25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Аюп пайғамбардың сабыры

Аюп пайғамбардың сабыры

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Аюп (ғ.с.) – өте ауқатты, бай, малы да дүниесі де мол, төрт құбыласы тең жан еді. Ол соншалықты байлығы болса да еш тәкаппарланбайтын. Керісінше,  құлшылығын үзбей, оразасын ұстап, Хаққа шүкір ететін. Тіпті періштелердің өзі «Аюп (ғ.с)-нің шүкірлігіндей  адамның қайырлысын көрмедік», дейтін. Ол өте тақуа  жан еді. Шайтан лағынет оны қанша азғыруға тырысса да, Аюп (ғ.с.) бірқалыптылығанан еш таймайтын. Сондай-ақ, ол сабырлылығымен де ерекшеленетін. Оның мұнша байлығымен қоса, сол бір қауымға пайғамбарлықты да Алла Тағала нәсіп еткен еді.

Алла Тағала сүйікті құлдарына түрлі сынақтар жіберіп отырады. Аюп (ғ.с.) сүйікті құлы  да сондай сынақтардың ең ауырынан өткен пайғамбарлардың бірі. Алла Тағала Құранда:

وَلَنَبْلُوَنَّكُم بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوْفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الْأَمْوَالِ وَالْأَنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ  وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ 

«Сөзсіз біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (яғни, табыстарыңды) азайту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды қуанта бер»,[1]

Алла Тағала Аюп (ғ.с) пайғамбарды дүниесімен қоса  қатты бір аурумен сынаған. Аюптың ауруы да пайғамбарларға тән сырт көзге оғаш көрінбейтін дерт еді. Алайда күннен күнге меңдеп бара жатқан дерт науқастың халін нашарлата түседі. Туған туысы қиындықта оны жалғыз қалдырып, жанына жуымайды. Тек қана жұбайы науқасты бағып-қағумен болады. Ол күйеуінің көңілін тауып, тамағын уақытылы беріп, сонымен қатар үй шаруашылығы, нәпақа табумен де айналысады. Бір күні жаны қысылған Аюп (ғ.с) әйелін шақырады. Алайда, ол бір жұмыстарымен сыртқа кетіп қалып еді. Сонда Аюп (ғ.с.) «Осыдан ауруымнан айыққаннан кейін саған жүз дүре соқпасам ба?!» деп өзіне уәде береді.

Кейбір деректерде Аюпты 13 жыл ал басқа бір дереккөздерінде 18 жыл төсек тартып жатқандығы айтылады. Шайтан лағынет адамның осал тұсын пайдаланып, азғыратыны секілді Аюпқа да келіп: «Сен бір дәулеті тасқан, шіріген бай, бала-шағаң көп, адамдардың бірі едің. Енді жатқан тұрысың мынау, денсаулығың да сыр берді», деп азғыра бастайды. Алла Тағаланың сүйікті құлы Аюп (ғ.с.) болса, оған сабырлы түрде: «Ол байлықтың да бала-шағаның да Раббысы Алла Тағала өзі берді өзі алды», дейді. Қазақта: «Пұлсыз берді, құнсыз алды» деген сөз осыдан қалса керек.

Күндердің бір күнінде Аюп (ғ.с.) асқынған ауруының салдарынан Хақты зікір етуден тосылып қаламын ба деген қатты уайыммен Алла Тағаладан шипа сұрайды. Яғни, Алла Тағаланы зікір ету үшін сұраған дұғасын жауапсыз қалдырмаған Раббымыз оған:

ارْكُضْ بِرِجْلِكَ هَذَا مُغْتَسَلٌ بَارِدٌ وَشَرَابٌ

«Аяғыңмен жерді теп, міне саған шомылатын әрі ішетін суық су»[2] деп аян берді. Аюп (ғ.с.) Алла Тағаланың әмірін орындап еді оның аяғының астынан су атқылап, ол сол суға шомылып, әрі шөлін қандыра ішеді. Сол сәтте-ақ, Алла Тағаланың Шәфи сипатымен шипа дарып, бойындағы дерт еш болмағандай сауығып сала береді. Баяғы ауруы көрген түстей боп өте шығады. Қазақта: «Ауырып тұрдым, аунап тұрдым» деген сөз осыны білдірсе керек.

Дертінен айыққан Аюп (ғ.с.) баяғы уәдесі есіне түскенде, көп жылдан бері төсек тартып жатқанда жанынан табылған жан жарына жүз дүре соғуға дәті бармады. Сонда Алла Тағала жүз шыбық алып, бір рет ғана жайлап соғуына аян береді. Яғни, берген сертіңді бұзба деу арқылы уәдеге берік болуды ұқтырған-ды.

Осылайша, сабырлылығының арқасында Аюп (ғ.с.) пайғамбар зор сынақтан өтіп, адамдарға үлгі, өнеге қалдырды.

Бұл қиссадан біз қандай үлгі аламыз?

1. Байлық та, тақ та Алла Тағаланың берген бағы. Қалаған құлына беріп, қалаған уақытында алып қояды. Аюп (ғ.с.) пайғамбар дәулеті тасыған бай болса да байлық Алла Тағаланың берген сыйы екенін түсініп, оны тиімді пайдалана білді. Ол байлығына масаттанбай орнымен жұмсап Алла Тағаланың сүйікті құлы бола білді.

2. Қандай ауру болса да Алладан үміт үзбеу. Емделу үшін барлық шараны жасау, дұға қылып, Шәфи болған Алладан шипасын сұрау.

3. Әйелінің күйеуіне бойұсынуы. Күйеуінің ауыр науқаспен төсек тартып жатқанында жанынан табылып, оған қиындықта нағыз жар бола білді. Бұл көптеген әйелдерге қандай жағдайда да күйеуіне бойұсыну керектігін көрсетеді.

4. Уәдеде тұру. Аюп әйеліне жүз дүре соғу үшін берген уәдесінде тұрды. Алла оған жүз шыбықпен бір ғана ұру жеткілікті екенін білдірді.

5. Сабырлы болу. Қандай қиындық болса да сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа деп сабырлық танытып, шыдас беру. Кез келген мал-мүліктің де, бала-шағаның да денсаулықтың да Алла Тағаланың берген сынағы, нығметі деп біліп сынақтарына төзімділік таныту. Бір ғана Алладан күдер үзбеу керектігін ұқтырады.

Бабаларымыз айтқандай:

Дүние бір ағын су бұраңдаған,

Бақ тайса, ерде дәулет құралмаған.

Күніне мың бір пәле көрсең-дағы,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан!

Сондықтан да пайғамбарлардың бойындағы барлық асыл қасиеттер, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойынан табылады. Аюптың сабырлығы да Соңғы Пайғамбар хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бойынан ерекше орын алған. Ендеше әрбір мұсылман Адамзаттың асыл тұлғаларынан үлгі алар болса, екі дүниеде бақытқа қауышары сөзсіз.

Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы

 

[1] Бақара сүресі, 155-аят

[2] Құран, «Сад» сүресі 42 аят.

Бөлісу: