25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан – тақуалық айы

Мақалалар
Жарнама

Рамазан айы - рухани жаңару айы, Аллаға бет бұру, Оған жақындау. Бұл ай момын-мұсылман үшін тақуалықты күшейтуге зор мүмкіндік. Тақуалыққа жеткізетін алғышарттардың бірі ол - тәубе ету.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, құлдарым! Расында сендер күндіз-түні қателіктерге бой алдырасыңдар, ал, Мен күнәлардың барлығын кешіремін. Олай болса, Менен (тәубе етіп) кешірім сұраңдар. (Сонда) сендерді кешіремін»[1], - деп, тәубе ету жолдары туралы айтады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) тәубе туралы: «Расында Алла Тағала, (күнә-қателік жасаған) момын құлының (Алладан) кешірім сұрап, тәубе еткеніне қуанады», - деген.

Тарихта өткен салих-ізгілер үшін өмірлік үстанымдарында Алла Елшісі (с.ғ.с.) жүріп өткен өмір жолы үлгі болатын. Алла Тағала Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) туралы Құран Кәрімде: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар»[2], - делінген. Адамзаттың асыл тәжі - Мұхаммед Пайғамбардың салған сара жолы Алланың кәләмі Құран Кәрімге сәйкес болған. Айша (р.а.) анамыз айтқандай: «Оның мінез-құлқы Құран еді».

Салих-ізгілер Рамазан айы келгенде, Алла Елшісі (с.ғ.с.) қалдырған өсиетіне сәйкес, ең әуелі тәубе ету арқылы Алламен байланыстарын нығайтатын еді. Өйткені олар келесі Құран аяттардың мағынасын терең ұғынған: «Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, аса мейірімді. Өздеріңе апат келуден бұрын Раббыларыңа қайтыңдар, Оған бой ұсыныңдар...»[3].

Тақуалық момын-мұсылманды қандай жағдай болмасын, шарасыз қалдырып қоймайды. Тақуалық бойында табылған пенде үшін, Алла Тағала адам баласына аса қажет болған екі ұлы сыйлық әзірлеген. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Кім Алладан қорықса (тақуа болса), оған бір шығар жол пайда қылады. Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді»[4], - деп баян етіледі. Қазіргі әлемдік деңгейде, адамзат үшін сын сағатта, коронавирус ауруы таралып, мешіттер жабылып, адамдар үйде қамалған кезде, мұсылмандар үшін тақуалыққа қарай бет бұру - құтқару белдемшесі болып табылады. Өйткені, тақуалық – мұсылманның қорғаны. Алла Тағала тақуа болған құлына, қандай жағдай болмасын, оған шығар жол пайда қылады, ойламаған жерден ризықтандырады, сол арқылы қайғы-мұңын, басқа төңген ауыртпашылығын сейілтеді.

Ал, енді, Рамазан айындағы тақуалықты алғадай ізігілер қалай ұстанған?

Біріншіден, олар Құран Кәрімді көп оқыған. Қазіргі мұсылман да Рамазан айында Құранды көп оқығаны абзал. Рамазан айы - Құран түскен ай.  Сондықтан, бұл айда барынша Құранды оқып, жаттап, оған амал ету қажет. Егер, Құран оқи алмаса, онда оны оқуды үйрену, Құран аяттарының мағынасын түсіну, терең ұғыну керек.

Екіншіден, олар көбірек садақа жасаған. Осыған байланысты Ибн Ғаббас (р.а) риуаят еткен хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) ең жомарт адам еді. Ал, Рамазан айы кезінде ең көп жомарттық танытатын еді»[5], - делінген. Осы орайда, тақуалық пен садақаның қандай байланысы бар?

Садақа - берекетті арттырады, дәрежені арттырады, бәлекеттің бетін қайтарады, мол сауапқа ие болады, жүректі жұмсартады, жүректе мейірімділікті оятады, рухани және материалдық тұрғыда адамды тазартады. Осы ізгі сипаттар арқылы садақа беруші мұсылман тақуалыққа жақындай түседі.

Әбу Мұса Әл-Ашғари (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) садақа жайында былай дегенін келтіреді: «Әр бір мұсылман үшін садақа беру (керек). Олар сұрайды: Егер (беретін садақа) болмаса ше?, деді. Ол: Қолдарымен жұмыс істеп, өзіне пайда келтірсін және садақа берсін, деді. Олар: (Жұмыс) істей алмаса қалай?, деді. Ол: Қиындық көріп жатқанның қажетіне жәрдемдессін, деді. Олар: Егер оны істемесе қалай?, деді. Ол: Онда жақсылыққа бұйырсын, деді. Олар: Егер оны естемесе қалай?, деді. Ол: Жамандықтан қайтарсын. Расында сол істегені оның берген садақасы болып табылады, деді»[6]. Бұл хадистен түсінетін ұғым, садақа беру тек ақшамен ғана өлшенбейді. Момын-мұсылманның өзге бауырын жақсы істерге бұйырып, жамандықтан қайтаруы, қиындық көрген жанға жәрдем беруі яғни мұның барлығы садақа.

Тақуалық деген оны арнайы іздеп, уақыт пен сәтін күтіп, кейде ғана жасайтын амал емес[7]. Тақуалық мұсылманның бойында әрдайым табылуы керек қасиет. Рамазан айы болса, сол асыл қасиетті жоғалтып алмауымызға бізге көмек беретін рухани шамшырақ. Рамазан айы баршамызға берекелі болғай!

Берікбол ЖАНАҚ,

Мысыр, Каир қ.


 [1] Құдси сахих хадис.

[2] «Ахзаб» сүресі, 21-аят.

[3] «Зүмәр» сүресі, 52-53 аяттар.

[4] «Талақ» сүресі, 2-3 аяттар.

[5] Бұхари, Мүслим.

[6] Бұхари, Мүслим.

[7] «Тақуалық туралы түсінік», / мақала /, muftyat.kz сайтынан.

Бөлісу: