26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Киттің ішінен аман шыққан пайғамбар

Киттің ішінен аман шыққан пайғамбар

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Жүніс пайғамбардың есімі Құранда төрт жерде кездеседі[1]. Екі жерде «Зин-нун», «Сахибул-хут», яғни «Киттің иесі» деген лақап атымен кездеседі.

Жүніс пайғамбардың кімнен тарағаны туралы айқын пікір жоқ. Теқ қана оның Жүніс ибн Мәтта екенін бәрі бірауыздан мақұлдайды. Алайда «Мәтта» сөзі оның әкесі емес анасының есімі екендігі айтылады. Пайғамбарлардан тек осы Жүніс пайғамбар мен хазірет Исаның аты анасымен аталады. Алайда Ибн Аббас «Мәтта» Жүністің әкесінің аты екенін айтып кеткен. Әһл кітап оның Исрайыл ұрпағынан Бүнияминге барып жалғасатынын жеткізеді.

Жүніс пайғамбар Ирак жақтағы жүз мыңдай халқы бар Нинова қаласына пайғамбар етіп жіберіледі. Пайғамбар болудың алдында да ол халық арасында сенімді, қамқор, иненің жасуындай да арамдығы жоқ шыншыл адам ретінде танылған. Ол сол елге пайғамбар етіліп жіберілгенде, небәрі отыз жаста еді. Нинова халқы көп жылдар бойы пұтқа табынып кеткен еді. Көп өтпей басқа арсыздық белең алды. Оларды тура жолға салу үшін, Жүніс пайғамбар елін отыз жыл бойы хақ жолға, туралыққа, тәубаға шақырды. Әйтсе де халқы оған «сенікі жөн» деп, сөзіне құлақ аса қоймады. Сірә, жеке басының пайдасын күйттеп жүр деп ойлады. Сол себепті оның сөздерін жоққа шығарды. Осылардың басында, әрине сол елдің басшылары мен байлары тұр еді. Құранда: «Бір елге ескертуші жіберген болсақ, әсіресе, олардың байлары: «Рас, сендер арқылы жіберілген нәрселерге қарсымыз». Сондай-ақ олар: «Біздер көп малмен, балаларға иеміз. Сондықтан да азапқа душар болмаймыз»,–деді»[2] деп, солардың көрсоқырлықтарын баян еткен.

Отыз жыл дін уағыздағанда, оған бар болғаны екі кісі ғана иман келтірген. Қалған дүйім жұрт тура жолға түспей табандап тұрып алды. Ақырында, оларды мың жыл уағыздаса да дінге кірмейтінін сезіп, үмітін үзген Жүніс (а.с.) көп кешікпей оларға Алланың азабы келетінін айтты. Өзі халықтың көзінен тасаланып, алыс жақтарға тентіреп кетті. Халқына ашуланғаны сонша, олардан аулақ кету үшін теңіз жағалауын бетке алды. Бірақ ол Хақ Тағаладан рұқсатсыз кеткен еді. Ол елге көп ұзамай пәлекет келетіні туралы Хақтан хабар алған соң, алысқа кетуіме Хақ Тағала ашу танытпас деп ойлаған еді. Алайда пәлекет сол күні келсе де, Хақ Тағаладан «сол жерден шығыңдар» деген жарлық келмейінше, пайғамбарлар ол жерден кетпеулері тиіс еді. Осылайша Жүніс пайғамбар өз «ижтиһадында» яғни пікірінде жаңсақ кетті. Егер пайғамбарлардан өзге жандар, атап айтқанда, ғұламалар осылай қателескенде, үлкен сауапқа кенелер еді. Әйтсе де пайғамбарлардың орны қашан да бөлек.

Ол теңіз жағалауына келсе, жолаушы кеме жүргелі тұр екен. Еш бөгелместен соған мінді де, басы ауған жаққа кете барды. Пәлекет пен азаптың мезгілі де толған еді. Халық алғашқыда оның сөзіне сенбегенімен, сол күні қаланы тұтастай қара бұлт торлап, қалың тұман түскенін көргенде, естері шығып абыржи бастады. Әркім өз басын, бала-шағасын ойлап сасып жан-жаққа жүгірді. Ақырында, естерін жиып бәрі жиналып Пайғамбарларын іздеуге кірісті. Бірақ шарқ ұрып қанша іздегенмен, ат шаптырып аласұрғанмен, Жүніс пайғамбарды таба алмай қатты састы. Ол табылмаған сайын, көздері шарасынан шығып, жүректері дүрілдей  түсті. Қаланың байлары мен сорпа бетінен шығар көсемдері де, халықпен етене араласып астамсыған кеуделері басылып, жүндері жығыла қалды. Барлығы жапа-тармағай бала-шағасын алып, қаладан аулаққа қашты. Жиған дүниесі, байлығы, дүкендері, зәулім сарайлары – бәрі де жұртта қалып қойды. Ешбір адам «дүнием артта қараусыз қалды-ау» демеді. Әсіресе, бәрінен ардақты пұттары сол қалада иттен қадірсіз қала берді. Жайшылықта қаладағы үлкен пұт-ескерткіштерінің алдына барып тағзым етіп, тілек тілеуші еді. Дәл бүгін пұттарын ойлаған тірі жан болмады. Біреуі шығып: «Әй, біз пұттарымызды ұмытып барады екенбіз ғой. Біздің тәңіріміз осы емес пе еді? Осыдан неге көмек тілемейміз?» – демеді. Қайта дереу тәубаға келіп, Пайғамбарларының айтқандарын естеріне түсіріп, тілдерін кәлимаға келтіріп, Хақ Тағалаға жалынып егіліп жылады. Өз араларында «Жүніс не деп еді, айтқан дінінің сенімдері қандай еді, мұсылмандықтың шарттары қалай деген еді?» – деп, өз білгенінше хақ дінді үйрене бастады. Оларды Рақым пайғамбар хақ дінге отыз жыл бойы шақырып, сол дін туралы терең мағлұмат берсе де, олар еш бойсұнбаған болатын. Әйтсе де отыз жыл бойы айтылған сөздердің біршамасы естерінде жатталып қалыпты. Бүгін, міне, соның пайдасы тиді. Олар кәлима, тәухид, ақырет, намаз секілді діни мәселенің бәрін білетін. Бірақ мойындамай қырсығып келген еді. Ал бүгін басына нәубет төнгенде, дереу іске көшті. Барлығы бірдей сапқа тұрып, Хақ Тағаладан кешірім тілеп, тәуба етті.

Кейбір деректе олар: «Ей, Раббымыз! Біздің күнәларымыз тым көп. Бірақ сен бәрінен де үлкенсің, ұлысың. Ендеше, Сен бізге өзіңе жарасар ғана үкім бер. Мына қылығымызға лайықты үкім бере көрме!» деп жалбарынды. Алла Тағала олардың күнәларын кешіріп, тәубаларын қабыл етіп, пәлекетті кері қайтарды[3]. Аталмыш оқиға Құранда: «Расында, өздеріне Раббысының қарғысы лайық болғандар иман келтірмейді. Сондай-ақ күйзелтуші азапты көргенге дейін (олар иман келтірмейді). Жүністің елінен басқа (азаптың келгенін көріп) иман келтірген әрі имандары пайда берген еш бір ел болмаған. Олар иман келтірген кезде өздерінен дүние тіршілігіндегі қорлықты айықтырдық та, оларға тағы біраз өмір бердік»[4], – деп айтылады.

Ендеше адамзат тарихында өздеріне азап келгенде, тәуба етіп, иманға келуі арқылы азаптан құтылған бір ел ғана бар, ол – осы Жүніс пайғамбардың елі.

Кит жұтып қойған Жүніс пайғамбар (а.с.)

Жүністің (а.с.) мінген кемесі жаймен жылжып жағадан ұзай берді. Бірталай уақыт жүріп, күн батып, қас қарайған шақта дауыл тұрып, кеме шайқала бастады. Бір кезде кеме батуға айналады. Бір қызығы мұндай кезеңде, дәл кемені батыратындай дауыл тұрмау керек еді. Ақырында кемедегілер бір-біріне: «Шамасы кемеде қожайынынан қашқан бір құл бар. Қанеки жеребе тастайық», – деді. Олар  жеребе тастаған кезде, жеребе хазірет Жүніске шықты. Хақ пайғамбар сол кезде ғана өзінің ағаттық жасап, елден Хақ Тағаладан рұқсатсыз кеткенін түсіне қойды. Бірақ кемедегілер оның жүзінен салиқалы кісі екенін байқап, кінәлі кісі ол емес деп ұққан еді. Әйтсе де хазірет Жүніс оларға өзін кемеден теңізге тастауларына ишарат етті.

Олар оны жал-жал толқындардың арасына тастап жіберген кезде, бір үлкен кит келіп оны аузын ашып жұтты да суға сүңгіп кетті. Ол балықтың ішіне жұтылған кезде, айналаны бұрынғыдан да қою қараңғылық басты. Онсыз да теңіздің асты-үсті түгел қап-қараңғы еді. Оның бұдан кейін құтылып жағаға жетуіне ешбір мүмкіндік жоқ еді. Өйткені балықтан құтылған күннің өзінде теңіз бар. Теңіздің беті де қап-қараңғы еді. Хазірет Жүніс өз қателігін мойындап, Алла Тағалаға жалбарынып: «Сенен өзге ешбір құдай жоқ. Сені пәктеймін. Мен өзіне қастық жасаушылардың бірі болдым»[5],–депзікір ете бастады.

Хақ пайғамбар өмір-бақи Хақ Тағаланы зікір етіп келген болатын. Ол осы алып балықтың қарнына түскен кезде де, дәл солай зікір ете бастады. Оның осы хал-ахуалы құтылуына арқау болды. Құранда Алла: «Егер көп тәсбих, зікір етушілердің бірі болмағанда, шамасы адамдардың қайта тірілетін күнге дейін оның қарнында қалар еді»[6], – дейді. Хақ Тағала оның осы дұғасын қабыл етіп, аман-сау жағалауға шығарды. Алып балық жағалауға келіп аузын арандай ашқанда, ішінен хазірет Жүніс шығып, жағалауға сұлай кетті. Әбден шаршаған, оның үстіне науқастанған еді. Өйткені ол алып балықтың ішінде үш күн, үш түн жатқан болатын. Құранда: «Сонда оны қырға шығарып тастадық. Ол науқас еді. Көлеңке түсірсін деп сол жерге жапырақты бір ағаш өсірдік»[7], – делінген. Кейбір деректерде осы ағаштың қабақ ағашы екені айтылады. Ағаш көлеңкелері оның үстін жауып шыбын-шіркейден, шыжғырған күннен қорғады. Осы жерде біршама уақыт жатқан соң, ол есін жиып, науқасынан айығып, еліне қайтты.

Тәубаға келген елі мұны әлі іздеп жүрген болатын. Ол халқымен кездескенде, әр екі жақ та қатты қуанып, Хақ Тағалаға бар пейілмен шүкіршілік етті. Халқы пайғамбарын көріп қуанса, Пайғамбарлары олардың тәуба етіп, иманға келіп, мұсылмандық жолға түскендерін көріп қуанған еді. Олар пәлекет шақыратын ел емес, берекет шақыратын ел болып өмір сүріп жатқан болатын. Бұл бейне өзі тастап кеткен ел емес, басқа бір ел секілді болып көрінді. Үш тәуліктің ішінде бір қаланың бүкіл халқы қатты өзгерген еді. Өзіне халықты айдап салған қаланың билері мен байлары да мұны көре сала құрақ ұшып, бір-бірлерінен сүйінші сұрап жатты. Қаланың кіре берісіндегі пұттар да қаланың ішіндегі алып пұттар да түгелдей қиратылып, орны тегістеліп тасталыпты. Кеше ғана титтей бір нәрсе бола қалса, пұттарының атын айтып шулайтын ел бүгін пайғамбарларын көріп, Хақ Тағаланың атын ұлықтап жатты. Қала халқы құлшылық уақытында барлығы бірдей пайғамбарларымен бірге сәждеге жығылды.

Осылайша қарғысқа ұшыраған ел аяқ астынан бақытқа кенелді. Хазірет Жүністің «ижтиһадтағы» мүлт кеткендігі жүз мың халықтың иманға келуіне себеп болды. Иә, барлық пайғамбарлардың мүлт кетулері үлкен қателік болғанмен, өзінің үмбеті және қияметке дейінгі мұсылмандар үшін бақытқа, табысқа жетудің белгілері еді. Хазірет Жүністің киттің қарнында отырып айтқан зікірін әлі күнге барша мұсылмандардың тілден тастамай келе жатқанының бір себебі де осында.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Ниса», «Әнғам», «Жүніс», «Саффат» сүрелері

[2] «Сәбә» сүресі, 34-35

[3] Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран, 313-бет

[4] «Жүніс» сүресі, 96-98

[5] «Әнбия» сүресі, 87

[6] «Саффат» сүресі, 143-144

[7] «Саффат» сүресі, 145-146

Бөлісу: