25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарлардың ортақ міндеттері

Пайғамбарлардың ортақ міндеттері

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Адам баласы жаратылғаннан бері əр қауымға пайғамбарлар жіберілген. Барлық пайғамбарлардың қайнары бір. Алла елшінің (с.ғ.с) сөзімен айтқанда «Əбнəу əллəт», яғни барлығы бір əкенің тəлім-тəрбиесін алып өскен балалар тəрізді.

Сонымен қатар, барлық пайғамбарлардың дінді насихаттауда ортақ ерекшеліктері бар. Осы ортақ ерекшеліктерін олар әр дәуірде, әр қауымға іске асырған. Олардың мақсаты ашық әрі (Алланың даралығы мен бар болуын насихаттау) айқын болған. Құранда «Мен және маған ілескендермен бірге адамдарды көрегендікпен Алланың ақиқатына шақырамын» деген аяттағы көрегендікті іліммен, нақты дәлелмен деген сөз деп түсіндіреді Матуриди.

Теңдессіз үгіт-насихат

Бүкіл діндердің бір нүктеде түйісетін негізі – Таухид. Таухид діні – «Алла тағаланың даралығы және тек Оған ғана құлшылық ету» негізіне сүйенеді. Бұл дін − рационалдық әрі жаратылыс діні. Өйткені, ақыл адамды «Таухидқа» шақырады. Бұл теңдессіз үгіт-насихат Алла тағаланың даралығы мен жаратылған жаратылысты және табиғатты да тегіс қамтиды.

Жіберілген әрбір Пайғамбар өз қауымын Ұлы Жаратушыға иман етуге шақырған. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, барлық пайғамбарлардың мақсатында осы міндет жатыр. Олар: «Ей, қауымым! Алла тағалаға құлшылық қылыңдар», «Тек Аллаға ғана құлшылық етелік және Оған серік қоспаңдар» деп таухидқа шақырғандарын көреміз. Пайғамбарлар адамдардың жол көрсетер көсемі болған. Құран кәрімде: «(Мұхаммед) сенен бұрынғы барлық пайғамбарларды: «Күдіксіз, Менен басқа құдай жоқ.

Маған ғана құлшылық қылыңдар» деген уахимен ғана жібердік» деу арқылы пайғамбар жіберілуінің басты мақсаттарының бірі – аяттағы құлшылықты қалайша іске асыру керектігін үйрету және түсіндіру.

Пайғамбарлардың жіберілу мақсаттарының бірі – адамдарды пұтқа табынудан сақтандыру. «Расында, әр үмбетке: «Аллаға құлшылық етіңдер, азғындардан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік». Бұлардың бір ауыздан таухитқа негізделуін осы пайғамбарлардың жіберілу мақсатынан байқаймыз.

Адамдарды таухидқа шақырған пайғамбарлар жайында Құран кәрімде көптеген аяттар бар: «Аллаға және елшісіне (бүкіл әмірлері мен тыйымдарына) бойсұныңдар». Құран бұл аяттарда Алланың жіберген пайғамбарлардың елшілік сипаттарын алға тартып, оларға бойсұну керектіне ерекше назар аударған. Елшіге бойсұну Аллаға бойсұну деген сөз. Құранда: «Кімде кім пайғамбарға бойсұнса, оның анық Аллаға бойсұнғаны» деу арқылы Алла тағала сендім деген адамның жіберген елшісіне мойынсұну керектігі баяндалып тұр. Яғни, пайғамбардың физикалық болмысы емес, оның Алланың елшісі екендігіне иман келтіру меңзеліп тұр.

Сондықтан да, шынайы бақытқа қол жеткізгісі келген адам күллі ғаламды жаратқан Алла тағаланың жіберген пайғамбарларына иман етулері керек. «Біз әрбір пайғамбарды Алланың әмірімен (оған) бойсұнуларың үшін ғана жібердік. Олар (мұнафықтар) өз бастарына кесір келтірген кезде, саған келіп Алладан кешірім тілеген болса және пайғамбарлар да олар үшін кешірім тілесе, олар сөзсіз Алланың кешірімін және мейірімін көрер еді». Матуриди осы аятты негізге ала отырып, пайғамбарларға мойынсұнуды міндет деп санайды.

Сонымен қатар, пайғамбарларға иман ету Аллаға иман етудің бірден бір белгісі. Имам Матуриди Құрандағы «Пайғамбарға мойынсұнған Аллаға да бойсұнған болып саналады» деген аятты үш тұрғыда қарастырады:

1. Пайғамбарларға иман ету − Аллаға да иман еткен болып саналады.

2. Пайғамбарымыздың сүннетіне мойынсұну қажет.

3. Алла Құранды түсірді және Мұхаммед (с.ғ.с) оны түсіндірді.

Бізге жүктелген міндет – тыңдау. Егер де Мұхаммедті (с.ғ.с) тыңдайтын болсақ, Алланың сөзін тыңдаған боламыз. Өйткені ол – Жаратушы мен жаратылғандар арасындағы дәнекер.

Матуриди секілді басқа да ғұламалар мойынсұнуды − сүннетке мойынсұну деп түсіндіреді. Мысалы, Хамди Языр Расулға мойынсұну «Оның сүннетіне мойынсұну» деп пікір білдірген.

Адамдарға үлгі болу

Ықылас – әрбір істі Алла тағаланың разылығы үшін орындау, әрі тыйым салынған әдеттерді де Алланың разылығы үшін жасамау деген сөз. Кез-келген адам баласы ақыл мен сана һәм кіршіксіз пәк ниетпен Алла разылығы үшін ғана игі амал жасап, сауабын тек Алладан күту арқылы ықыласқа ие болады. Яғни ықыласты болуға адамдар өмір бойы талпынса, пайғамбарлар бұл қасиетке тумысынан ие. Құран кәрімде олардың осы ерекшеліктері баяндалады. Мысалы, Жүсіп пайғамбар жайлы «Күмәнсіз, ол ықылас табыс етілген құлдарымыздан еді» деп сипатталады.

Алла тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке де (с.ғ.с): «Күмәнсіз, бұл кітапты саған хақ етіп түсірдік. Олай болса, сен де дінді тек қана Аллаға лайықты етіп, ғибадат жаса!» – дей отырып, жалпы адамзатқа деген құлшылықтың құндылығын танытады. Басқа бір аятта да Алла тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с): «Дінімді нағыз Аллаға арнап құлшылық қылуға бұйырылдым» – деп айт» дейді. «Кітаптағы Мұсаны есіңе ал. Шындығында, ол – ықыласты етілген, Елші әрі Пайғамбар еді». Пайғамбарлар адам баласына үлгі ретінде жіберілгендіктен, олардың қай-қайсысының да ықыласты құл екендігі айтылған. Олардың күллі игі амалы мен ниетінде терең ықылас жатыр. Олар пайғамбарлық міндетін атқару барысында бүкіл қиындықтарға мойымай, қарсы тұра білді және ізгілікті дәріптеп, жақсылыққа шақыру ісінде ешкімнен де ақы талап етпеді. Қасиетті Құран кәрімде пайғамбарымызға алдыңғы пайғамбарлардың жолын ұстануды әмір еткен.

Сонымен қатар бұл өзге де адамдарға қатысты. «Міне, солар Алланың тура жолға салғандары (пайғамбарлар). Сен де олардың жолымен жүр!», – делінеді. Яғни, аятта қандай да бір тақырыпта болмасын пайғамбарларға мойынсұнумен қатар оларды үлгі тұту керектігі айдан анық айтылған. Екі әлем Сардары Мұхаммедті (с.ғ.с)  еске алғанда, еріксіз мейірім мен сүйіспеншілік елестейді. Өйткені, ол бүкіл адамзатқа мейірімділік пен рақым алып келді. Оның бар ғұмыры, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы тек пайғамбарда ғана кездесетін ерекшеліктерден тұрды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  адамзатқа үгіт-насихатты сөз жүзінде айтып қана қоймай, оны өз өмірімен өрнектеп көрсетті. Оның нұрлы өмірі бұған дәлел.

Демек, пайғамбарлардың баршасы міндеттерін орындау барысында адамдарға «Хикметпен» (даналықпен) үгіт-насихат жасаған.

Алла тағаланың әмірлері мен тыйымдарын адамдарға жеткізу

Пайғамбарлардың келесі бір міндеті − сүйіншілеу мен ескерту. Алла тағала ешбір қауымды пайғамбарсыз қалдырмаған. Ұлы Жаратушы есеп күні адамдар бізге ескертуші келмеді деп сылтау айтпауы үшін оларға пайғамбарлар жіберген. Құранда: «Біз пайғамбарды қуандырушы, қорқытушы ретінде жібереміз...»; «Олар (пайғамбарлар) Алланың әмір-пәрмендерін жеткізеді. Алладан қорқады. Одан басқа ешкімнен қорықпайды. Есеп алуға Алланың құдіреті жетеді» дейді. Бұдан пайғамбарлардың бастарына қандай қауіп қатер төнсе де, бұл міндеттен бас тартпайтындығын көреміз.

Ақырет жайында хабар беру

Пайғамбарлықтың және бір міндеті – өлгеннен кейін өмір бар екенін түсіндіру және осыған орай ақыретке қапысыз қамданудың жолдарын үйрету арқылы жүзеге асырды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)  ақырет жайлы баяндағанда, Меккелік мүшріктер ақыретке иман етпеген еді. Матуриди осыған қатысты аяттарға сүйеніп, егер де олар аталарының бастарына келген апатты естеріне түсірер болса, ақыретке иман етер еді дейді. Кез келген ақылды жолаушы алдымнан ұры немесе қарақшы шығып қалуы мүмкін деген сақтықпен әрекет жасайтыны рас деген Матуриди ойын әрі сабақтап, адам баласы ақыреттің болатындығына ақылы жетсе де, оның ішкі мән жайын толық біле алмайды. Ол мағлұматтарды тек пайғамбарлар арқылы ғана біле алатындығын айтады. Көріп тұрғанымыздай, пайғамбарлар – ескертуші, үйретуші. Олар міндетін орындап, адамдардың көзін ашты. Халықты Алла тағалаға шынайы құл болуға шақырды. Имам Матуриди кез келген қауымның пайғамбарын қабылдамау барлық пайғамбарды мойындамаумен тең деп біледі.

Құрандағы: «Сенімділік танытқан елшілер қалай сабыр еткен болса, сен де солай сабыр ет» деген аят пайғамбарларға Алланың уахиын жеткізу барысында табандылықпен сабыр етуді үйретуде. Пайғамбарлардың Алланың әмірін халыққа толық жеткізуі уәжіп. Дінді тиісінше халыққа жеткізудегі мақсат − Алланың адамдарға өсиетін жеткізу және бұдан ешкім сырт қалмауы тиіс. Ұлы Жаратушы Құран кәрімде «Біз пайғамбар жібермейінше, ешкімді азаптамаймыз» деп, пайғамбар келмеген қауымның оларға дін жеткізілгенге дейінгі аралықта азапқа тартылмайтындығы айтылады. Пайғамбарлар өздеріне жүктелген міндетті бай, кедей демей, бәріне бірдей насихаттайды. Сонымен қатар, Алла тағаланың рұқсатынсыз ешбір хабарды бір сәт те кейінге қалдырмайды. Әлбетте, пайғамбарлардың өз үмбетіне насихат етуі материалдық қарымта үшін жасалмайды. Ол Алланың пайғамбарларға берген ұлы міндеті болып табылады.

Пайғамбарлардың міндеттерінің бірі − адамдардың Алла тағалаға жақындауына кедергі келтіретін тәкаппарлық, озбырлық секілді басқа да жат қылықтардан арылудың жолын және олардың жауапкершіліктерін естеріне салады. Бүкіл пайғамбарлардың дінді тиісінше халыққа жеткізудің негізі таухид және бұл туралы Құран аяттарында айқын дәлелдер келтірілген.

материал «Матуриди ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: