25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құрандағы «ең әдемі қисса» - Жүсіп (а.с.) пайғамбардың оқиғасы – 3

Құрандағы «ең әдемі қисса» - Жүсіп (а.с.) пайғамбардың оқиғасы – 3

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Жүйріктей жүйіткіп жеті жыл да өтті. Күндердің бір күнінде патша түс көреді. Ол түсін уәзірлеріне айтып: «Түсімде жеті семіз сиырды жеті арық сиыр жеп жатқанын және жеті жасыл сабақ пен жеті қураған сабақ көрдім. Қане, осы түсімді жорып беріңдер», – дейді. Уәзірлері оның түсін жори алмай: «Патшам! «Түс – түлкінің боғы» деген. Бұл көрген түсіңіз шым-шытырық мәнсіз түс екен», – деп жалтарады. Дегенмен бұлардың сөзіне патша сенбейді. Күн өткен сайын «Бұл түстің астары не екен?» деп терең ойға бататын.

Патшаның осы түсі туралы сарайдағылардың бәрі де естіген еді. Солардың арасында баяғы шарапшы жігіт те бар болатын. Сол түсті естіген заман оның есіне зынданда жатқан баяғы жолдасы сап етіп түсе кетті. Ол қуанғаннан патшаға жүгіріп барып: «Патшам! Сізге түсіңізді қалай жоруды айтып берейін бе?» – деп сұрайды. Патша: «Айта ғой», – дейді. Шарапшы: «Мені дереу зынданға жіберіңіз. Сол жерде бірге жатқан Жүсіп деген серігім бар. Сол түсті жақсы жориды», – дейді. Патша оны зынданға жібереді. Ол зынданға барып: «Әй, шыншыл әрі ардақты досым Жүсіп! Бізге мына күрделі түсті жорып берші: Жеті семіз сиырды жеті арық сиыр жеп жатыр. Сондай-ақ жеті жасыл сабақ пен жеті қураған сабақ». Жақсы жорысаң, керекті адамдарға барып білдірем, олар естіп, шындықты әрі сенің қадіріңді білсін» дейді. (Жүсіп): «Жеті жыл әдеттегіше егін егесіңдер. Бірақ аздап жейтіндеріңді ғана алып, қалғанын сабағымен сақтап қоярсыңдар. Тағы бұдан кейін жеті жыл қуаңшылық болады. Сол кезде тұқымға ғана аздап алып сақтап, бұрынғы жинағандарыңды түгелімен жерсіңдер. Ал, бұдан кейін молшылық бір жыл келеді, ол кезде халық жауынға қарық болады, жемістердің суын сығып, малдарды сауады»,[1]– дейді. Оның сөздерін тасқа жазғандай жаттаған шарапшы шауып отырып тікелей патшаның өзіне барып мән-жайды баян етеді. Патша да осындай бір нәрсені іштей сезген болатын. Хазірет Жүсіптің түсті бұлай жорығанына қарап қатты таңырқады. Ол дереу сол адамды құзырына алып келуге шабарманын жұмсады.

Хазірет Жүсіп әлгі шабарманға: «Мен жазықсыз екенім тайға таңба басқандай анықталып, ақталмай бұл жерден шықпаймын. Қолдарын пышақ кескен әйелдердің мақсаттары не еді? Патша солардан сұрап мән-жайды анықтасын. Менің Раббым сол әйелдердің халдерін және менің кінәсіздігімді біледі. Бірақ мен патша мен елдің тегіс осы ақиқатты білуін қалаймын», – деп жауап береді. Хабарды естіген патша қолын кескен ақсүйек әйелдер мен Зылиханы шұғыл алдыртып мән-жайды анықтай бастайды. Әйелдер: «Құдай сақтасын! Біз Жүсіпке ешбір жамандық жасамадық. Оның да бізге зәредей жамандық жасағанын көрмедік», – дейді. Тығырыққа тірелген Зылиха көзіне жас алып: «Сірә, ақиқат істі жасырып болмас. Мен көңілім қатты ауып, Жүсіпті өзіме баурамақ болдым. Алайда ол маған жақындаудың орнына, менен ат басын ала қашты. Жүсіп – күмәнсіз шыншыл адам»,[2] – деп кінәсін мойындай-ды. Патша сол жерде Жүсіп пайғамбардың кінәсіз екендігін жариялап, оны сарайға шақыртты. Сонда ғана хазірет Жүсіп зынданнан шығып сарайға келді.

Патша парасатты адам болатын. Ол хазірет Жүсіптің түс жоруына қарап ілімі терең адам екендігін біліп, түсті тағы бір мәрте өз көзімен жорытып көрген соң: «Айтқаның жөн екен. Бірақ осы істерді кім атқарады?» – дейді. Хазірет Жүсіп: «Мені мемлекеттің қазына бастығы қыл. Өйткені мен оны басқаруды жақсы білемін», – дейді. Патша оның сөзіне ризалық білдіріп, қазынаның мемлекеттік мөрін табыс етті. Жүсіп (а.с.) мойнына алған іске дереу кірісіп кетті. Әр жылғы бастамашыл ісіне халық дән риза болды. Хақ пайғамбар көп жерлерге егін ектіріп, алынған өнімді арнайы қаздырған жертөлелерге көмдірді. Сегізінші жылы сол аймақта жаппай қуаңшылық басталды. Өзге елдер қуаңшылықтың зардабын тартып жатқанда, Мысыр елі молшылықта ғұмыр кешті.

Халық арасында бидай түгесілген кезде хазірет Жүсіп қамбадағы бидайды соларға таратып аштан қырылудың алдын алды. Бұл кезде Шам мен Кәнған жерінде де қуаңшылық белең алған болатын. Сол елдің халқы Мысыр елінің аш халыққа бидай таратып жатқанын есітіп, осылай қарай алақан жайып ағылды. Жақып (а.с.) та ұлдарын астық сұрауға Мысырға жіберді. Он ағасы астық сұрап алдына келгенде, хазірет Жүсіп оларды бір көргеннен-ақ жазбай таныды. Әйтсе де олар інілерін танымаған еді. Бір кездері құдыққа тастап, құлдыққа сатылған жас баланың бүгін Мысыр елінің уәзірі болады деген ой олардың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген еді. Хазірет Жүсіп оларды көрген кезде баяғы балалық шағы, олардан көрген қорлығы есіне түсті. Жүрегінде әкесіне, жалғыз інісі Бунияминге деген сағыныш қасіреті асқынып терең ойға батты. Оларға қарап: «Басқа бауырларың, әке-шешелелерің де бар шығар?» – деп сұрап еді, олар: «Иә, екі ініміз бар. Бірақ үлкені балалық шағында дүниеден озды. Кіші ініміз болса, қазір әкеміздің жанында. Сол кісіге бас- көз болып қалып қойды», – деп жауап береді. Хазірет Жүсіптің жүрегі елжіреп, сонау жылдары ағаларының көйлегін зорлықпен шешкізіп құдыққа тастап жатқан сәттері көз алдына көлбеңдеп келе қалды. Иә, бәрі де күні кеше ғана болған тәрізді. Бала күнінде осы ағалары мұны бауырына қатты басатын. Әкесі өзгелерге қарағанда тіпті жақсы көретін. Сондықтан ағаларының қызғанышы қозып, сол қызғаныш өшпенділікке ұласты. Мұны жақсы көріп еркелетудің орнына шеттетуді шығарды. Інісі Бунияминге де солай қарай бастады. Әкесінің көзінше болмаса, бұл екеуіне ойыншықтарын да бермейтін. Әкесі жоқта еліктің лағындай ерке інісін өзі ойнатып, тамағын беріп, киімін кигізетін. Ол інісіне бар мейірімін көрсеткенмен, ағаларының жылы алақанын көре алмады. Иә, сөйтіп жүргенде бір күні аяқ астынан: «Сен біздің ең сүйкімді інімізсің. Бүгін біз тау жаққа сен үшін әдейілеп сейіл құрып, ойнауға бара жатырмыз. Ал, қанеки, жолға әзірлігіңді жаса!» деп қу түлкідей жымыңдап жетіп келгені. Бұрын-соңды бұлай іш тартқанын көрмеген бала Жүсіп қатты таңырқаса да, дереу інісін ойлап: «Буниямин ше, ол да бізбен барады ғой. Солай ма?» – деген еді. Ағалары «Жоқ, ол әлі жас бала ғой. Күн өтіп, науқастанып қалса, әкемізге не дейміз? Әлі-ақ күн ертең өсіп сендей үлкен болғанда барады», – деп жұбату айтты. Алайда бала Жүсіптің қуанышы ұзаққа созылмады. Елсіз жатқан меңіреу далаға барғанда, бір құдықтың ішіне әй-шайға қарамай көйлегін сыпырып алып жалаңаш тастап жібереді. Құдыққа түсіп бара жатқанда, соңғы рет ағаларының көздеріне қараған болатын. Бәрінің де жандары жадырап, көз алдында құбыжыққа айналып бара жатқандай еді. Тек өзгелерден оқшау тұрған үлкен ағасы Яһуда ғана ұзақтан бұған қимастық танытып: «Амалым не, қолдан келер қайран жоқ. Қолымнан бар келгені сені өлімнен аман алып қалу ғана», – дегендей ойлы көзін бұған қадап тұрып қалған болатын.

Міне, сол ағалары енді алдына келіп құрақ ұшып көмек сұрап тұр. Дегенмен ағаның аты қашанда аға ғой. Сүрінбейтін тұяқ, қателеспейтін жақ жоқ. Бұлар көйлегін шешіп алса, Зылиха да кезінде көйлегін жыртқан болатын. Сол Зылиха қазір мүлдем басқаша жаны таза әйел болды. Хақ тағала сабырлық нәсіп етсе, күндердің күнінде кінәларын мойындайтын күн келеді. Хазірет Жүсіп оларға мол дастарқан жайып күтті. Қайтарда өзі шығарып салып: «Қайта келер кездеріңде әлгі інілеріңді де ала келіңдер. Оған да жеке бір үлес берейін. Егер алып келмейтін болсаңдар, онда сендерге көмектесе алмаймын. Айшылық жерден ат терлетіп текке әуре болмаңдар», – деп сөзін қадап айтты. Олар бірден жауап бере алмай күмілжіп: «Біз оны әкесінен сұрап көрейік. Сізге оны қалай да алып келудің жолдарын қарастырамыз»[3], – деп жүріп кетеді. Жүсіп олар Бунияминді ертіп келуге әкемізді көндіре алмай жүрер деп ойлап, білдіртпей астық үшін берген ақшаларын қоржындарына қайта салып жіберді. Он ағасы әкелеріне үлкен қуанышпен оралды. Олар Мысырдағы көргендерін әкелеріне түгелдей жыр ғып айтты. Қазына бастығының мейірімді жан екенін, өздерін қадірлі қонақ етіп аттанарда өзі шығарып салғанын, тіпті Бунияминді де көргісі келіп, оны келесі жолы міндетті түрде алып келулерін сұрағандарын айтты.

Хазірет Жақып: «Бұрын сендерге Жүсіпті қалай аманат етіп бергенімді жақсы білесіңдер. Сендер сол кезде ант-су ішіп едіңдер. Бірақ соның ақыры не болды? Алда-жалда Бунияминді жіберген күнде де оны сендерге емес, бір Алла Тағалаға ғана аманат етемін», – дейді. Олар жамырап: «Уайымдайтын түк те жоқ. Ол өзі бір өте сенімді адам. Қарасаңызшы, астықтың ақысын да қайтарып жіберіпті. Осындай ізгі жанның інімізге залалын тигізуі әсте мүмкін емес. Әрі оны алып баратын болсақ, бір түйе астықты артығымен беремін деп отыр. Егер ол көмектеспесе, мына жұттан құтылуымыз екіталай», – дейді. Ақырында әкелері амалсыз келісімін береді. Он ағасы бұл жолы жүрек жарды сөздерін айтып, шамалары келгенінше бауырлары Бунияминді қорғауға уағда етеді. Оларды шығарып салып тұрған хазіретЖақып: «Балаларым! Мысыр еліне барғанда бәрің бір бір қақпадан кіруші болмаңдар. Әр түрлі қақпалардан бөлініп-бөлініп кіріңдер. Әйтсе де жазмыштан озмыш жоқ. Хақ тағаланың пешенелеріңе жазғанын көрерсіңдер. Мен Аллаға ғана тәуекел етіп, арқа сүйедім»,[4] – деп өсиетін айтады. Олар әкелерінің айтқанын екі етпей Мысырдың әр түрлі қақпаларынан кіріп, Жүсіпке (а.с.) барады. Аман- саулықтан соң олар кіші інісі Бунияминді көрсетіп «Міне, біздің ең кішкене ініміз. Өзіңіз қыстап қолқа салған соң, әкемізді көндіріп алып келдік», – дейді. Хазірет Жүсіп өз інісін көріп іштей қатты қуанады. Алайда ол осы қуанышын ағаларына сездірмейді. Хазірет Жүсіп оларды естерінен кетпестей қонақ қылып, астан соң бір бөлмеге екі кісіден орналастырды. Осы кезде Буниямин жалғыз қалды. Жүсіп пайғамбар оларға: «Бұл жалғыз қалды. Ендеше менімен бірге тұрсын», – деп өзімен бірге ертіп кетеді. Ол кіші інісімен жеке қалған соң, оған: «Қайтыс болған ағаңның орнына мен саған аға болғым келеді? Осыған қалай қарайсың?», – дейді. Буниямин: «Өмірде сендей адамға іні болудан асқан бақыт бар ма? Бірақ сен әкем мен шешемнен туған бауырым емессің ғой», – деп жауап береді. Осы кезде төзімі таусылған хазірет Жүсіп оны бауырына басып: «Сол бір туған ағаң, міне, қарсы алдыңда тұрған жоқ па? Сендерден қол үзгелі, міне, бірталай жыл өтті. Өздеріңді бір көруді зарыға аңсап келген Жүсіп деген ағаң мен боламын. Өткен өтті. Жүрегімде ағаларыма деген титтей де кек жоқ. Бірақ сен мен туралы ешкімге тіс жарып ештеңе айтушы болма», – дейді. Буниямин сонда ғана оның өз ағасы екенін көзінен танып, қуанғаннан балаша секіреді. Жүсіп пайғамбар оған өзінің құдыққа тасталғанынан бастап осы күнге дейінгі бастан кешкен оқиғаларын түгел әңгімелейді. Аздан соң хазірет Жүсіп:«Мен сені әйтеуір бірдеңені сылтау етіп өзіммен бірге алып қаламын. Саспа! Иншалла, бәрі де жақсы болады», – деп ішкі жоспарын оған жайып салды.

Күндер зулап өтіп, ағаларының қайтатын мезгілі жетті. Сол кезде Жүсіп Бунияминнің қоржынына өзінің тиесілі күміс кесесін салып қояды. Он бір кісілік керуен жаймен жылжып жолға шығады. Қаладан шығып бара жатқанда, арттарынан хазірет Жүсіптің шабармандары қуып жетіп:«Уа,керуен!Тоқтаңдар.Қазынабастығының ғажайып күміс кесесі бар еді. Сол жоғалды. Сендер алған болуларың мүмкін. Қане, жүктеріңді тексеріп көрелік», – дейді. Олар шын пейілдерімен: «Жо-жоқ, біз алған жоқпыз. Бізге сонша құрмет көрсетіп, жылы пейіл танытқан мырзаға қалай опасыздық жасамақпыз? Оның үстіне біз пайғамбардың баласымыз», – деп ағынан жарылады. Шабарман: «Егер күміс кесе біреуіңнен табылса, шариғаттарың бойынша қандай жаза беріледі?» деп сұрайды. Олар: «Қай жүктен кесе табылса ұры сол болғаны. Сондықтан оның жазасы ұрланған кесенің иесіне бір жыл қол қусырып қызмет етеді», – деп жауап береді. Шабарман жүктерді тексеріп жүріп, Бунияминнің қоржынынан күміс кесені тауып алады. Осыған куә болған он ағасы не істерін білмей сасады. Осы кезде хабар жіберіліп хазірет Жүсіп те келеді. Олар Жүсіп пайғамбарға ақталып: «Егер Буниямин ұрлаған болса, таңданатын түгі жоқ. Өйткені бір кездері оның ағасы Жүсіп те осылай ұрлық жасаған болатын», – деп жан-жақтан даурыға кетеді. Хазірет Жүсіп олардың бұлай кінә таққандарына іштей наразы болса да, ішінен: «Пейілдерің неткен жаман еді! Өздерің бір кездері мені әкемнен ұрлап әкеткен жоқ па едіңдер? Алла не айтқандарыңды жақсы біледі», – деп күбірлейді.

Хазірет Жүсіп Бунияминді алып қалмақ болғанда, он ағасы жалынып: «Бунияминнің кәрі әкесі бар еді. Бір баласын жоғалтқалы, қатты қайғырып тек осыны өзіне медет етіп келе жатыр. Сізге біздің өтінішіміз, осының орнына кез-келгенімізді алып қалыңыз. Бұл бала қалса, әкесінің бетіне қалай қараймыз? Сіз өзіңіз де жүзіңіз жылы, өзгеге игілік жасаушы адамсыз ғой»,[5] – дейді. Хазірет Жүсіп: «Жо-жоқ, о не дегендерің? Ұрлықты кім жасаса соны ғана алып қаламыз. Жазықсыз жанды кінәлап жазаға тартсақ, нағыз әділетсіздік сонда болмай ма?» – деп, Бунияминді өзімен бірге алып кетеді. Олар кеткен соң он ағасы сол жерде бір-бірлеріне қарап жүрер-жүрмесін білмей дағдарып тұрып қалады. Аздан соң өзара ақылдаса бастайды. Үлкен ағалары Яһуда осы кезде: «Мен әсте елге қайтпаймын. Бұдан былай әкеміздің жүзіне қарайтын менде бет қалған жоқ. Әуелде Жүсіпті қорғаймыз деп уағда етіп едік. Оны әдейілеп көзін жойдық. Енді Бунияминді аман ертіп баруға серт берген едік. Оның жағдайы мынадай болды. Енді елге не деп барам? Әкеме осы жайды не деп түсіндіремін? Сондықтан әкем рұқсат бергенге яки мен үшін Алла бір үкім еткенге дейін, осы жерден әсте айырылмаймын. Алла үкім берушілердің ең жақсысы. Бірақ сендер елге барып болған жайды әкемізге қаз-қалпында баян етіңдер. «Қалай болғанын білмейміз. Әйтеуір сол күміс кесе балаңыздың қоржынынан шықты. Сенбесеңіз, қала халқынан яки керуендегі кісілерден сұраңыз», – деп айтыңдар», – деді де, оларды шығарып салып, өзі сол жерде қалып қояды. Яһуданың шыдамы осы жерге дейін жеткен еді. Оның ар-ожданы һәм ішкі иманы оның жанын қанша жылдан бері тергеп, қажап мазалап келеді. Ол інісі Жүсіпке әсте жамандық ойлағысы келмеген болатын. Бірақ осы тоғыз інісінен аса алмаған еді. Ол сол кездері інісі Жүсіпті өлтірмейік деп қарсы шыққанда, бәрібір тоғызы бұған көрсетпей, оны өлтіріп тынатын еді. Сондықтан амалсыз солардың бірі болып көрініп, Жүсіпті аман алып қалудың жолын күні бойы ойлап, ақырында, оларға «өлтірмей, құдыққа тастайық» деп ебін тауып сөзін өткізген болатын. Кейіннен сол құдықтан өтіп бара жатқан керуеннің інісін тауып алып, құлдыққа сату үшін алып кеткенінен де хабардар болған. Бірақ одан арғы тағдыры қалай болғанын білмейтін. Ақымақ інілерінің айтқанынан шыға алмай, солардың жоспары бойынша әкелерінің көңілін өздеріне бұрмақ болып еді. Қайта бұрынғы сүйіспеншілігіне зар болды. Әкесі сол інісі жоғалғалы, көз жасын төгіп қайғырумен келеді. Інілерінің сонша санасыздығын қара! Олар ағасына «әкемізге қасқыр жеді» деп айтамыз деп көндірді. Ақырында, сол айтқанын істеп көйлегіне малдың қанын жағып ұялмай әкелеріне «балаңызды қасқыр жеп кетіпті» деп айтты. Бір адамды қасқыр таласа, одан тым құрыса бір сүйегі қалмай ма? Қанға боялған көйлектің жырым-жырымы шықпай ма? Көйлегін жыртпай жейтін ол қандай қасқыр сонда? Қарапайым адам да аңғара алатын нәрсеге бір пайғамбар сене салады деп ойлағаны ма? Енді, міне, Бунияминді де ант-су ішіп, алып шығып едік, одан да айырылдық. Бүйтіп пайғамбар әкемізді алдап күн кешкенше қара жерді құшқан әлдеқайда артық. Жылдар бойы өзегіме түскен осы бір жегі құрт енді бүгін өңешімді тесіп шықты-ау. Бұдан былай жаратушы Жаппар Иенің жарлығын күтуден басқа шара қалмады. Тәубе етіп адам боламын ба, әлде жер құшып қор боламын ба, ендігісін бір Алла ғана біледі. Ол осылайша терең ойға батып, еліне қарай жылжып бара жатқан керуенге бір, Мысыр қақпасына бір қарап сілейіп ұзақ тұрды.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Жүсіп» сүресі, 46-49

[2] «Жүсіп» сүресі, 51

[3] «Жүсіп» сүресі, 61

[4] «Жүсіп» сүресі, 67

[5] «Жүсіп» сүресі, 78

Бөлісу: