролық бомбамен улағаны секілді қазақ санасын идеялогиялық ярдомен улады. Бүгінде тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтседе сол удан санасын тазарта алмай жүргендер кезігіп жатыр. Міне сондай санасы уланғандардың кейбірі: «Ата-бабамыз мұсылман болмаған, Бір Аллаға емес Тәңірге құлшылық еткен» деп Кеңес үкіметінің идеялогиясын жалғастырып жатыр.

Сонда олардың мақсаты: қазақ жеріне Ислам діні келгеннен қазақ жаппай мұсылман болғанын жоққа шығарып, Кеңес үкіметі секілді бізге өз тарихымызды бұрмалап көрсеткісі келеді. Тек Тәңір деп айтушылардың сөзіне сенсек, Мұсылманмын деп дін ұстаған қазақтар – ата жолынан адасқан сауатсыздар. 

Сонда «Бір Аллаға сиынып кел балалар оқылық» деп айтқан қазақтың кемеңгері ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсарин атамыз  надан болғаны ма немесе жылқылатып қажылыққа барған Құнанбай атамыз ата-баба жолын білмеді ме?! 

Әлде мұсылмандығын қорғап шейіт болған Шәкәрім атамыз сауатсыз ба еді?! Немесе «Махабатпен жаратқан адам затты сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген Абай атамыз өз тарихын білмеді ме?! 

Сенімді болған негізгі тарихи деректер қазақ әу бастан мұсылмандық дінді ұстанғаны жайында хабарлайды. Сонда тарихын біліп дінін сатпай келе жатқан қазақтың барлығы сауатсыз да, өз тарихын білмей дінін сатқандар «Алла емес Тәңір ғана» дейтіндер бүгінде шыншыл бола қалыпты. 

Осы орайда орынды сұрақ туындайды, «Алла емес тек Тәңір» дейтіндер қайдан шықты олар сектама әлде кімдер? Қазақ айтқандай, «шымшық сойсада қасапшы сойсын дегендей» бұл сұраққа мамандар жауап берсін. 

Зерттеуші Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ e-history.kz порталында «Түземдік элита һәм шаман-тәңір ұғымы» атты мақаласында: 

«Ал, отарлаушылар таңған тағы бір қисынсыз ұстаным-Тәңір діні дейтінге келсек, бұл ары кеткенде байырғы көшпенділерге тән тұрмыстық салт ғана. 

Отарлаушылар әртүрлі ғибадат жасап қиналмайтын, күнәлі істерден адам баласын тыймайтын, оқып-жаттайтын жалбырану сөздері жоқ, жеп-жеңіл жалған дүниені дін деп тықпалаудағы мақсаты: халықты тек исламнан тайдыру еді. 

Мысалы, ағартушы-миссионер Николай Ильминскийдің Қазақтарға «сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстаған» деп, түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады» деген құпия ұстанымын 1860 жылы патша үкіметіне жазған баянхатында айтады (Мәшімбаев Серік Мектепұлы Г.С.Мәшімбаева. «Патшалық Ресейдің және Кеңес империяларының Қазақстандағы рухани отарлау саясатының зардаптары». (кітап) Қазақ универсиеті(баспа). Алматы, 2013. 111-б). 

Осылай отарлаушы идеология алдымен қазақ сияқты көшпенді халықтардың дүниетанымын исламнан бұрынғы және исламнан кейінгі деп екіге бөлшектеп алады да, жалаңаш қалған «сананы» христиан ба, коммунистік идея ма, бір затпен киіндіреді. 

Сөйтіп, басқаның шекпенін киген халықтың дүниетанымы «құтқарушысына» ұдайы құлдық ұрумен өтеді. 

Қазіргі таңда қазақ зиялыларының көбі тәуелсіздіктен кейін қоғамда пайда болған мұсылманшылықты сіңіре алмауына себеп – осы.» [1]

Ғалым  Әшірбек МҮМИНОВ өз жазбасында төмендегідей пікір айтады:

«Деректерде тәңіршілдік хақында еш сөз жоқ. Мен VIII-XVIII ғасырлардағы парсы, араб, түркі-шағатай, ойрат тілдерінде жазылған деректерді зерттеймін. Олардың ешқайсысында тәңіршілдік туралы мәлімет жоқ. Егер біз XIV-XVI ғасырлардағы түркілердің мәдениеті, діні туралы сөйлейтін болсақ, сол  дәуірдегі деректерге сүйенуіміз керек. Ал ол деректерде тәңіршілдік хақында еш сөз жоқ. Керісінше, (прото)қазақтардың ХІІ ғасырдан Ислам қабылдағаны туралы айқын дерек, дәйекті пікір бар. Өздері қолдан дін жасамақ болған әрекеттердің мыңдаған мысалын білеміз, олардың барлығы нәтижесіз  аяқталған. Мысалы. Қазір кейбір қырғыз ғылымының өкілдері «Әрбір мәдениет бірегей өз дінімен бұл дүниеге келді» дейді. Арабтар болса – Ислам, Таяу Шығыс елдері – христиан, иудаизм деген сияқты. Олар «түркі халықтары өзінің жаңа дінімен тарих сахнасына кіру керек» деген жаңа бір сөзді айтады. Бұл ешбір нәрсеге тура келмейді. Себебі қырғыздар ХVI ғасырдан, одан бұрынғы протоқырғыз тайпалары VIII ғасырдан Ислам дінінде.  

Ойлап табылған нәрсе Сенім жүйесі болу үшін қасиетті Кітабы, Пайғамбары, қасиетті мәтіндері, т.с.с. болу керек. Тәңіршілдікте мұндай жүйе, құлшылық практикасы жоқ екенін, мұның ойлап табылған нәрсе екенін біз айтуымыз керек. Ендеше, тәңір сөзі, ем практикасы, шамандар туралы Сібірде жазып алынған материалдар негізінде Қазақстанда тәңіршілдік идеясын көтермелеу – қате. Бірінші рет «халық арасында «тәңіршілік», «шаманизм» дейтін ұғымдар бар екен» дегенді орыс (!) зерттеулерінен (саяхатшылар, шенеуніктер, орыс шіркеуі өкілдерінің жазбаларынан) кездестіреміз.

Бұл проблеманы бірнеше кезеңге бөліп қарасақ болады. Қара нанымның басында кім тұр? Егер ғылыми тұрғыда қарасақ, оны айналымға енгізген кешегі ХІХ ғасырдың өкілі Доржы Банзаров болды. Ол өзінің «Черная вера» кітабында «Бурят-моңғол халықтарының ішінде тек қана буддизм, яки ламаизм ғана тарамаған, олардың өзінің ескі дін, ескі ұғымдары үстем болды, екі жүйе бір бірімен айқасқан формада тұр»деген пікірді айтты. Кейін мұны Ш. Уәлиханов әрі қарай жаңғыртып, шаманизм туралы мақаласын жазады. Банзаров тәсіліне салып,«Қазақтардың арасында (ол қырғыздар деп атайды) шаманизм элементтері бар, ол Исламмен араласқан бір формада тұр» дейді.

Алайда, тарихи шындық үшін атауымыз керек – Уәлиханов өз шығармасында ешбір тарихи дерекке сүйенбеген, оның материалы – ХІХ ғасырдағы халық өмірі, әдет-ғұрыптары, ауызша фольклор негізінде құралған. Мұндайға сүйеніп қорытынды жасау – ғылыми тұрғыдан тура емес деп есептеймін. Тәңіршілдікті қазаққа таңу саясаты Неліктен тәңіршілдікті отар жұрттарға ортақ мәдениет ретінде көрсеткісі келеді?

Біріншіден, тәңіршілдікті енгізуге күш беріп бастаған патша үкіметі болды. Өздеріңізге жақсы мәлім, өз колонияларында Ресей империясы православ дінін таратуды мақсат етіп қойды. Сол үшін ол жерлерде идеологиялық жұмыс жүргізіп, «халықтардың мәдениеті терең емес, мемлекетшілігі болған емес, идеологиясы, мәдениеті, діні болған емес, бұлар язычниктер»деген ұғымды таратуға әрекет жасады. Бүтін ғылымы осы үшін қызмет етті. Бұл бағытта Ресей мәселен, Якутия, Алтай, Бурятияда христиан дінін таратып, жетістікке ие болды. Бірақ мұсылман қазақ даласында, мұсылман халықтар арасында бұл идея өтпеді.Орынбор мұсылман мәжілісі құрылғаннан кейін, жұмыс басқа бағытқа бұрылды.

Екіншіден, Кеңес өкіметі кезінде де бұл саясат жалғасты. Сол үшін кеңес этнографтары бұл тақырыпқа әр уақыт оралып, көп мән беріп, көп экспедициялар жасағанын көреміз. Өздері  Ислам дінін білмейді, Орта Азия халықтарын зерттегенде бұл мәдениеттегі Ислам туралы сөйлемейді, сонымен қатар, Исламға дейінгі мәдениет элементтері бұл жерде бар деген ұғым  шығарады. Бұл этнографтар да XIX-XX ғасыр материалдарымен жұмыс істеген, ендеше олар тарихи кезеңдерге, халықтың сеніміне байланысты қалай қорытынды жасап, баға айтуы мүмкін? Өте көп зардабы бар Тәуелсіздік заманында тәңіршілдік туралы сөз айтатын «ойшылдар» шыға бастады.

Бұл жерде талдау  жасайтын болсақ, ескі коммунизм, атеизм идеясы құлаған соң, кейбір атеистік адамдар дін мәселесінде өзінің позициясын таба алмай қалды. Сол үшін олар әртүрлі ойдан тапқан идеяларын дамытып, өздерінің клубтарын,  интернеттесайттарын ашып, сондай жұмыс жүргізіп жатыр. Біз руникалық түркі жазбаларына иеміз. Тәңіршілдікті дәріптеушілер соның кейбір элементтерінен бармақ ішінен сорып, жаңа идеялар жасауға әрекет жасайды, бір кішкентай мәтінді 200 түрлі интерпретация жасап, өздерінің ойларын осы жазбаларға таңғысы келеді. Ондай ой болмау керек, себебі зерттеушілер мәлім бір әдістерге,теорияларға сүйеніп жұмыс істейді.

Тәңіршілдіктің тарихи таным ретінде насихатталуынан өте көп зардап бар. Себебі бұл – тексерілмеген қате информация. Қате ақпаратты таратудың қандай ауыр салдарлары болатынын өзіңіз жақсы білесіз. Олар қазіргі уақытта болып жатқан идеологиялық соғысқа қатысып жатыр. Бұл әсіресе, жастарға жаман әсер етеді. Сөз соңында, үш дәуірді салыстырып қарасақ, тәңіршілдікті исламға қарсы болған жоба деп атауымыз мүмкін.[2]

Әлмисақтан мұсылманмын дейтін мұсылмандарға айтарым: Алланың жолынынан тосып Шайтанның жолына шақыратындардың болатыны жайлы Алла Тағала әу баста бізді ескерткен, Саффат сүресінде Алла Тағала бейішке кіргендердің сөздерін жеткізеді:

«Һәм олар бір-біріне келіп жақын сыр шертісіп, әңгіме-дүкен құрады. Сонда араларынан біреу былай дейді: «Менің (дүниеде) бір жан жолдасым бар еді», Ол маған: «Сен, шынымен де, бұл ертегіге сенетіндердің  қатарындасың ба?!» «Демек, біз өліп, топыраққа, қаусаған құр сүйекке айналғаннан кейін қайта тірілтіліп, біріміз қалмай жауапқа тартылады екенбіз ғой, солай ма?!» – дейтін еді. 

«Енді оны көргілерің келе ме?» Содан, көз жіберіп, бір қарағанда-ақ әлгі жолдасын жалындаған жаһаннамның қақ ортасынан көреді. 

Сөйтіп, оған: «Алланың атымен ант етейін! (Өзіңмен қоймай) мені де құрдымға батырып, құрта жаздаған екенсің». «Егер Раббымның (маған нәсіп еткен иман деген) ең үлкен нығметі болмағанда, мен де тұтылып, қол-аяғы маталған күйде жаһаннамға әкелінгендердің арасында болар едім», – дейді де, (Жұмақтағы достарына бұрылып): «Біз енді бұдан былай өлмейміз ғой, солай емес пе?» «(Яғни, дүниемен қош айтысқандағы) алғашқы өлімімізді былай қойғанда (ендігәрі өлмейміз ғой)?! Сондай-ақ ешбіріміз азапқа да душар болмаймыз, солай емес пе?» – дейді. Шүбәсіз, ең зор жетістік, ең үлкен табыс, міне, осы! 

Қандай да бір жетістікке жетуді көздеп еңбек еткендер, әсілі (задында), осындай зор жетістікке жету үшін еңбек етуі керек.[3] 

Елбек ТАСБОЛАТҰЛЫ, 

Павлодар қаласы «Мәшһүр Жүсіп»

орталық мешітінің найб имамы


[1] Источник: https://e-history.kz/kz/publications/view/3867 

[2] http://e-islam.tarmpu.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=267:q-q&catid=9:2013-01-11-06-18-10&Itemid=20 

[3] Саффат 50-61 аят

Бөлісу: