25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ол – Имам Ағзамнан кейінгі үлкен ғалым

Ол – Имам Ағзамнан кейінгі үлкен ғалым

Ислам жұлдыздары

Имам Матуриди өмір сүрген кезең Аббаситтер мемлекетінің əлсіреп, соның нəтижесінде бірқатар Ислам мемлекетінің пайда болған уақытпен тұспа-тұс келді. Маураннаһрда Саманидтер мемлекетінің құрылғаны тəрізді, бастапқыда Иран, Хорасан, Систан жəне Кирманды құрамына алған Саффариттер мемлекеті пайда болған.

Имам Матуридидің ислам əлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақытына тап келгенін айттық. Бұл кезде Ислам халифаты күн өткен сайын ұлғайып, көптеген халықтар Ислам дініне кіріп жатты. Бір жағынан халифа Мəмун (813-833) дəуірінен бастап, ежелгі грек жəне үнді пəлсафасы араб тіліне көптеп аударылды. Мұсылмандардың өзара мəзһабқа бөлінгендері аздай, сырттан келген яхуди, христиан пəлсафашылары мен дін басылары сенімге байланысты түрлі пікірлер айтып, халықтың санасына көптеген күмəнді мəселелерді ұялатып,дел-сал күйге түсіріп қойды. Осындай сəтте исламның иман негіздерін қорғау мақсатында ақыл мен қисындық қағидаларды пайдалану қажет болды. Нəтижесінде, иман негіздерін əрі нақылмен (аят-хадис), əрі ақылмен бекітетін «Калам» атты жаңа əдіс пайда болды. Мұның латынша ұғымы − «теология». Имам Матуриди осы дəуірде шыққан əйгілі мутакаллим, яғни теолог еді. Имам Матуридидің шыққан жері Мауараннаһр өлкесі болғандықтан, ғалым сол аймақтағы Ханафилардың ақида мектебінің имамы атанып, сенім негіздерін жүйеге келтіруші болып саналады. Имам Матуридидің пікірлері көбіне каррамийлер, шийіттер жəне мұғтазилаларға қарсы болған. Əсіресе, мұғтазила бағытымен келіспейтін пікірлері көп болды. Өзімен замандас мұғтазила бағытының басшысы жазған үш кітаптың мазмұнындағы қателіктерге үш кітап етіп жауап жазуы имам Матуридің өз ұстанымын солардың ыңғайына қарай дəлелдегенін көрсетеді.Имамның түрлі ағымдар мен мəзһабтардың өкілдерімен Самарқанд пен одан тысқары жатқан мемлекеттердегі айтыстары мен пікір додалары көбіне-көп сəттілікпен аяқталып отырды.

Имам Матуриди Ислам шариғатын дұрыс түсіндіру үшін ақыл-ойға сүйену керектігін алға тартты. Бұл жағынан алғанда, ол діни мəтіндерді тек тура мағынасында түсінуді құптайтын кейбір ислам құқықшылары мен хадисшілердің əдістемесінен басқаша жолды ұстанды. Мəселен, «Ақыл-ойдың жаңылуы мүмкін, сондықтан нақылды тек сөзбе-сөз түсіну керек» деген пікірдің иелеріне Матуриди «Китабу-т Таухид» атты кітабында: «...Бұл пікір (ақылмен ойлаудан қашу) – шайтанның қатерлі тұзақтарының бірі. Өйткені ақылды қолдануға қарсы келушілердің өздері ұстанымдарын ақтайтын ақылдан басқа ешқандай дəлел келтіре алмайды (олар осы қарсылықтарының өзінде ақылға жүгініп отыр). Мұның өзі оларға ақылмен ойлаудың аса зəрулігін мойындатуға жеткілікті. Олар қалайша ақылға салып ойлауды жоққа шығарады. Алла тағала құлдарын ойлауға шақырады, оларға ой топшылау мен ақыл ізденісін жасауды бұйырады, сол арқылы ғибрат пен үгіт-насихат алудың қажеттілігін көрсетеді. Асылында ой-пікір мен ақылға салу ғылымның қайнаркөздерінің бірі екендігін дəлелдейді» деп, нақты əрі қисынды тұжырымдарын алға тартады. Алайда, мұның екінші де жағы бар. Егер кімде-кім аят пен хадистерге сүйенуді теріске шығарып, адамның ақылы жете алмайтын дүниелерді, Алла тағаланың бүкіл илəһи хикметтерін өзінің шектеулі ақылымен қамтуды қаласа, өз ақылына қиянат жасап, көтере алмас шоқпарды беліне байлағандық болады. Демек, имам Матуридидің ұстанымы ақылға сүйенгенде де шариғат шеңберінен шығып кетпеу болған. Осылайша, Матуриди ақылдың жаңылысып, адасатынынан қорқып, «Шындықты нақылдың (аят пен хадис) тысынан іздемеу керек» деген фиқһ пен хадис ғалымдарына қарсы шықты. Ол Алла тағаланың құлдарын ойлануға, өмірге үңіліп одан ғибрат алуға шақыратынан алға тартып нақылмен қатар ақылды да дəлел ретінде қабылдады.

Алайда, əһли сүннет пен мұғтазилиттердің ақылды қолдану əдісінің арасында үлкен айырмашылық бар. Мұғтазилиттер сенімге байланысты аяттар мен хадистерді қате түсініп, тəшбихке ұрынған жəне ақылды мүлдем жоққа шығарған ағымдарға қарсы шыққандықтан, ақылға шектен тыс сүйенетінді шығарды. Тіпті, негізгі төреші етіп ақылды алды деуге болады. Оларға классикалық əдіспен төтеп беру біршама қиындық тудырды. Осы себепті, «Əһли сүннет» сенімін қорғау мақсатында жаңа əдіс тауып, иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беруге қажеттілік туды. Матуриди мен Əшғари мектептері осы негізде қалыптасты. Имам Матуриди ақида саласында аят пен хадиске қоса, дінді түсіндіруде ақылды да, қажетті қағида ретінде пайдаланғанмен, ақылды өз орнымен қолданып, оған шектен тыс басымдық бермеуге тырысты.Имам Мұхаммед аш-Шайбани мен Əбу Юсуфтың шəкірттерінен ілім алған Матуриди ғұмырының соңына дейін діни тақырыптарда зерттеулер жасап өтті. Тəпсір, кəлəм, фиқһ жəне фиқһ əдістемесі салаларында маңызды еңбектер қалдырып, көптеген шəкірттер тəрбиелеген. Ханафи мəзһабын еңбектері мен шəкірттерінің дəнекерлігімен жайған. Осы тұрғыда, ол Ханафи мəзһабының имам Ағзамнан кейінгі екінші үлкен ғалымы деп танылған.

материал «Матуриди ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: