Һұдқа (а.с.) иман келтірген Ад елі өсіп-өніп, олар тайпа, руға бөлініп шартарапқа жайылды. Солардың бірі – Самуд елі еді.
Кейбір деректерде Самуд Нұх пайғамбардың Сам деген баласының ұрпағы болып саналады. Самудтан тараған ұрпақ әуелі ру болып, өз алдына Хижаз бен Шам арасындағы «Уәдил-қура» деп аталатын аймақтың «Хижр» деген өңіріне орналасты.
Кейіннен осы ру бірте-бірте еңсесі биік елге айналды. Бұл ел кейіннен өз ішінде тоғыз руға бөлінді. Олардың басшылары өз араларында келісіп алқа тобын құрды. Алайда өздерінің ғана жағдайын көбірек күйттеген олар кейіннен ел арасында түрлі бүліктер шығара бастады.
Адасқан ел көп ұзамай ағаштан, тастан жасалған пұттарға табыну әдетіне қайта бастады. Бірте-бірте Алла Тағалаға да, ақыретке де сенбей, дүниеде мәңгі жасайтын адамдарша қарекет етіп, мына жалғанның қызығына берілді. Жаз жайлауға әсем жаздық үйлер жасап, өмірдің қызығына батса, қыста тауға көшіп барып, тауларды үңгіп үй жасап, сол жерде қыстайтын болды. «Хижр» сүресінде «Олар таулардан берік үйлер үңгіп алатын еді» (Хижр 52) деп, Самуд халқының тұрмысынан хабар берілген.
Салихқа пайғамбарлықтың берілуі
Салихтың әкесі халық арасында беделді Удәйд деген кісі болатын. Осы кісінің шаңырағында бір күні дүниеге шыр етіп сәби келді. Туыстары мен замандастары «өзіңе тартып халықтың қалаулысы, елдің елеулісі болсын» деп тілек білдірді. Бұл Салих пайғамбар еді. Ел-жұрт оған қызыға қарап «сүйкімді бала» деп атады. Халық әу бастан-ақ парасаттылығын байқап «бұл бала тегін емес, бойында бір қасиеттің бары анық» деп, бір-бірлеріне қарап бас шұлғысатын. Алайда халық бұл баланың бір қылығын түсіне алмайтын. Ол кіп-кішкентай бола тұра, әсте бұлардың кие тұтып, тәңір еткен пұттарына табынбайтын. Табыну былай тұрсын сол маңайға бір мәрте болса да маңайлап бармайтын да. Дегенмен олар: «Әлі бала ғой. Өскен соң пұттардың қасиетін түсінер», – дейтін де қоятын.
Салих ат жалын тартып міне бастаған шағынан бастап, әділдігімен, ізгі қасиеттерімен ел көзіне түсіп жүрді. Оның жүріс-тұрысы, халықпен қарым-қатынасы, көркем мінез-құлқы ел ішінде аңыз боп тарады. Салиқалығымен танылған Салихтың аты да затына сай болатын. Өйткені қашанда әлсіздерге болысып, жарлыларға жәрдем етуден аянбайтын.
Салих жігіт болып есейе бастағанда, халықтың азғындығы тым шектен асып еді. Бір күні Салихқа Жәбірейіл періште арқылы Хақ Тағаладан аян келіп, пайғамбарлық міндет жүктелді. Мұндай нар көтермес ауыр жүкті тек пайғамбарлар ғана арқалай алатын. Өйткені сан жылдар бойы пұттарға табынып азғындаған бір елдің бүкіл наным-сенімін іске алғысыз ету, саналарына сіңіп қалған кесірліктен бірден ажыратып тәухидті сіңіру оңай емес еді. Өйткені Салихтың жұртыда Ад елі сияқты пұтқа табынған қыңыр жандар болатын. Сол себепті бұл ел «екінші Ад елі» деп аталған. Алла Тағала Құранда бұл елді «Асхабул-хижр» (Тас иелері) деп атаған. Өйткені бұлар тас қашаудың әлемде теңдесі жоқ шеберлері болған. Өздері де тастай берік әрі күшті ел еді. Тастан түйін түю нәтижесінде мүсін жасап соған табынуды шығарған. Олардың тасқа табынуы екі нәрседен туындаған болуы мүмкін. Әуелі, олар тауды ойып үйлер жасағандықтан, тастың соншалықты беріктігі мен күштілігін байқап, ақырында оны «құдіретті күш» деп ойлаған болуы бек мүмкін. Ақырғысы, сол қара тастарды ойып жасаған өздерінің дарындылығы мен шеберлігіне тәнті болып, қашап жасаған мүсіндеріне табынған да шығар.
Салих (а.с.) осындай елге пайғамбар болып келді. Ол дереу халқын ақиқатқа шақыра бастады: «Уа, халқым! Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар! Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол сендерді топырақтан жаратып әрі сонда өмір сүргізді. Ендеше, сол Жаратқаннан қолдарыңды жайып жалынып, жарылқау тілеңдер. Һәм тәубе етіңдер. Сөзсіз, Ол құлдарына өте жақын, олардың тілеген тілектеріне сөзсіз жауап береді» (Һуд 61), –дейді.
Салих (а.с.) адамның топырақтан жаратылғанын түсіндіріп, бұған қисынды дәлелдер келтіріп бақты. Жерді Алла Тағаланың адамзаттың игілігіне бергенін айтты. Ал ел табынып кеткен пұттардың топырақтан жасалғанын,олардың құдай бола алмайтынын түсіндірді. «Жер мен адамды кім жаратса, Иесі де сол болмақ. Адам да, пұт та топырақтан жасала тұра, қалайша пұт адамға құдай болмақ?!» – деп ойға шақырды.
Қолдан жасалған пұттардың тәңір бола алмайтындығын айтып, Салих (а.с.) халықты тәубе етуге, Хақтан кешірім тілеуге үндеді. Адам баласы пенде болған соң қателеспей тұра алмайды. Бұл – оның жаратылысында бар нәрсе. Алайда тура жол анықталған кезде дереу тәубе етіп қателігін түзете білу нағыз ерлердің ісі екендігін айтты. Алайда халқы оның сөздеріне құлақ аспады. Олар: «Ей, Салих! Сен осы күнге дейін арамыздағы үлкен үміт күтіп жүрген адамдардың бірі едің. Аяқ астынан басыңа не күн туды, бізге ата-бабаларымыз табынып келген құдайларға табынба дегенің не? Расын айтсақ, біз сенің мына жаңа сеніміңе күдікпен қараймыз», – дейді.
Иә, Самуд халқы Салихтан мұндайды күтпеп еді. Олар оны «өскенде ел басқаратын көсем яки қара қылды қақ жарған әділ би, дауға түсер шешен» болады деп үлкен үміт артатын. Бірақ оның жаңа сенімге, жаңа дінге шақырғанын түсіне алмады. Тіпті бұл жолда құрбан болуға әзір екендігі, қандай жағдайда да бас тартпайтын ниетін білген сайын, шошына бастады. Салих пайғамбар сол елдегі ақсүйек отбасынан шыққан адам еді. Әкесі, туыстары лауазымды адамдар болатын. Сол себепті де Самуд халқы ә дегеннен оған озбырлық көрсетіп, қастық жасай алмады.
Олар кейде Салихтың осы қылығын сан-саққа жорыды. Бірі: «Е-е, оның мақсаты – бізді алдап-арбап дүниеге қол жеткізу» десе енді бірі сөзін бөліп: «Жо-жоқ, Салихқа дүние, байлық қажет емес. Онсыз да оның дүниесі көл-көсір. Шамасы, ол елдің билігін көксеп жүр», – десе, тағы бірі бұған да қосылмай: «Оған дүние де билік та қажет емес. Бар болғаны есінен ауысқан. Айтып жүрген сандырақтары осының айғағы», – деп соқты.
Салих пайғамбар елдің жел сөздеріне көңіл аудармай, өз міндетін жалғастыра берді. Осы аралықта да Самуд халқы тіптен байи түсіп, қатігездік пен бүліктің шырқау шегіне жетіп қалған еді.
Салих (а.с.) оларға: «Уа, халқым! Сендер мына қызығын көрген жұмаққа ұқсас бақтар мен баубақшалар, мөлдіреп аққан сарқырамалар, сабағы майыса жайқалған егіндер осылай мәңгі-бақи құлпырып тұра береді, біз осының қызығын мәңгі көре береміз деп ойлайсыңдар ма?» (Шуғара 146) «Араларыңда ықылымнан бері өлмей өмір сүріп келе жатқан бір тірі жан бар ма? Кешегі өткен заманда таудан қашап жасаған мына үйлердің иелері өлмесе бүгін қайда кетті? Олар да бір кездері сендер сияқты мәңгі өмір сүретіндей, дүниені жалпағынан басып жүрген болатын. Ал бүгін олар қайда? Иә, бәрі де тынысы біткен кезде өзі жаралған топырағына көмілді де кетті», – деді.
Қуаңшылық
Салих (а.с.) пайғамбардың сөзін әсіресе ел билеуші көсемдер мен байлар місе тұтпады. Олар әрқашан малы мен жаны аман тұрарына бек сенді. Пайғамбардың сөзіне құлақ аспады. Сол себепті Хақ Тағала оларға ескерту ретінде қуаңшылық жіберді. Масатыдай құлпырған жайлауы көп ұзамай соры шыққан тақырға айналды. Бір ғана құдықтан басқа бүкіл құдық атаулының суы тартылды. Елдің күні жалғыз құдыққа ғана қарап қалды. Таң атқаннан кеш батқанша бүкіл халық сол құдықтың басында үймелеумен әбігерге түсті. Бұны көріп халықтан тәубаға келгендер Салих пайғамбардың айтқандарын тыңдай бастады. Бірақ бұл жағдай мүшрік билеушілерге ұнамады. Олар бір күні келісіп, Пайғамбарды халық арасында мүдіртуге ниеттенді. Ақиқаттың жаршысы – Салих бірде қалың нөпір халықтың арасында тұрып дін уағыздап, оларды ақиқатқа шақырып тұрған шақта әлгі мүшріктер келіп: «Ей, Салих! Біз сені жақсы танимыз. Көз алдымызда дүниеге келдің. Тәй-тәй басқаның, ойын баласы кездерің де есте. Есейгенде елдің арқа сүйер азаматы болар деген едік. Алайда сенің мына теріс қылығыңа жол болсын?! Біз білетін Салих ата-бабаларымыз құрметтеп өткен пұттарға тіл тигізіп, олардан бас тартуы мүмкін емес. Шамасы, дуаланып қалған секілдісің. Өйткені не айтып жүргеніңді өзің де білмейтіндейсің. Өзімізбен қатар жүрген адам бізге қалай пайғамбар болмақ? Егер айтқандарым ақиқат десең, мына таудағы әне бір тік жартастан ішінде он айлық ботасы бар, буаз қызыл інгенді шығаршы қанекей. Соны көрейік те айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүрейік. Һәм ол аузына көк шөпті шайнап шықсын. Бұл түйеге сырттай қарағанда өзге түйелерден айырмашылығы болмасын. Құдықтан тұптура бір күн су ішсін. Су ішкенде құдықты сарқып ішсін. Сол күні бүкіл жұрттың түйелерінің сүтіндей сүт берсін» дейді.
Салих (а.с.) олардың бұл ұсынысына ешқандай абыржыған да, қысылған да жоқ. Өйткені ол қысылған сәтте әрқашан өзіне Хақ Тағаланың көмектесетініне, қиыншылықтардан құтқаратынына күмәнсіз сенетін. Қашан да Раббысына бек тәуәкел еткен жан еді. Салих пайғамбар оларға: «Мен бұл тілектеріңді орындасам, сендер иманға келесіңдер ме?» – деп сұрады. Сол жердегі дүйім жұрт бәрі бірауыздан шуылдасып: «Егер осыны орындап мұғжиза көрсетсең, біз саған иман келтіреміз. Содан кейін бізде ешқандай күмән да, күдік те қалмайды», – деді. Салих пайғамбар мұғжиза болып келген түйеге халық залал келтіріп жүрмес пе екен деген уайым кешкен еді. Олар тағы да жамырап: «Жо-жоқ, киелі түйені өлтіргені несі? Оған біздің дәтіміз қалай шыдайды, қолымыз қалай барады. Оны өлтірмейміз, қайта кие тұтамыз!» – деп ант-су ішті. Олардың бәрі осылай шуылдасып тұрғанда, іштерінен: «Е-е жартасты жарып шығатын қайдағы түйе? «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген, міне, осы!» – деп жымысқылана күліп тұрды.
Киелі түйе
Салих (а.с.) өзіне сенген мұсылмандарды ертіп тік жартастың жанына келді. Хақ пайғамбар қолын жайып дұға ете бастады. Әр дұғасына артында тұрған мұсылмандар «әмин» деп тұрды. Бір кезде жартас қақ айырылды да, ішінен аузына көк шөп тістеген бір түйе шыға келді. Шығысымен, толғақ қысып, бір бота туды. Одан соң тіке құдықтың басына барып, ондағы судың бәрін ішіп тауысты.
Осыны көрген Самудтың кәпір халқы не істерін білмей қатты састы. Уәжге жығылып, уағдасын өтей алмай, құты қашты. Мұсылмандар болса имандары бұрынғыдан бетер арта түсіп, сәждеге жығылып, жапатармағай Алланы ұлықтай бастады. Мұсылмандар жағы ел арасында кедей, қауқарсыз, көп ішінде қораш саналған жандар еді. Десе де олар Жаратқанның алдында «Салих пайғамбардың сенімді серіктері» атанатыны анық. Қиямет орнап, мақшар күні құрылғанда, Хақ Тағала оларды мақшар халқына «абыройлы адамдар» деп танытпақ-ты.
Самуд халқының кәпірлері болса, олардың жандарына келіп, иман келтіргендері үшін бейшара, адасқан, ақымақ санап: «Сендер Салихтың Жаратушы жіберген елші екеніне нық сенімдісіңдер ме? Расында, оның айтқандарының, көрсеткендерінің бәріне сенесіңдер ме?» – деп сұрады. Мұсылмандар Пайғамбардың сөзіне де, ісіне де, көрсеткен мұғжизасына да тұтастай сенетіндіктерін анық білдіріп, қажет болса, жолында жандарын құрбан етуге әзір екендіктерін аңғартты. Кәпірлер: «Біз болсақ сендердің сенгендеріңді жоққа шығарып күпірлік етеміз» деп, өздерінің қасарысқан кәпір екендігін паш етті.
Көп өтпей ес жиған Самудтың мүшрік халқы өзара күбірлесіп, ақырында Пайғамбарға қарап: «Салих, біз сені басқа біреу дуалаған екен деп жүрсек, нағыз дуалаушы, сиқыршы өзің екенсің ғой», – деп килікті.
Салих пайғамбар жиналған Самуд халқына қарап: «Уа, халқым! Мынау – Хақ Тағаланың аруанасы. Бұл – сендерге берілген мұғжиза. Бұған әсте тиісіп, қол жұмсаушы болмаңдар. Алла Тағаланың қалаған жерінде жайылсын. Оған қандай да бір жамандық жасап, залал келтіретін болсаңдар, көп ұзамай азапқа ұшырайсыңдар» (Ағраф 75-76), – деп қатаң ескерту жасады. Ол әрі қарай сөзін жалғап: «Уа, халқым! Мына аруанаға мұқият болыңдар! Су кезегі бір күн онікі бір күн сендердікі. Қайталап айтамын. Оған килігіп жамандық жасап жүрмеңдер. Онда сендер ұлы күннің апатына ұшырайсыңдар» дейді. Ол осыдан кейін халыққа насихат айтып: «Уа, халқым! Ад елінен кейін сендерді олардың ізбасары етіп жер бетіне орналастырғанын еске алыңдар. Ойпаттарда сарайлар салып, тауларды үңгіп үйлер қазатын едіңдер. Олай болса, Хақ Тағаланың нығметтерін еске алыңдар. Жер бетінде бүлік шығарып, шектен шығып асып-таспаңдар!» (Ағраф 74) – деп сөзін тамамдады.
Салих (р.а.) аруананы «Алланың түйесі» деп атайды. Оның себебі, аруана сырттай қарағанда ешбір түйеден айырмашылығы жоқ секілді көрінгенмен, бір құдықтың суын бір өзі тауысатын еді. Және халық оны алғаш сауған кезде, қатты таңырқап не істерін білмей састы. Өйткені аруананың желінінен бұлақтай аққан сүт елге түгел жетті.
Бұл түйе кәдімгі түйеден еш аумағанымен, таңғаларлығы, мұны көрген жерден Самуд елінің түйелері тым-тырақай үркіп қашты. Самуд халқының су алу кезегі бір күнге қысқарғандықтан, түн баласы көз ілмей ертеңгі күннің суын тасумен әбігерленді. Сол себепті уақыт өте келе, олар бұл түйеден мезі бола бастады.
Ақырында, мүшріктердің басшылары жиналып, халықты түйені өлтіруге үгіттеді. Олар былай дейді: «Қашанғы бұлай өмір сүре бермекпіз? Мына түйе елдің берекесін қашырып бітті. Өмірімізді осылайша қиыншылықпен өткізе бермекпіз бе? Бұл пәлекет тұрғанда, бізге күн жоқ. Оның көзін тезірек құртып тыну керек». Осылайша түйені өлтіруге халықты ақыры көндірді.
Бірақ түйені өлтіруге ешкімнің батылы бармады. Бір кезде Қаддар деген біреу сегіз мас адамды бастап апарып түйені жайғастырмақшы болды.
Бір күні Салих (а.с.) халықты әдеттегідей дінге шақырып тұрғанда, мүшріктердің басшылары келіп оны айнала қоршап, келемеж ете бастады. Сол сәтте түйе құдықтан су ішіп тұрған болатын. Олар түйені көрсетіп: «Мына түйені өлтірсек, басымызға пәле келіп, жермен-жексен болады екенбіз. Ал ендеше түйені өлтірейік те әуселеңді көрейік», – деді де арнайы топқа ишарат етті. Олар дереу жабылып жүріп түйені жерге құлатты да сойып тастады. Етін жілік-жіліктеп өздері бөліп алды. Сосын Салихқа бұрылып: «Ал, Салих! Киелі деген түйеңді өлтіріп тастадық. Егер пайғамбарлығың рас болса, айтып жүрген азабыңды көрсет», – деді.
Хақ пайғамбар азғын топқа қарап:
Уа, халқым! Сендер не істедіңдер? Өздеріңе сынаққа келген түйені сойып тастағандарың не? Осы күнге дейін жасаған күнәларың аз болғандай күнә үстіне күнәні жамағандарың қалай? Әлде азапты тезірек көруге асығып тұрсыңдар ма? Тәубаға келіп, Хақ Тағаладан кешірім сұрасаңдар, әлі де кеш емес, күнәларың кешіріледі», – деп, тәубаға келуге шақырды. Олар:
Ей, Салих! Сен бізге пәле болып жабыстың. Өйткені сен осы дінді шығарғалы, елдің берекесі қашты. Басымыздан пәле арылмады. Ендеше, мұның бәрі сенің кесіріңнен. Өйткені сенен бұрынғы өміріміз тып-тыныш еді, – деп бар кінәні соған артты. Салих пайғамбар:
Уа, халқым! Бар кесапаттарың Хақ Тағалаға аян. Ол сендерге көптеген сынақтар берді. Сендер жақсылықпен де, жамандықпен де, абыроймен де, жоқшылықпен де сыналдыңдар. Бірақ осының бәрі не үшін екенін аңғара алмадыңдар. Хақ Тағала сендерге шарапатын төгіп, осыншама жақсылық бергенде, шүкіршілік ете алмадыңдар. Хақ Тағала сендерге небір пәлекеттерді жаудырғанда, тағат тауып сабыр сақтай алмадыңдар. Түйені бауыздап тастаған соң, әлі де тәубеге келуге мүмкіндік бар еді. Амал нешік! Оны да жіберіп алдыңдар. Бұдан соң сендерге рақым жоқ. Бұндай кеселдеріңнің, сірә енді, емі табыла қоймас. Сендер енді үш күн күтіңдер. Алғашқы күні беттерің сарғаяды. Екінші күні қызарады. Ақырғы күні қараяды. Төртінші күні қандалаша қадалған азап сендерді бидайдай қуырып жер бетінен жоқ қылады, – деп ақырғы сөзін ашынып тұрып айтты.
Мүшріктердің басшылары бұл сөзді де қаперлеріне алмай, әуелі Салихтың өзін, одан соң отбасын, артынша мұсылмандарды түгел қырып тастауды жоспарлады. Олар осындай шешімге келіп ант-су ішісті.
Құранда «Шәмс» сүресінің 14-аятында «Бірақ, олар Салихтың сөзін тыңдамай, түйені өлтіріп тастады» деп айтылады. Яғни олар пайғамбарларының дегеніне құлақ аспады. Күндіз-түні араларында жүріп, насихат айтқанмен, халқы тым құрыса бір рет: «осының айтқаны дұрыс болып шықса, жағдайымыз не болмақ?» деп ойланып та көрмеді. Қайта аталмыш аяттағы «ақара» сөзі бір малды құлатып, аяқтарын байлап, бауыздап тастау деген мағынаға келеді. Ендеше олар жазықсыз түйені ұрып қана қойған жоқ, жерге жығып, байлап бауыздап өлтіреді. Бұл іс-әрекеттері олардың азғындықтарының ең шектен шыққан түрі еді.
«Сонда Раббылары оларға қылмыстарының салдарынан апат жіберіп, түгелдей жермен-жексен етті». «Хижр» сүресінде: «Сонда оларды ащы дауыс бүріп әкетті» (Хижр 83), – деп айтылғандай, Самуд халқының үстіне ауыр азап найзағайдай жарқ етіп түсіп, бәрін бір сәтте жермен-жексен етіп, жер бетінен жоқ қылды. Көп жылдар, бәлкім, ғасырлар бойы ғұмыр кешіп келе жатқан қоғам бір сәтте жер бетінен жоғалып, Самуд халқы бұрын-соңды өмір сүрмегендей ізі ғайып болды. Иә, Хақ Тағаланың қаһарына ұшыраған ел, не жеке тұлғаның ажалы осылай болмақ. Өйткені, олар киелі түйені бауыздағанындай өз тағдырларын өздері шешкен еді. Алла Тағаланың ашуына тиген елдің ажалы кейде су тасқыны, кейде жерден шыққан от, енді бірде зілзала, тағы басқа біз білмейтін орасан пәлекеттер арқылы көрініс табады. Міне, Самуд халқы да ащы дауыс арқылы бізге беймәлім бір пәлекетке тап келіп, тауды ойып салған үйлерімен қоса түгелдей тып-типыл болды. Алла Тағаланың түйені жартастан шығарып, күллі құдықтың суын бір өзіне ішкізіп көрсеткен мұғжизасында құдіретінің шексіздігін түсінер деген ғибрат жатыр еді. Өйткені, олардың өмірі тау-таспен тығыз байланысты еді. Олар сол тауларды бұзып сарайлар тұрғызып, өмір сүрген. Ал тасты ойып үй салу деген – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Олар тас дегеннің не нәрсе екендігін жақсы білетін. Бұған қоса түйе олардың малының төресі, яғни, тіршілік көзі еді. Алла Тағала олардың ең қатты деген жартасын жарып, түйе яғни, жанды нәрсені жаратып көз алдарына қойды. Алла Тағаланың құдіретімен жартас екеш жартас та қақ айырылып, қақпадай ашылады. Ендеше ең қатты нәрседен ең жұмсақ тіршілікті жаратқан Құдайдың бұл құдіреті олардың көкірек көздерін ашуға жетпей ме? Бірақ олардың жүректері сол жартастан да қатты болып шықты. Хакім Абайдың «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым» дегеніндей, Алла Тағаланың құдіреттілігіне жартас тағзым етіп, қақ айырылғанмен олардың тас жүрегі міз бақпай қойды.
Самуд халқының тағдыры
Салих пайғамбардың айтқаны айдай келіп, алғашқы күні-ақ кәпір халықтың беттерінде азаптың сарғайған белгісі көріне бастады. Самуд халқы бәрінің беттері бір түнде сап-сары болып кеткенін көріп, «әлгі Салихтың сандырағы шынымен келіп жүрмесін» деп, бір-бірлерінің жүзіне абыржыған түрде жалтақтай қарады. Екінші күні ұйқыдан оянғанда, беттерінің қызарып кеткенін көріп, үрейлене бастады. Үшінші күні тұтас елдің беттері қап-қара болып түтігіп кетті. Салихтың айтқаны шынға айналды деп, естері кете сасқалақтады. Сосын Салихтың (а.с.) көзін жоймақшы болған әлгі топ түн жамыла оның үйіне басып кіргенде, үйінің қаңырап бос тұрғанын көреді. Бастары қатып діңкелері әбден құрыды. Мұның алдында ғана Алла Тағала Жәбірейіл арқылы хабар жеткізіп, Салих пайғамбар (а.с.) мен үмбетін қаладан шығарып жіберген болатын.
Ертесі күні қала халқы естерін жинай алмай улап-шулап жатқанда, көктен жан түршігерлік қорқынышты дауыс естіліп, Самуд халқын жермен-жексен етіп, қаланың астаң-кестеңін шығарды.
Апаттың түйені өлтірген соң бірден келмей үш күннен соң келуі де Хақ Тағаланың оларға деген рақымы еді. Өйткені олар осы үш күн ішінде әлі де тәубаға келіп, иман келтіргенде, Жүніс пайғамбардың халқы секілді құтылар ма еді. Бірақ олар қанша үрейленсе де бойларындағы шайтандары мен мұздай жүректері тәубаға келтірмеді.
Қала тып-типыл болып күлі көкке ұшқан кезде, Салих пайғамбар (а.с.) үмбетін ертіп, сол бір қиян-кескі көрініске ғибратпен қарады. Ол жермен-жексен болған халыққа қарап: «Уа, халқым! Сендерден ешбір ақы сұрамай тек қана Раббымның хабарын жеткіздім. Сендер осындай халге душар болмасын деп, бүкіл ғұмырымды арнап, жанымды бәйгеге тіге сан-мәрте насихат айттым. Бірақ сендер сөзіме бір сәт болса да құлақ аспадыңдар. Мінеки, істің ақыры осындай адам айтқысыз қасіретпен аяқталды», – дейді.
Бұл кезде Самудтың кәпір халқы әлдеқашан өте аянышты күйде жер құшқан болатын. Бірақ олар бақида тұрып Пайғамбардың сөзін естіді.
«Әнбия» сүресінде айтылғандай, тарихта ешбір пайғамбар қайта айналып кеп өз елі жермен-жексен болған өңірде өмір сүрмеген.
Абдулла ибн Омардың бізге жеткізген бір хадисінде Алла елшісі (саллАллау аләйһи уә сәлләм) Тәбук ғазауатында Самуд халқының жермен-жексен болған өңірде қонақтағаны айтылады. Сонда ол сахабаларына бұл жердің құдығынан бір тамшы су татып алмауды бұйырады. Сахабалар:
Пайғамбарым! Біз осы құдықтың суынан қамыр илеп қойдық, ыдыстарымызды да толтырып алдық, – дейді. Алла елшісі:
– Олай болса, қамырды түгелдей лақтырыңдар, ыдыстарыңдағы суды да төгіп тастаңдар, – деп бұйрық берді.
Кейбір деректерге қарағанда, Салих пайғамбар Самуд халқының өлімінен кейін үмбетімен бірге жиырма жылдай өмір сүріп, жүз елу сегіз жасында ақыретке көшіп, Алла Тағаланың рақымына бөленеді.
(Материал Қ. Сейтұлының «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды)
Ummet.kz