25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алаш зиялыларының имамы

Алаш зиялыларының имамы

Ислам жұлдыздары

Көрнекті діндар ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылым үйренуге үндеген ағартушы, мұсылмандық жолын жақсы білген, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген ғұлама-ахун Ғұмар Қараштың есімі кейінгі ұрпаққа жақсы таныс емес. Оның “Алаш зиялыларының имамы” атанғанын біреу білсе, біреу білмес.

Ғұмар Қараш 1875 жылы Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Құрқұдық мекенінде дүниеге келген. Ғұмар бес ағайынды екен. Әкесі Қараш үш баласына да атақты сахабалардың есімін беріп, ұлдарын Оспан (Осман ибн Аффан), Сыдық (Әбу Бәкір Сыддық), Ғұмар (Омар ибн Хаттаб) атапты. Одан өзге Арыстанбек атты ағасы, Рақила есімді әпкесі болған. Әкеден жеті жасында жетім қалған Ғұмарды ауқатты ағайындары Жанша атты молдадан қара тануға береді. Одан кейін мешітке имамдық еткен сол кездегі указной молда, өзінің аттасы Ғұмар Жазықұлының шәкірті болады. Жастайынан зерек, білімге құмар жас ары қарай оқуын Қашғари молданың мектебінде жалғастырады. Ғұмар Қараш өмірін зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов одан арғы өмірін былай деп жазады: “Екі молдадан алған біліміне қанағат қылмаған зерек Ғұмар одан әрі Ысмағұл Қашғари молданың мектебінде білім толықтырады. Ақыры Борсыға таяу Жалпақтал қыстағында “мешіт ашып, молда болады” деген иршат (куәлік) алады да, өз ауылы Қарақұдыққа молда болып келеді. 1900 жылдары қазіргі Қазталов ауданына қарасты Қараоба жеріндегі Тіленшісай мекенінде қостаңбалы ноғайқазақтар арасындағы жанында медресесі бар мешітке ауысып, жәдидше бала оқытуды ұйымдастырады”.


Ғұмар Қараш жай ғана оқып қоймай, дін ілімінің тереңіне бойлай түседі. Тақуалыққа ұмтылып, сопы болмаққа талпынған еді. Зерттеушілер оның ұстазы сол уақыттары Орынбор мүфтилігінің өкілі, кезінде ахун болған Ғұбайдолла Ғалікеев болуы мүмкін екенін айтады.
Кейін үлкен ғалымға айналған Ғұмар Қараштың ілім іздеуі осы медреселермен де тоқтап қалған жоқ. Оның ары қарай да білімін жалғастырғаны жөнінде таласты пікір көп. Біреулер Уфадағы медресені бітірген десе, енді біреулер Ыстамбұлдан оқып келгенін айтады. Уфада оқығаны жөнінде нақты дерек татар ғалымы Галимжан Гыйльманов жинақтап шығарған башқұрт ақыны Шәехзадә Бабичтің таңдамалы өлеңдер жинағында бар. Онда: “Гомәр Қараш Уфадағы “Галия” мәдрәсәсен тәмамлаган”, - деп жазылған. Осыны негізге ала отырып, мүмкіндігінің аздығына қарамастан Ғұмар Қараштың “болдым, толдым” деп шектеліп қалмай, ілім көкжиегін кеңейте түскенін көреміз.

 

Ғұмар Қараш Қазан төңкерісіне дейін де Алаш зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болып, пікір алмасып, “Қазақ” газетіне мақалалар жариялап тұрды. Оның Алаш зиялылары қатарында жүріп жазған “Неден қорқам?”, “Көреміз бе?”, “Келер ме екен?”, “Күн туды”, “Алаш азаматтарына” деген секілді өлеңдерінен ұлтшылдық сарынымен қатар, халық тағдырын ойлаған перзенттік тебіренісін байқаймыз.
Ғұмар 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысады. Делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жібереді. Сол жылдың желтоқсанында Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, онда баяндама жасайды. Ақыры, Кеңес үкіметінің жеңіс бермейтінін байқаған Ғұмар “Алаш” үкіметі жаппай мойындатылып жатқан 1918 жылы діни мансабын тастап елге кетіп, Ордадағы педтехникумда сабақ бере бастайды.


Жаңа кезеңді жақтауға мәжбүр болады. Ғұмар Қараш өзге Алаш зиялылары секілді жаппай репрессиялау кезеңіне дейін өмір сүрмеді, қапияда жау қолынан мерт болды. Көзі тірі тұрса, оның да “Халық жауы” болып, атылып кететіні сөзсіз еді. Өйткені, оның өзін қараламаса да, Кеңес үкіметі артында қалған сөзін, өлеңдерін, кітаптарын репрессиялады. Оны 1930-жылдары молда-ақын, Алашорданың жыршысы деп атады. Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” кітабында “Қарашұлы Омар “Алаш” ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты “Терме” еді. Кітапшасында Әлекеңді (Әлихан Бөкейхан) мақтайды”, - дейді. Ал 1932 жылы “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” атты мақаласында Сәбит Мұқанов Ғұмардың жазғандарына біршама оң талдау жасай келіп, кітабы туралы:
“Өрнек” қазақтың жаңа байларының сойылын соққан шығармашылардың қаламынан прогресс есебінде шыққан бірінші дін кітабы еді. Бұдан кейін дін мәселесіне кітап жазған ұлтшылдардың бәрі осы “Өрнекте” қозғалған мәселелерді тереңдетті”, - деп сынады. “Алашорданың” аты аталса қалтыраған қоғам солай сөйлеуге мәжбүр етті.

Ал Ғұмардың есімі Сәбең айтқан “Алашорда партиясының молдасы” деген атпен мәңгілік жазылып қалды.

ummet.kz

Бөлісу: