25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Адам атаның (а.с.) өнегелі өмір жолы (екінші бөлім)

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Хауа ананың жаратылуы

Хауа ана – алғашқы адам әрі алғашқы пайғамбар Адам атаның өмірлік серігі.

 

Құранда Хауа ананың жаратылуы туралы былай делінеді: «Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратқан – Алла Тағала» (Ағраф 189), «Ей, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен қисапсыз ер, әйелді жаратқан Раббыларыңнан қорқыңдар» (Ниса 1). Яғни, әуелі Адам ата, сосын Хауа ананың жаратылғандығын көреміз.

Сондай-ақ Хауа ананың қалай жаратылғандығына қатысты Ислам ғұламаларының көзқарастары әр алуан болып келеді. Кейбірі «одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратқан Алла Тағала» деген аталмыш аятқа сүйеніп, Хауа ананың Адам атаның денесінен жаратылғандығын айтады.

Мәселен, Ибн Касирдің тәпсірінде былай делінген: «Адам ата жаннатта бірталай уақыт жалғыз өзі өмір сүреді. Ол өзін жалғыз сезініп, рухы құлазиды. Бір күні ұйқыға жатып қайта оянғанда, алдында Алла Тағаланың оның қабырғасынан жаратқан әйел затын көреді. Одан: «Сен кімсің?» – деп сұрайды. Ол: «Әйелмін», – деп жауап береді. Адам: «Не үшін жаратылдың?» – дейді. Хауа ана: «Сенімен тұру үшін», – дейді. Осы кезде періштелер келіп, Адам атадан сұрай бастайды. Адам ата оның Хауа екендігін айтады. Періштелер: «Неге оған Хауа деген ат берілген?» – деп сұрайды. «Өйткені ол тірі нәрседен жаратылды», – деп жауап берген еді».

Басқа бір хадисте: Пайғамбарымыз (саллАллау аләйһи уә сәлләм) : «Ей мүміндер! Бір-біріңе әйел заты туралы қайырлы болып, нәзік қарым-қатынас жасауды өсиет етіңдер. Өйткені олар қабырғадан жаратылған. Ал қабырға сүйегінің ең иілген жері – жоғарғы жағы. Егер де оны туралауға тырыссаңдар, сындырасыңдар. Тиіспесеңдер, ол үнемі солай қалады. Сондықтан да әйел заты туралы бір-біріңе нәзік қарым-қатынас жасауды өсиет етіңдер» (Бухари, Ахмад).

Мүслимнің риуаятында «...оны түзеуге тырыссаң, сындырасың. Ал оның сынуы талақ болғаны» деген ахад хадисті кездестіреміз.

Келесі бір көзқарас Құран кәрімдегі: «одан әйелді жаратты» (Зумар 6) деген аяттың мағынасы «әйелді адам табиғатынан жаратты» дегенді білдіреді. Ал аталмыш хадистегі «қабырғадан» деген сөзбен әйел затының қабырға сияқты нәзік жан екендігі меңзелген. «Қабырға» сөзі астарлы мағынада айтылған делінген.

Әйтсе де, Алла Тағала әйел затын қаласа топырақтан, қаласа еркектің қабырғасынан да жаратуға құдіретті екендігіне күмән жоқ. Қалай болмасын, Хақ Тағаланың Адам атаны жалғыздықтан құтқарып, әрі оның ұрпағын жер бетінде көбейту мақсатымен оған өмірлік жолдас етіп, сондай-ақ әйелі ретінде хазірет Хауаны жаратқандығына толықтай иланамыз. Бұл туралы Құранда: «Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан) әйел жынысын жаратқаны да, оларға тіршілік ләззаты етіп, сүйіспеншілік, мейірім бергені де ұлылықтың белгісі» (Рум 21), – дейді.

Жаннатқа кіру

Ұлы Жаратушы Адам мен Хауа ананы Жаннаттың төріне оздырған кезде, оларға: «Ей, Адам! Жұбайыңмен жаннатқа жайғасып, қалағандарыңша жеңдер» (Бақара 35), – деді. Хақ Тағала оларға сол жерде ешқандай аштық пен шөл қасіретін тартпай, жалаңаш қалмай, қысқасы, ешбір қиыншылық көрмейтіндіктерін білдірді.

Адам мен Хауа ана жаннатта емін-еркін жүріп, әр түрлі нығметтердің дәмін татып, тамашалайды. Алайда Хақ Тағала бұларға Жаннаттың барлық жемістерін жеуге рұқсат бергенімен, «Мына ағашқа жоламаңдар. Онда жазықтылардан боласыңдар» (Бақара 35), – деп бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салды. Бұл әмірді аттаған адам өкінішпен бармақ тістейтіндіктен, Адам ата мен Хауа анаға «сол ағашқа жақындасаңдар, залымдардан боласыңдар» деп қатаң ескерткен.

Міне, Адам мен Хауа анаға берілген бұл әмір олардың ең алғашқы сынағы еді. Өйткені Алла Тағала оларды Жаннатқа кіргізген кезде, екеуінің ең үлкен дұшпаны шайтан екендігін, ол кез келген уақытта өздерін арбап, алдайтындығын, жүрекке бойлап азғыратындығын алдын-ала айтып ескерту жасаған. Сол себепті олар Құдай Тағаланың осы бір тыйымсалған ағашына жақындамай бойларын аулақ салып, Алланың әміріне қарсы келуден сақтануы тиісті еді. Ал шайтан болса барлық күш-жігері мен қайратын сарп етіп, оларды тыйым салынған ағашқа жақындатып, тіпті жемісінен жегізіп, Ұлы Жаратушының бұйрығына қайшы әрекетке итермеледі.

 Мәңгілік ғұмыр кешу – адам баласының ең үлкен арманы. Ібіліс хазірет Адамды: «Саған түгесілмейтін, бітпейтін патшалық көрсетейін бе?» (Таһа 120) – деп алдаған. Мәңгілік өмір сүру адамның болмысында болғаны тәрізді, түгесілмейтін патшалыққа иелік ету де адамның болмысында бар. Жалпы адамды Хақ Тағала жер бетіне халифа етіп жаратты. Ал халифалықтың міндеті – жер бетін басқару. Билік – адамның ең осал тұсы. Адамның менмендігі мен өзімшілдігінде де осы сезім бар. Сондықтан ол осы өзімшілдігіне бой алдырса, ешкімді көзге ілмей кетеді. Бұндай адамдардың қолына билік бір тисе, сол арқылы өзін өзгеден үстем көріп, билеп төстегісі келеді. Адам ешқашан билікке тоймайды. Билікті көксеген адам қол жеткізген биігін місе тұтпай, шыңды бағындырсам дейді. Ең жоғары билікке қолы жетсе, сол билікті ешкімге бергісі келмейді. Мәңгі бақи сол тақта отырғысы келеді. Мәңгілік өмір сүруді қалайтын адам патшалығының да мәңгілік болуын қалайды. Ол бұл жолда еш нәрседен тайынбайды. Тарихта тақ үшін өз баласын да құрбан еткен билеушілер де аз емес. Бірақ адамның бәрі осындай ма? Әлбетте, олай емес. Адамға билікке құштарлық Алла Тағаланы таныту жолында пайдалану үшін берілген. Адамның бойында менмендік бар. Ол сол өзімшілдікті Ұлы Жаратушы үшін құрбан етіп шалуы тиіс. Сонда ғана жұмыр басты пенде тәкаппарлықтан айығады. Міне, хазірет Адам осы билік дейтін алапат күштің қатерлі сәтінен аман қала алмайды. Ол шамасы халифалық міндетті мәңгілік атқарғысы келген. Ібіліс оның осы осал тұсынан ұстайды. Негізінде, оның да бойында осындай сезім бар. Ол әуелі адам жаратылмай тұрғанда саналы жандардың ішінен жалғыз өзі қара үзіп шығып, асқан тақуа атанып, періштеліктің жоғарғы шыңына жеткен. Ол осы лауазымының бәріне нәпсілік үстемдікпен қараған. «Менде ғана болса» деген өзімшілдігі хазірет Адамның өзінен жоғары тұруын қаламады. Биліктің бас айналдырар ұшар шыңынан айырылғысы келмеді. Ол халифалық биліктің Адамда болуын көтере алмады. Жоғары лауазымы оны тәкаппарлыққа ұрындырды. Екіншіден, оның бойында да мәңгілік өмір сүруге деген сезім бар. Оның «Маған олардың қайта тірілетін күніне дейін мұрсат бер» деуі осыны көрсетеді.

Кейін жер бетіне түскен шайтан қияметке дейінгі хазірет Адамның нәсілін осы осал тұсынан ұстап, бірбіріне айдап салған еді. Жердегі адамдардың бір-бірімен билік үшін қырық пышақ болып қырқысуы, бірінің жерін бірі жаулап алуы, т.б. бәрі де соның белгісі.

Адам мен Хауа анаға тыйым салынған ағаштың қандай ағаш екендігін нақты айтылмаған. Ислам ғұламаларыарасында ол туралы «нәсіл, ұрпақ» «бидай», «жүзім» немесе «інжір ағашы» деген көзқарастар бар. Десе де, нақтысын білмейміз. Өйткені Алла Тағала ол ағаштың есімін бізге нақты айтпаған. Хақ Тағала жұмақта Адам атаға үлкен ерік нығметін берумен қатар шағын тыйым да қойған еді. Егер бұл тыйымға құлақ аспаған жағдайда өздеріңе зұлымдық жасағандардан боласыңдар делінген еді. Мұндағы мақсат – жұмақта бұл ағашты жеу емес, өмірінде тәртіпке бас идіру еді.

Сонымен қатар бұл ағашты «нәсіл» дейтін болсақ, ерлі-зайыптылардың ең осал тұсы да осы нәсіл мәселесі екені рас. «Шаңырағым шайқалмаса екен, ұрпағым мәңгілік жалғасса екен» деу – отбасының негізгі мәселесі. Шамасы, әурат жерлерінің ашылуы да осы мағынаны қуаттайды. Яғни шайтан Адам ата мен Хауа ананы жаннаттан шығару жолын іздеген. Оның ұрпағының да болатынын білген. Сол себепті шайтан ол екеуінің ұрпақтары тез арада болғанын қалаған. Өйткені Жаннат бала-шаға бағып, ризық іздеп, бейнет тартатын жер емес. Негізінде аяттағы «Шәжәрә» деген сөз де қазақ тіліне «шежіре» болып енген. Шежіре – ұрпақ деген ұғым. Ұрпақ жетілдіру – ата-ана үшін ауыр сынақ. Ендеше, сол сынақ жаннатта емес, жер бетінде болуы тиіс еді.

Тәубе

Адам ата мен Хауа ана Ібілістің азғырғанына алданып, тыйым салынған ағаш жемісін ауызға салуы мұң екен, екеуінің әбүйірі ашылып, үлкен қате жасағандарын аңғарды. Екеуі дереу жаннат жапырақтарынан үстеріне жапсыра бастады. Хазірет Адам мен Хауа ана шайтанның ант еткеніне алданып, оның өздеріне деген дұшпандығын және сол жолда неден болса да тайынбайтынын естен шығарып алды. Сонда Алла Тағала оларға: «Мен екеуіңе де бұл ағашқа жақындауға тыйым салған жоқ па едім? Шайтан сендердің қас жауларыңдеген жоқ па едім?» (Ағраф 22) – дейді. Алла Тағала осылайша шайтанның сөзіне ергені үшін, сөгіп, ескерту жасайды. Осы кезде Адам ата мен Хауа ана дереу жаза басып, жазықты болғанын түсініп: «Ей, Раббымыз! Екеуміз де нәпсімізге зұлымдық жасадық. Егер Сен бізге кешірім етіп, рақым қылмасаң, біз қасіретке ұшырағандардан боламыз» (Ағраф 23), – деп тәубесіне келді. Ерекше мейірімді Алла Тағала да олардың бұл тәубесін қабыл етті. Хазірет Адамның осы кешірім тілеп, шынайы тәубеге келуі Алла Тағаланың шарапатының шексіз екендігі, Адамның және Ібілістің іс-әрекеті арасында қаншалықты айырмашылық бар екенін көрсетіп берді. Ғалымдар Адамның бес нәрсемен қуанышқа бөленгенін айтады. Әмірге қарсы келуін мойындау, пұшайман болу, нәпсісінен жеру, тәубеге ұмтылу, рақымдылықтан үмітін үзбеу. Ібіліс те бес нәрсемен бақытсыз күйге душар болды. Күнәсін мойындамады, тіпті өкінбеді де. Өзімбілермендікке салып, Алла Тағаланы кінәлады және рақымдылықтан үмітін үзді.

Ібілістің тыйым салған ағаштың жемісін қайткен күнде де жегізуді көздеген ниеті Адам ата мен Хауа ананы Алла Тағалаға қарсы айдап салып, жаннатқа жолатпау еді. Сонда олар дәл өзі тәрізді қуылып, мәңгілік қасіреттің құшағында тұншығады деп ойлады. Алайда ол Алла Тағаланың шексіз рақым иесі екенін ұмытқанды. Ібіліс олардың жасаған қателіктеріне тәубе ету арқылы азаптан құтылатындықтарын ойламаған. Негізінде, ол тәубе ететіндерін білгенде, адамдарға жақындамайтын да еді. Оның мақсаты – адамдарды күнәға сүйреу арқылы жүректеріндегі иманын жою. Бірақ олар шынайы тәубе етіп, жасаған күнәларын жуып-шайған заматта, шайтан оңбай жеңілді, әрі ашуға ерік беріп, қасарысқан үстіне қасарысып, кескілескен жау болуға ант ішті.

Хазірет Адам мен Хауа ананың жаннаттан қуылуы

 Алла Тағала, егер олар шайтанға алданып, өзінің алдында қарабет болса, оларды жаннаттан шығарып, жер бетіне түсіретіндігін ескерткен болатын. Сондықтан да олар жасаған жаңсақтықтары үшін жаннаттан шығып, жер бетіне түседі. Бұдан кейін олардың жаңа өмірі басталды. Қияметке дейін адам баласы жер бетінде ажалы жеткенше ғұмыр кешіп, берілген ырыс-нығметтерден пайдаланып, мезгілі жеткенде, бұл өмірден көшіп кететінеді. Бірақ бұл өлім мәңгілік жоғалу емес. Ақырында қайта тіріліп, дүниеде жасаған амалдарына жауап беріп, жақсылығы үшін сый-сияпат көріп, жамандығы үшін азапқа тартылатын еді. Жаратушы Жаппар Иенің хикметі осыны қажет етті.

 Алла Тағала хазірет Адам мен Хауа ананы және шайтанды да жерге түсірген кезде: «Бір-бірлеріңе дұшпан болып жер бетіне түсіңдер!» (Бақара 36; Ағраф 24) – деген-ді. Ендеше қияметке дейін шайтан мен адам баласы бір бірімен күресіп өтеді. Ібіліс және оның нөкері бар айла-амалын қолданып, адам ұрпақтарын адастыруға тырысады. Адамның жаратылысында осал тұстары бар. Ол ұмыту, сабыр сақтамау, сезімге тез берілу, ашулану, т.б. Міне, шайтан адамның осы ұрымтал жерлерін жақсы білді. Бұл жағынан келгенде, адам баласы тез алданғыш-ақ. Дегенмен де Хақ Тағала адам баласын дұшпанға қарсы қарусыз қалдырмады. Алла Тағала әу баста оларды Жаннаттан түсірген кезде, былай деген: «Дүниеде адамдарға тура жол жіберемін. (Бұл тура жол – ақиқат діндері мен пайғамбарлар). Кім осы тура жолмен жүрсе, оны адастырмаймын, әрі күпірден де аулақ етемін. Олар үшін ешқандай қорқыныш пен қайғы жоқ. Ақырында мәңгілік Жаннатқа барады. Кімде-кім тура жолдан тайып, шайтанға ілессе, ол дүниеде де, ақыретте де қасірет шегеді. Мен оларды мәңгілік жаһаннамға тастаймын» (Таһа 123).

 Яғни адам баласын Хақ Тағала ардақтап жаратып, жер бетіне халифа етті. Ақыл мен жүрек берді. Оған қарсы келген шайтанға төтеп беруі үшін пайғамбарлар арқылы тура жол сілтеді. Адам ата мен Хауа ана арқылы басталған сынақ қияметке дейін жалғаспақ.

Тыйым салған ағаштың жемісінен жеу

Христиандар Адам ата мен Хауа ананың ағашқа қол созғанын үлкен күнә санап, сол күнә дүниеге келген әрбір нәрестенің бойында қалып, қияметке дейін жалғасады деп түсінеді. Алайда бұл Ұлы Жаратушының адамзатты жарату хикметіне сай келмейді. Өйткені Жаппар Ие адам баласын Өзін танып, тек өзіне ғана құлшылық қылсын деп сынау үшін жаратқан. Ақырында, ізгі амал жасағандарға сый-сияпат, жамандық істегендерге азап беріледі. Ендеше, Исламда «Біреудің күнәсін біреу көтермейді» (Әнғам 164). Яғни әкесінің күнәсін баласы көтермейді. Өйткені әкесі күнә жасаса, оны өз еркімен жасайды. Біреу қылмыс жасаса, жазасын басқалар өтеуге тиіс емес. Бұл – илаһи әділдік. Ендеше, Хақ Тағала не үшін біреудің күнәсін өзгенің мойнына іліп, оны жазаға тартуы тиіс. Алла Тағала бұндай әділетсіздіктен мүлде ада һәм пәк.

Мәселенің назар аударатын тағы бір жағы: хазірет Адам атаның бұл әрекетін күнәға жатқызуға бола ма? Ол пайғамбар емес пе еді? Пайғамбарлардың негізгі ерекшеліктерінің бірі – пайғамбарлықтан бұрын да, кейін де күнәдан пәк болуы емес пе еді? Олай болса, олардың жіберіп алған кейбір ұсақ жаңсақтары дінімізде «зәллә» деп аталады.

«Зәллә» деп аталатын осы болмашы ұсақ жаңсақтар пайғамбарлардың дәрежелері мен жағдайларына қарай орын алады. Пайғамбарлардың осы ұсақ жаңсақтарын тырнақ астынан кір іздеушілер кешірілмес күнә етіп көрсетуге ұмтылады. Алайда қарапайым адамдар мұны жаңсақ ұғып, қате жорымауы тиіс. Пайғамбарлар Алла Тағалаға өзгелерден әлдеқайда жақын болғандықтан, ізгі істерінің өзіне көңілі толмаса, өздерін жазғырып, өкініштен өзегі өртеніп, осының өзін қателік санаған.

Сондықтан да олардың дәрежесіне қатысты осы ұсақ жаңсақтықтарды ағаттық деп қараудың өзі үлкен қателікке жатады.

Құран кәрім Адам ата туралы: «Адам Раббысына қарсы келіп, жолынан адасты. Сосын Раббысы оны таңдап тәубесін қабыл етті де, оған тура жолды көрсетті»Таһа 121-122), – дейді.

Адам ата өзін сүрінбей жатып, сүрінуден қорғап қалған Раббысына бет бұрып тәубеге келген еді. Бұл –«зәллә», яғни, ұсақ жаңсақтық еді. Адам ата мен Хауа ана Алла Тағаланың тыйымын ұмытып кетіп, осындай ағат қадамға барды. Ұмыту – пенделіктің белгісі. Алла Тағала «ұмытты» деу арқылы Адам ата туралы жаман ойлауымызға жол бермей, артынша оның тәубеге келгендігін айтады.

Аятта Адам ата мен Хауа анамызға жеміске жақындамау жөнінде әмір берілген соң нақты қанша уақыт өткені бір Алладан өзге ешкімге белгісіз. Ең анығы, Адам ата осы бұйрықты алған соң, арада көп уақыт өткен. Жеміске салынған тыйым ұмытылған соң орын алған.

Пайғамбарымыз (саллАллау аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Мына үш нәрсеге қалам жазылмайды: ұмыту, қателік және зорлықпен істелген іс» (Мәнауи), – деген. Яғни, адам ұмытып кетіп, қандайда бір қатеге қадам басса, оның сөкеттігі жоқ. Ендеше, Адам атаны күнә жасады деп жазғыру дұрыс емес.

Һәм пайғамбарлар – Хақ Тағаланың рақымшылдығының көрсеткіші. Олар адамдарға қиыншылық тудыру үшін емес, екі дүние бақытына бастау мақсатымен жіберіледі. Сол себепті олардың ижтиһад қателіктерінің өзі түбінде үмбетіне қайырлы. Ендеше, Адам пайғамбардың қателігінде де осындай қайыр бар. Ең алдымен, ол – адамзаттың түп атасы. Ал адам баласы жаңылмай тұрмайды. Хақ Тағала адам бойына ұмыту мен қателесу қасиеттерін де белгілі бір мақсатпен берген. Ол осы екі қасиеті арқылы өзінің пенде екендігін еске түсіреді. Бұған қоса қателік жасаған соң, хазірет Адам атаның дереу тәубе еткенін де ескеру керек. Осылайша ол ұрпағына ең басты қажетті нәрсені үйретеді. Өйткені адам баласы осынау өмірде сан жығылып, талай опық жеп, қателіктерінен сабақ алады. Қайта тұрудың, қалай шығудың жолын іздейді. Міне, осылардың барлығына төтеп берудің жолын бабасы Адам көрсетеді. Яғни, ей, ұрпағым! Өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарында қилы-қилы кезеңдерге тап келуің мүмкін. Шайтанның азғыруымен кейде тіпті өмірден адасып кетуің де ықтимал. Міне, сондай кезеңде өздеріңді құрдымға итермелемей тәубе етіңдер дегені. Тәубе – адамның қатесін түсініп, енді қателеспеуге іштей бекінуі. Қанша күнәға батса да, Хақ Тағаланың рақымынан үміт үзбей, өзіне жәрдемдесуін тілеуі. Иә, тәубе – қараңғылықта адасқан жанның ұзақтан жылтырап, өзіне шақырған үміт оты. Бағыт-бағдарын көрсеткен көктегі Құс жолы мен темірқазығы. Жарқын болашаққа қарай қанатын талдырмай самғатушысы.

Тәубенің қаншалықты үлкен нығмет екендігі мына хадисте баяндалған: «Алла елшісі (саллАллау аләйһи уә сәлләм) бір күні: «Мұсылмандардан күнәсі бола тұра Жаннатқа кіретіндер болады», – дейді. Сонда сахабалар: «Қалайша, Алла расулы?» – деп сұрағанда, ол: «Мұсылман жасаған өз күнәсін ұмытпай үрейленіп жүреді. Раббысына шынайы түрде жалбарынады. Осы арқылы ол Алла Тағаланың кешіріміне ие болады».

Хазірет Адамның осы қателігі арқылы адам баласы жер бетінде өмір сүруге мүмкіндік алды. Егер ол мүлт кетпегенде, адамзат қазір де жаннатта болар еді. Ал жаннат – сынақ мекені емес. Сынақ мекені болмағандықтан, адам баласы толық адам шыңына жетіп, Жаратушысын танып-біле алмайды. Яғни Адам атаның жаңсақтығы – жүз мыңдаған пайғамбарлардың пайғамбарлық шыңдарға, миллиардтаған адамдардыңтолық адам шыңына жетуіне арқау болды. Ендеше, ол қателеспегенде, адамдардың бәрінің де мәртебесі бірдей болып қалар еді. Онда Әбу Жәһил мен Әбу Бәкірдің бірбірінен ешқандай айырмашылығы болмас еді. Алла Тағала адамзатты жер бетіне халифа етіп жаратуында белгілі бір мақсат бар. Міне, Адам ата осыған себепкер болды. Алла Тағала хазірет Адам мен Хауа ананы жаннаттан қуған жоқ. Олардың мекені жер беті болатын. Хақ Тағала оларды жаннатқа кіргізіп, содан кейін шайтан арқылы жер бетіне түсіруінде де сырлы хикметтер бар. Яғни, ей, Адам баласы! Шайтан сендердің ата-аналарыңның жаннаттан шығарылуына себепкер болды. Ендеше, шайтанның азғыруынан сақтаныңдар. Ол ата-аналарыңды жаннаттан шығарғаны тәрізді, сендерді де сол Жаннатқа кіргізбеуге бар күшін салады. Айтқандай-ақ «Ағраф» сүресінде: «Ей, Адам баласы! Шайтан ата-аналарың Адам мен Хауаны алдап, Жаннаттан шығарғаны тәрізді сендерді де бүлікке итермелеп, бір пәлеге қалдырмасын. Өйткені сендер оны, тайпасын көре алмасаңдар да, олар сендерді көреді. Біз шайтандарды иман келтірмеушілердің досы қылдық» (Ағраф 27), – дейді.

Сөз ақыры, Хақ Тағаланың оларды Жаннаттан шығаруы кездейсоқ емес. Бұның бәрі алдын-ала жазылған тағдыр арқылы болып отыр. Мына хадисте де тағдырға қатысты мәселе айтылады: «Адам мен Мұса рухтар әлемінде кездесіп, сөйлеседі. Мұса: «Ей, Адам! Сен бабамызсың! Бізді Жаннаттан шығарып, мақұрым қылдың», – дейді. Адам оған: «Ал сен Мұсасың. Алла сенімен тілдесіп абыройыңды асқақтатты. Саған арнайы кітап жазып түсірді. Алла Тағала мені жаратудан қырық жыл бұрын тағдырыма жазған осы мәселе үшін мені неге кінәлайсың?» – деп Мұсаны уәжге жығады» (Муслим). Осы хадиске назар салсақ, аталмыш оқиға әуел бастан тағдырда жазылып қойған. Алла Тағаланың адамзатты жаратудағы мақсаты – хазірет Адамның Жаннаттан жер бетіне түсу арқылы ғана іске асатын еді. Ешқандай себепсіз ол екеуін Жаннаттан шығармақ емес. Осы оқиғалар арқылы илаһи тағдыр іске асқан.

Адам ата мен Хауа ананың жер бетіне түсуі

Адам ата мен Хауа ана жер бетінде ұзақ уақыт бойы бір-бірін көрмей, жеке дара ғұмыр кешеді. Адам ата өзінің жасаған қателігіне өкініп қатты қайғырады. Хақ Тағалаға ұзақ жалбарынып, көз жасын төгеді. Арада бірталай уақыт өткен соң Алла Тағала оларды бір-бірімен Меккеге жақын Арапат тауының етегінде жолықтырды. Олар қайта қосылған соң, жер бетінде ең алғашқы отбасылық өмірді бастайды. Хақ Тағала Адамға егін шаруашылығы және осыған ұқсас басқа да көптеген ризық табу жолдарын үйретеді. Осылайша Хақ Тағаланың: «Байқаңдар! Ібіліс екеуіңді алдап Жаннаттан шығарып жүрмесін. Ей, Адам, онда өмірдің тауқыметін тартасың» (Таһа 117) деген сөзі айдан анық айтылған.

Адам ата мен Хауа ана қайта қауышқан соң, жер бетінде ұрпақ өрбіп, адамдар бірте-бірте көбейе бастады. Хауа ана ұдайы бірі қыз, бірі ұлдан егіз туатынеді. Бірақ ол кезде адамдардың көбеюіне байланысты егіздер өз жұптарымен емес, өзінен кіші немесе өзінен үлкен егіздермен үйленетін. Бұл зәруліктен туған, сол заманда ғана рұқсат етілген үрдіс еді. Кейін осы зәрулік тоқтатылды. Алғаш рет хазірет Нұхтың шариғатымен бауырлас қыз бен ұлдың бір-бірімен үйленуіне тыйым салынды. Деректерде хазірет Адам қайтыс болған кезде, жер бетіндегі адамдардың саны қырық мыңға жеткендігі айтылады.

 Хазірет Адам жер бетіндегі адамдардың әкесі ретінде алғаш рет жіберілген пайғамбар болды. Ол өмір бақи осы міндетін адал атқарып, Алланың әмірін қалтқысыз орындады. Ұлы Жаратушы оған он парақтан құралған әмір мен тыйымдар жазылған үкімдер түсірді.

Осылайша Адам пайғамбар осы үкімдерді ұрпағына шашауын шығармай, толық жеткізді. Адам пайғамбар ұрпағына шайтаннан қалай сақтану жолдарын және өзінің бір рет оған алданып қалғандығын, Жаннаттан қуылғандығын ұрпағының санасына әрдайым сіңіріп отырды. Ол ұрпағына нағыз өмір ақыретте екендігін, бұл өмірдің фәнилігін айтып, Хақ Тағаланың ақиқат жолына шақырды. Ақтық сәтіне дейін ұрпағына осыны ескертумен өтті. Ақыр соңында мың жылға жуық ғұмыр кешкен ол өзіне тиісті уәзипасын ада етіп барып өмірден озады.

Адам атаның көз жұмуы

Алғашқы адам һәм пайғамбар Адам ата дерек көздерінде шамамен мың жылдан ұзақ өмір сүргені айтылады. Демек, бұрынғы адамдар бізден әлдеқайда ұзақ өмір сүрген. Оған қоса, олар бізден ұзын болған деседі. Бухаридағы бір хадисте хазірет Адамның бойының алпыс құлаш екендігі және кейін бірте-бірте аласарып шөккені айтылады. Мысалы, «алпыс құлаш» шамамен сол кездегі адам бойының отыз метрдей болғанын білдіреді. Ал бүгінгі таңда табылып отырған бұдан екі миллион жыл бұрын өмір сүрген адамның қаңқасы бізден осыншалық ұзын емес. Алайда бұл жерде Ислам ғұламаларының көзқарасына тоқтала кетсек, олардың «алпыс құлаш» деген пікірінің жаны бар. Хадиске көз салсақ, Адамның алғаш жаратылып жаннатқа кірген кезі алпыс құлаш екендігі және адамдардың да Жаннатқа кірерде бойларының алпыс құлаш болып кіретіндігі айтылған. Ендеше, Жаннат пен жердің өзіне тән заңдылығы бар. Яғни Адам атаның бойы Жаннатта алпыс құлаш болған. Ал жер бетіне түскенде кәдімгі орта бойлы адамға айналған. Бір ақиқаты – сол кездің адамдары бізден әлдеқайда еңселі болған. Өйткені хадистің толық нұсқасында: «Адамдар уақыт озған сайын аласарып барады», – дейді. Демек хазірет Адамның жер бетіндегі тұрқы Жаннаттағыдай болмаса да қазіргі адамдардың бойынан әлдеқайда сұңқар болғандығы айқын. Бұдан шығатын қорытынды: қазіргі қысқа бойлы мұсылмандар да Хақ Тағаланың рақымымен Жаннатқа алпыс құлаш болып кіреді.

Адам баласы жер бетіне бейбітшілік орнату үшін келген. Негізі, адам жаратылысының да мақсаты осы. Бұны Адам атаның алғаш жаратылған кезіндегі сөзінен байқауға да болады. Бірде Пайғамбарымыз (саллАллау аләйһи уәсәлләм) былай дейді: «Алла Тағала Адамды өз келбетінде және бойын алпыс құлаш етіп жаратқан кезде: «Барып, ана жердегі періштелерге сәлем бер. Олардың да саған қалай сәлем беретіндіктеріне көңіл қойып тыңда. Өйткені сол сәлем сенің және ұрпағыңның сәлемі болады», – дейді. Сонда Адам оларға жақындап: «Әссәләму алайкум!» – деп сәлем береді. Періштелер: «Әссәләму алайкә уә рахматуллаһ», – деп жауап береді. Олар «уә рахмәтуллаһ» дұғасын қосып айтады» (Бухари, Муслим). Міне, хазірет Адамның алғашқы айтқан сөзі осы болатын. Ол әу бастан бейбітшілікті жақтағаны тәрізді ұрпағына да мың жыл бойы «Қашанда тура жолда жүріп, бейбіт өмір сүріңдер» деуден жалықпады. Ол өзі бұрын жаннатта өмір сүрсе, жер бетінде де өзінің сол жаннатқа лайық екендігін мың бір машақатпен дәлелдеді. Ол пайғамбар ретінде де ұрпағына дінді толықтай жеткізіп, оларға жер бетінде қалай өмір сүру керектігін үйретті. Ол пайғамбарлықтан бұрын да, кейін де пайғамбарлық атқа кір келтірмей ғұмыр кешті. Сол себепті ол Хақ Тағаланың «Сафиуллаһ» деген марапатына ие болды. Құрандағы: «Алла Тағала Адамды, Нұхты, Ибраһим отбасын және Имран отбасын таңдап, мерейін үстем етті» (Әли Имран 33) аяты да осының бірден-бір дәлелі. Ол сондай-ақ, шапағат хақындағы хадисте де «Адамзаттың әкесі» деп аталып, үлкен баға берілген. Һәм халифалық тұрғысынан да «Халифатуллаһ» деп білінеді. Ол сол халифалық міндетін атқарып, ең алғаш рет Хақ Тағаланы жер бетіне паш етті. Осы тұрғыдан алғанда да оның мерейі үстем еді. Жаратылған кезде күнәдан қалай пәк жаратылса, бұл ғұмырдан көшіп бақилық боларда да күнәсіз күйінде көз жұмды. Өлер алдында ол Хақ Тағалаға жалбарынып өзінің көз жұматындығын, ал Ібілістің қияметке дейін өмір сүріп, бұның артынан мазақтап күлетіндігін айтты. Сонда Алла Тағала оған уахи арқылы: «Сен қайтадан жаннатқа кіресің. Ол болса қияметке дейін жер бетіне қанша адам келіп-кетсе, сонша өлімнің дәмін татып, азап тартады» деп жауап беріп, Адам атаны жұбатады. Кейбір деректерде ол қайтыс болғанда, балалары денесін Қағбаға жақын Әбу Қубәйс деген төбенің басына жерлегені айтылады. Осылайша топырақтан жаратылған денесі топыраққа қайтадан кіреді. Оның асыл жары – Хауа ана да көп ұзамай қайтыс болғаны кейбір деректерде айтылады. Хақ Тағала ардақты Пайғамбары мен оның асыл жарына мәңгілік разы болып, рақым нұрын төксін!

(Материал Қ. Сейтұлының «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: