25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қош келдің, Рамазан!

Мақалалар
Жарнама

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар»[1], - деп бұйырады. Рамазан айы бүкіл мұсылманға берілген Алланың ұлы нығметтерінің бірі. Рамазан айының көптеген артықшылықтары мен ерекшеліктері бар. Сол артықшылықтарының кейбірін қарастырып көрсек.

Рамазан айының оразасы Алла Тағала мен құлының арасындағы сыр. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен құдси хадисте: «Адам баласының әрбір істеген амалы өзі үшін. Тек оразадан басқа. Ораза ол тек Мен үшін, және оның беретін сыйын Өзім беремін»[2], - деп келтіріледі. Алла Тағала бізге не нәрсені тыйған болса, ол біздің пайдамыз үшін екендігі анық. Мәселен, ұрлықшы ұрлық жасауын қоятын болса, ең әуелі өзіне жақсы, кейін қоғамға да жақсы. Сондай-ақ, кім өтірік айтып, жалған сөйлеуден бас тартатын болса, бұл жағдайда да өзіне әрі өзге үшін жақсы болып табылады. Алла Тағаланың тыйым салған істерінің қайсыбірін алып қарасақ, адам баласы үшін қайыр бар екендігін байқауға болады.

Жаман істерден тыйылу түсінікті. Ал күнделікті рұқсат болған, ішіп-жеуден тыйылудағы себеп неде деген заңды сұрақ туындайды. Осыған орай, Рамазан айындағы ұсталатын ораза мен осы айда орындалатын ғибадаттар бір Алла Тағаланың ризалығы үшін жасалатынын білгеніміз жөн. Мысалы, намаз оқушы намазын оқып жүрсе, айналасындағы араласатын адамдары оның намаз оқитындығын әрине біліп жүреді. Зекет беріп, садақа жасаушы адамның амалын да ел-жұрт естіп, біліп қояды. Қажылыққа барып қайтқан кісінің қажы екендігі жайында ағайын-туыс, көршілері хабардар болады. Ал, Рамазан айындағы оразаға тоқталатын болсақ, ораза ұстаушы адам «Мен оразамын!» деп, жария салып, өздігінен айтпайынша, оның аузы берік екендігін Алладан басқа ешкім білмейді. Сондықтан, Рамазан оразасы – Алла Тағала мен пенденің арасындағы құпия, сыр.

Рамазан оразасы – ықылас ғибадаты. Егер белгілі бір елдімекенде жергілікті дәрігерлер, бір себептерге байланысты барлығына ораза ұстауға бұйыратын болса, тіпті оларды тексеріп, қадағалайтын қызметкерлерді бекітетін жағдайда, тұрғындар толық мойынсұнып, бұйрықты орындап, барлығы тегіс ораза ұстайды ма?! Бәлкім, бірі ораза ұстаса, бірі ұстамас, тексерушінің көзінше ішпей-жемей, көзден таса жерде тамаққа тойып алар?! Алайда, Рамазан айындағы оразаның жөні бөлек. Алла Құранда мұсылмандарға ораза ұстауға бұйырды. Ал, мұсылмандар болса, Алланың әміріне толық мойынсұнып, көпшіліктің ортасында жүрсе де, жеке өзі қалғанда да шынайы ықыласпен ораза ұстайды. Ораза айы кезінде мұсылман адам Алла Тағаланың ризалығы үшін  ішіп-жеуден, күнә істерден тыйылады. Демек, Рамазан айындағы ораза – ықылас ғибадаты деп аталуына кәміл негіз бар.

Рамазан оразасы мұсылманның нәпсі қалауын тәрбиелейді. Адам баласы күнделікті өмірінде қалағанынша тілімен сөйлейді, көзімен көреді, құлағымен естиді, тамақ жеп, сусын ішеді. Бірақ рамазан айында мұсылман адамның күнделікті әдетке айналған іс-әрекеттері түпкілікті өзгереді. Күнәға батпайын деп, айтатын сөздерін теріп сөйлейді, күндіз ішкен ас-тамақтарын енді күніне екі рет, сәресі мен ауызашар кезінде ғана ішіп жейді. Көздерін арам нәрсеге қараудан, құлақтарын арам нәрсе тыңдаудан, аяқтарын арам жерлерге барудан, қолдарын арам нәрсе ұстаудан толығымен тосады. Бұл дегеніміз, мұсылман адам осы Рамазан айындағы оразаның арқасында нәпсісіне иелік етіп, оны тәрбиелеп, өзіне толық бағындыратынын білдіреді. Алайда, ораза ұстап жүріп, нәпсісін тәрбиелемеген мұсылманға келетін болсақ, ондай адам үшін тұтқан оразасынан аш жүру мен шөлдеуден басқа ешбір амалы қалмайды. Бұл туралы Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қаншама ораза ұстаушылар бар, оларда тек аш жүру мен шөлдеу ғана»[3], - деп ескертеді.

Оразаның ақиқаты не нәрседе? Мұсылман адамды барлық жаман сипаттар атаулыдан толық тазарту. Оразаның себебімен бір мұсылман күнә істерді тәрк етіп, сауапты амалға бет бұрса, Ал, тағы бір мұсылман ораза ұстау арқылы тақуалық деңгейі жетістігіне жетеді. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) мінберге көтеріліп бара жатып, үш рет «Әмин» деген сөзді айтады. Сонда сахабалар ардақты Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұның себебін сұрайды. Осы оқиғадағы үш рет «Әмин» сөзінің біреуінің себебін Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деп түсіндіреді: «Рамазан айын өткізіп, күнәсі кешірілмеген адамның мұрны жерге сүрілсін», - дейді. Рамазан айы оразасы бойымыздағы күнәлардан тазаруға зор септігін тигізетінін жоғарыда хадистен ұғынуға болады.

Рамазан айының артықшылықтары өте көп. Біз бірін білсек, бірін ғылым әлі ашып таппаған. Рамазан айын кім қалай және қандай мақсатпен қарсы алса, соны табады. Алланың ризалығын ниет етіп, күнәдан тазарып, тақуалықты қаласа, соған жетеді. Ең маңыздысы, ниетті дұрыстап, өзімізді рухани дайындап, Алла Тағаладан жәрдем тілей отырып, оразаға кірісетін болсақ, Алла Тағала әлбетте бізге Өзінің мархаматымен ісімізге жеңілдігін беретіндігі сөзсіз. Алла Тағала баршамызға биылғы Рамазан айы оразасын абыроймен, кемшіліксіз орындап шығуымызға күш-қуат, сабырлық беріп, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп етсін!

Берікбол ЖАНАҚ,

Мысыр, Каир.


 [1] «Бақара» сүресі, 183-аят.

[2] Бұхари, Мүслим.

[3] Ән-Нәсәи, Ибн Мәжә.

Бөлісу: