25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Халифа Алтай Құран аударғанда көмектескен кемеңгер

Халифа Алтай Құран аударғанда көмектескен кемеңгер

Ислам жұлдыздары

Сіз бен бізге алғаш Құран Кәрімнің қазақша аудармасын ұсынған ғұлама ғалым Халифа Алтай арамызда өзі жоқ болса да көзіндей болған асыл жары – Бибәтіш Жүнісқызын осыдан төрт жыл уақыт бұрын арнайы іздеп барып, сұхбаттасқан едім. Халифа Алтай Құран Кәрімді аударуға кірісе бастағанда аяулы жары демеу болды деген сөзді көп естіген едім. Осының мән-жайын сұхбаттасу барысында Ислам ғұламасының жарынан сұрағанымда, ол кісі былайша баяндап берген болатын:

3f254f346619efa335acfcd1a70794d0-700x466.jpg

– Мен ол кісіні «молда», «қажым» деп атайтынмын. Бұл оған деген құрметім мен сыйластығым еді. Бала-шағаның атын атағандай ол кісінің есімін атай алмадым. Ол кісі мені «Бәтішім» деп еркелетіп айтатын. Біз елу жыл бір шаңырақтың түтінін түтеттік. Арамызда бір рет те ыдыс-аяқ сылдыры естілген емес. Елу жыл елу сағаттай болған жоқ. Қанша қиыншылық, жоқшылық болса да, тағдырдың тауқыметін бірге тарттық. Біз қажым Құран аударып бастағанда Түркияның Маниса деген қаласында тұрдық. Ол жақта өкімет бізге тегін үй берді. Алты ай бойы тегін тамақ берілді. Өкімет 5 жылға дейін салық салмады. Қажым әртүрлі кәсіппен айналысып жүргенде, келер жылдың күзінде бір адам жамап, бояп берерсің деп тері тон беріпті. Соны үйге алып келіп сөгіп, үлгісін шығарып, тон тігіп үйрене бастады. Кейін оны біз де үйрендік. Қазірге дейін ол қалада тері киім тігуді кәсіп қылып отырғандар бар. Қажым 1984 жылы Құран Кәрімді аударуға кірісті. Халифа Алтайды алыс-жақын елдерден іздеп келушілер көп еді. Үйден қонақ арылмайтын. Біз кейін осы кәсіпті (тері илеу) қолға алдық. Малақай, қолғап, тон тіге бастадық. Оны базарға апарып сата бастадық. Тікпеген нәрсеміз қалмады. Ақысына үйге азық-түлік алып қайтатынбыз. Қажым Құранды төрт жарым жыл дегенде аударып бітті. Ол кез 1988 жылдың аяғы болатын. Сол жылдардың ішінде Халифа Алтай бірнәрсені жаңылыс жазып алмасын деп тікемнен тік тұрдым. Келген адамдарға келінім екеуміз жүгіріп жүріп, ас-суын дайындайтынбыз. Ол кісіні бағып-қағып қасында болдым. Тікемнен тік тұрдым. Мен ол кісіні қатты құрметтедім. Жазу жазған оңай емес. Ол кісі кейін науқастанып жатып қалды. Мен қай кезде де оның қасынан табыла білдім.

Осы кезге дейін Алланың қалауымен төрт рет қажылыққа барып келдім. Төрт қызымды өз қолымнан ұзаттым, төрт ұлымды отбасылы еттік. Ең бастысы, кіндік қанымыз тамған Отанымызға табанымыз тиді. Халқымыз жақсы құрметтеді, ерекше ықыласқа бөлендік. Халифа Алтайдың кім екенін қазақ елі білді. Қанша дегенмен қазақ халқы қазір оқыған, көзі ашық. Оқыған адам оқыған адамды бірден таниды, біледі. Міне, қазір жасым сексен алтыға келді. Менің ешқандай арманым жоқ...» деп ақ шәлісін басына таққан аяулы апамыз ағынан жарылған болатын.

Осыдан кейін ол кісіге деген құрметім одан сайын артып, Халифадай алып адамның артында осындай ары таза, жаны таза қазақ әйелі бар екенін біліп, ой түйдім. Халқына қадірлі, еліне шапағатшыл болған қария – қазақ еліндегі Ислам дінінің таралуына баға жетпес еңбек сіңірген Халифа Алтай есімі ешқашан ұмытылмайды. Осы сұхбаттан кейін бір жылдан соң аяулы анамыз да жары Халифа Алтайдың соңынан еріп, бақилық болғанын естідік.

Келер ұрпаққа өлмес сөз, сауапты із қалдырған «Түрік әлемінің ғұламасын» және дін қайраткеріне Құран аударуға демеу болған аяулы жары Бибәтіш Жүнісқызын Алла рақымына алғай!

Салтанат Қожа,

ummet.kz

Бөлісу: