25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) үлкен қызы – Зәйнәб Кубра

Пайғамбардың (с.ғ.с) үлкен қызы – Зәйнәб Кубра

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хадиша анамыздан төрт қыз, екі ұл көрген. Өкінішке қарай, ұлдары Қасым мен Абдуллаһ жастай дүниеден өтеді. Ал қыздарының ең үлкені Зәйнәб еді. Сондықтан да ол Зәйнәб Кубра (Үлкен Зәйнәб) деп аталатын. Кейінгі қыздары Руқайя, Умму Кулсум және кенжесі Фатима Заһра, Алла оларға разы болсын!

Міне, осылайша Пайғамбардың (с.а.с.) тәрбиесінде төрт қыз өсіп жатады. Уақыт өте келе Зәйнәб бойжетіп, оны Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аталас туысы болып келетін Әбдуманаф әулетінің Әбул-Аси ибн Рабиғ деген жігіті айттырып келеді. Бір жағынан, бұл жігіт Хадиша анамыздың сіңлісі Халәнің ұлы еді. Әбул-Аси мен Зәйнәб бір-біріне бөле болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) келісімін беріп, екеуі шаңырақ көтереді.

Бұл жайттың барлығы Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктелместен бұрын болған оқиғалар-тұғын. Отау тіккен жас отбасы Әли деген ұл мен Умама атты қыз перзент сүйеді. Осы кездерде Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктеледі де, Мекке шаһары екіге – иман мен күпірге бөлінеді.

Алғашқылардың қатарында болып Зәйнәб та иман келтіреді. Бұл уақытта күйеуі Әбул-Аси сапарда болатын. Сапардан оралған күйеуінен Зәйнәб Исламды қабылдауын сұрағанда, ол бұл мәселені жауапсыз қалдырады. Күн өткен сайын Зәйнәб қайтақайта иманға келуін талап ете берген соң, Әбул-Аси ақырында: «Сен менің алдымдағы өзіңе және әкеңе деген қадір-құрметтің зор екенін білесің. Бірақ адамдардың мені ата-бабасының дінін өзгертіпті деп қаралауын қаламаймын. Сондай-ақ әйелінің ықпалымен Исламды қабылдады дегендерін де естігім келмейді», – деген жауап қайтарады.

Осындай себептерді алға тартқан Әбул-Аси сөз болудан қорқып, хақ дінді қабылдаудан бас тартады. Екі оттың арасында қалғандай күй кешкен Зәйнәб сонда да болса күйеуі иманға келер деген үмітін үзбейді. Бұл кезде кәпір күйеу мен мұсылман әйелдің арасын ажырату туралы үкім әлі келмеген-ді. Осылайша, Зәйнәб күйеуімен Меккеде тұрып жатады. Мұсылмандардың саны артқан сайын күннен-күнге құрайыштар оларға қатты қысым көрсете бастайды. Осы кездерде жас сенімдерін қорғап қалу мақсатында Зәйнәбтің сіңлісі Руқайя мен оның күйеуі Осман (Алла ол екеуіне разы болсын) Хабаша жеріне қоныс аударады.

Ал Зәйнәбтің күйеуі құрайыштың белді өкілдерінің бірі саналғандықтан, оның отбасына дінге қатысты қысым болмаған еді. Күндер өтіп жатады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) құрайыштардың көрсеткен зұлымдығынан бой тасалап, Исламға бейбіт мекен іздеп Мәдинаға қоныс аударады және сонда жаңа мемлекеттің негізін қалайды. Осы жылдар ішінде Зәйнәбтің күйеуін Исламға үгіттеуі нәтижесіз аяқталып, Әбул-Аси иманға мойын бұрмаған күйі қала береді. Уақыт өте келе Ислам және оның туын көтерген мүмін мұсылмандар мен серікқосушы кәпірлер, иман мен күпір арасындағы соғыс – Бәдір шайқасы басталады. Бұл соғыста мұсылмандар теңдессіз жеңіске жетеді. Құрайыштардың талабымен бұл шайқасқа Әбул-Аси да қатысып, мұсылмандарға қарсы соғысады. Ұрыста жетпіске жуық меккелік жауынгерлер мұсылмандардың қолына тұтқынға түседі. Осы тұтқындардың ішінде Әбул-Аси да бар еді. Қолға түскен тұтқындарды туыстары келіп, құн төлеп босатып алып жатады. Солардың қатарында

Зәйнәб та күйеуінің бостандығы үшін төлем ретінде біраз малдүние жіберген-ді. Жіберген дүниенің арасында анасы Хадишаның тойына тарту еткен мойын алқасы да бар болатын. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзіне іліккен бұл алқа оның жан дүниесіне толқу салады. Алла елшісінің (с.а.с.) жадындағы ширек ғасыр естелігін қайта көтеріп, ол кісінің Хадиша анамызға  деген жүрек түкпірінде жатқан махаббатын жаңғыртады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әбул-Аси үлесіне тиген сахабаларға: «Егер қаласаңдар, Зәйнәбтің алқасын, мал-мүлкін және тұтқынын өзіне қайтарып берсеңдер деген едім», – деп өтініш білдіргендей сыңай танытты. Бірақ Алла елшісі (с.а.с.) мұны бұйырмайды да, талап та етпейді. Ал сахабалар: «Сен үшін, сенің құрметің үшін, уа, Алланың елшісі!» – деп Зәйнәбқа оның алқасын, мал-мүлкін және күйеуін ешқандай төлемсіз қайтарып береді. Осылайша Әбул-Аси тұтқыннан босаған соң Меккеге қайтады. Бірақ бұл жолы Алланың жаңа үкімінің (мұсылман әйелдің кәпір күйеумен тұруға болмайтындығы) келуіне байланысты Әбул-Асиға

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Исламды қабылдауын яки Меккеге барғаннан кейін Зәйнәбті қайтаруын талап етіп шарт қояды. Тұтқыннан босап қайтқан Әбул-Аси үйіне келгенде, Зәйнәб қатты қуанады. Алайда көп ұзамай оның қуанышы су сепкендей басылады. Күйеуі Зәйнәбқа:

– Жол жүру керек, – дейді. Зәйнәб:

– Не қайтадан жолға шығуың керек пе? – деп сұрағанда,

Әбул-Аси:

– Жоқ, сенің жолға шығуың керек, – деп жауап береді.

– Не үшін? – деп таңданған Зәйнәбқа ол:

– Бұл менің қолымдағы нәрсе емес, мен әкеңе сені қайтаруға уәде беріп келдім, – деп мән-жайды түсіндіреді.

Сөйтіп, Зәйнәб жиналып, Мәдинаға жол тартады. Ерлізайыптылық сүйіспеншіліктің иелеріне осылай ақида талабымен айырылысуға тура келеді. Әрине, Ислам ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілікті құптайды және осы нәрсеге шақырады. Алайда ол ақидаға қайшы келмеу керек, бұл мәселеде жалаң махаббаттың өзі жеткіліксіз. Сондықтан да мүмін адамның қанша жақсы көрсе де, кәпірмен бас қосып, тұрмыс құруына хақысы жоқ. Мұсылман отбасында ақида қайшылығына жол берілмейді.

Зәйнәб Мәдина сапары барысында жолда қарақшылардың шабуылына ұшырайды. Бұл керуенде Мұхаммедтің қызы бар деп естіген қарақшылар онда едәуір мал-дүние бар деп ойласа керек, керуенді шабады. Қарақшылардың басшысы Зәйнәб отырған күйменің шымылдығын түріп, одан ешқандай мал-дүние таппаған соң, Алланың пайғамбарының қызын Хаббар ибн Әсуәд деген жауыз, сұмпайы азғын найзаның дүмімен ұрады. Дәл сол кезде Зәйнәбтің аяғы ауыр-тұғын. Кейін іштен тиген соққының ауырлығынан түсік тастап, жатырынан жиі-жиі қан кететін науқасқа шалдығады. Болған жайт Пайғамбарға (с.а.с.) жеткенде, ол азғындықтың шыңына шыққан мұндай масқараға не дерін білмей, жан дүниесі күйзеліп кетеді. Ол кісі мұсылмандарға Хаббарды тапқан жағдайда Қағбаның дуалына жабысып тұрса да өлтіруге бұйрық береді. Ал жауыз Хаббар ізін суытып, ұштыкүйлі қарасын батырады.

Исламды қабылдаудан бас тартып, сүйікті әйелінен айырылған Әбул-Аси бұл уақытта меккеліктердің есепсіз мал-дүниесін аманатқа алып керуен шығарып, Шам шаһарына жол тартып кетеді. Ұтымды сауда жасап қайтқан Әбул-Асидің керуені жолда мұсылмандардың шабуылына тап болады. Бұл мұсылмандар мен құрайыш мүшріктері арасында бейбітшілік келісімі түзілмеген, екі жақ бірін-бірі қандай жолмен болсын тұқыртып қалуға тырысып отырған Худайбия келісімінен бұрынғы уақиға еді. Зәйд ибн Хариса (Алла оған разы болсын) басқарған жауынгерден тұратын жасақ Әбул-Аси керуенінің күзетін тасталқан етіп, бүкіл керуеннің мал-мүлкін олжалайды. Керуен күзетіндегі адамдардың қашқаны қашып, құтыла алмағандары қолға түседі. Бірақ Әбул-Аси ұстатпай кетеді. Оны қолға түсірмекке ниеттенген мұсылмандар Меккеге қайтар жолды торуылдағанмен, ол қарасын көрсете қоймайды. Ал қолға түскен керуен Мәдинаға әкелінеді.

Сол күні түн ортасында Зәйнәбтің есігі қағылады. Ашып қараса, күйеуі Әбул-Аси. Оны мұсылман боп келді деп ойлаған Зәйнәбтің қуанышында шек жоқ еді. Мән-жайды біле келе, оның мұсылман емес, өлімнен бас сауғалап келгендігін ұғады. Соған қарамай өжеттілік танытып оны тыныштандырып, үйінен пана береді. Таң қылаң бере таң намазына иқамат айтылып, мұсылмандар сапқа тұрып жатты. Кенет арт жақтан: «Мен Әбул-Асиді қорғаныма алдым», – деген әйел даусы естіледі. Бұл Зәйнәб еді. Мұсылмандар аң-таң қалады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) намаз оқып болған соң, сахабалардан: «Менің құлағым шалған нәрсені сендер де естідіңдер ме?» – деп сұрайды. Олар: «Иә, естідік», – деп жауап берді. Пайғамбар (с.а.с.) сонда: «Алланың атымен ант етемін! Менің мұнан хабарым жоқ еді», – дейді. Осылайша Әбул-Аси әйел кісінің қорғанының астында бірде-бір адамның түрткісіне ұшырамай, бүкіл Ислам әскерінің алдында Мәдинада жүреді. Алла елшісі (с.а.с.) бұл жолы да сахабаларына өтініш ретінде: «Егер қаласаңдар, керуенін қайтарып берсеңдер», – деген лебіз танытады. Сахабалар: «Сен үшін, сенің құрметің үшін, уа, Алланың елшісі!» – деп, Әбул-Асиға бүкіл керуенін мал-мүлкімен қоса қайтарып береді.

Осы күнге дейін мұндай адамгершілік қасиеттері қалыптасқан қоғамның куәсі болмаған Әбул-Аси мұсылмандардың бұл әрекетінен қатты әсер алады. Мұсылмандар тарабынан осыншалықты ізеттілік пен адалдық көрген ол иман келтірмей, мал-дүниесін жиып-теріп, Меккеге аттанып кетеді. Меккеге жетісімен керуендегі аманат мүліктерді бір-бірлеп иелеріне таратып, үстіндегі пайдаларын қоса беріп болған соң: «Енді менде ештеңелерің қалмады ма?» – деп сұрайды. Олар: «Біз саған разымыз», – деп Әбул-Асиді біраз мақтайды. Әбул-Аси: «Менде еш ақыларың қалмады ма?» – деп қайта сұрайды. Олар: «Ештеңеміз қалған жоқ», – дейді. Осыдан кейін барып Әбул-Аси: «Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән расулуллаһ (Алладан өзге құдай жоқ екеніне куәлік беремін және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беремін)» деп иман келтіреді де: «Мен бұл нәрсеге Мәдинада ниеттенген едім, бірақ жұрт мал-дүниесін қайтарып алу үшін иман келтірді деп ойлап қалмасын дедім», – дейді (Алла оған разы болсын). Сосын ол Мәдинаға оралып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдына келіп, өзінің мұсылмандығын жариялап, Алла елшісінен (с.а.с.) өзін Зәйнәбқа қайта қосуын сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ӘбулАсиді қуана қарсы алып, оған Зәйнәбті қайтарып береді. Олар араға алты жыл салып барып қайта табысады. Алайда, өкінішке қарай, көп ұзамай Зәйнәб қарақшы Хаббардың соққысының салдарынан көп азап шегіп дүниеден өтеді. Осы өлімге тікелей себепкер болған Хаббар сол бойы таптырмай кеткен еді.

Мекке мұсылмандардың қолына өткеннен кейінгі күндердің бірінде Мәдинада Пайғамбарымыз (с.а.с.) мешітте отырғанда, алып денелі бір кісі алдына келіп тізерлеп отырып: «Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән расулуллаһ», – деп иман келтіріп, Алла елшісінен (с.а.с.) кешірім сұрай бастайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оның Хаббар екенін білген соң, жүрегіндегі қызына деген махаббаты бой көтеріп, ескі жараның аузы тырналып: «Зәйнәбті өлтірген осы, Зәйнәбті өлтірген осы», – деп қайталап отырып қалады. Десе де, бұл орында таразы сезім емес, сенім еді. Ислам иман келтірген кісінің алдыңғы күнәларының бәрін жуады, тіпті ол Пайғамбардың қызын өлтірсе де. Сіздер адамзат тарихында патшаның қызын өлтірген біреуді патша үкіметінің кешіргенін естігенсіздер ме?! Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хаббарды кешірген. Өйткені Исламның мақсаты – әсте кек қайтару, өш алу, әлдекімге зұлымдық істеу емес. Ислам – бейбітшілік пен кешірімшілдіктің рәмізі! Алла елшісінің (с.а.с.) қызы Зәйнәбқа Алла разы болып, оны Өз рақымына алсын!

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: