25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ең батыл әйел сахаба

Ең батыл әйел сахаба

Ислам жұлдыздары

Аса қамқор Ерекше Мейрімді Алланың атымен бастаймын!
Бүкіл мұсылман қыздары әрбір мекен мен әр заманда Алла Тағаланы ұлықтайтын жүрегі бар таза сондай салиқалы үлгі болатын әйел кісіге мұқтаж. Ал үлгі болатын әйелдердің ең лайықтысы, бұл әлбетте әйел сахабалар.


Ислам дінінің қанат жайып, кең таралуында ер сахабалар қалай қызмет етсе, жаужүрек ұрпақ тәрбиелеп, Аллаһ пен Пайғамбардың жолында солардан қалыспай шыбын жанын пида еткен әйел сахабалар да болған. Пайғамбарымыздың ілтипатына ие болған, һижрет еткен, соғыстарға қатысып ерлік көрсеткен, Аллаһ үшін шейіт болуды аңсаған, қолынан келген жақсылықты аямай, қийындықтарға төзе білген жанқияр сахабалар да бар.

نسيبة بنت كعب رضي الله عنها


Нусайба Қағбқызы (Алла оған риза болсын)
«Сенің қолында келген кімнің қолынаң келер дейсің, уа, Умму Умара»
«Умму Умара» деген атпен танымал Нусайба Қағбқызы әл-Мазиния Ансарларлдың бәну Наджар руының әйелі еді. Умму Умара Пайғамбарымыз, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, Мәдинаға қоңыс аудармай тұрып Ақаба келісімінде ансарлық әйелдердің арасынан алғаш иман келтірген. Бұл әйгілі Ақаба келісімінде бар жоғы екі әйел қатысқан. Сол екі әйелдің бірі – Нусайба Қағбқызы. Уақыт өте Аллаһ елшісі, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, Мәдина қаласына қоныс аударып, мұсылмандар мен мүшріктер арасында шайқастар легі басталғанда Нусайба күйеуі Ғазайя және алғашқы күйеуі марқұм Зәйд ибн Асамнан көрген ұлдары Абдуллаһ, Хабибтармен бірге жорықтарға қатысады. Алла оларға разы болсын! Нусайбаның ерлігі әсіресе Ухуд шайқасында көрініс табады. Негізінде, жорыққа шыққан әйелдердер жәрдем көрсететін, әскерге ас-су әзірлеп, тағы басқа жағдайларда қолғабыс ететін, бірақ соғысқа араласпайтын.

Ухуд шайқасында бастапқы кезінде мұсылмандар басымдылыққа ие болғанымен, садақшылардың өз орындарын тастап кетуі нәтижесінде дұшпан Халид ибн Уәлидтің атты сарбаздары соғыс алаңын орағытып өтіп, мұсылмандардың ту сыртынан соққы береді. Бұл «Аллаһтың семсері» атанған Халидтің, Аллаһ оған разы болсын, Исламды әлі қабылдамаған кезі еді. Осындай күтпеген шабуылдың әсерінен мұсылман әскерінің шебі бұзылып, қосыны бытырап артқа шегініп қаша бастайды. Нәтижесінде Пайғамбардың, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, қасында он-ақ жауынгер қалады. Аллаһтың елшісін, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, қорғау үшін аяқтарында нық тұрған бұл ондықтың төртеуін Нусайба Кағбқызының отбасы құраған: өзі, күйеуі және екі ұлы. Бұл ондық Аллаһ елшісінің, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, амандығы үшін өз бастарын қатерге тігіп, жандарын салып, тәндерін тосады. Қарусыз жалаң қолмен тұрған Нусайба Пайғамбарымыздың, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, басына қауіп туғанын көріп, жерден бір қылыш тауып алып, өз жанынан да артық көретін ұлы тұлғаны қорғау үшін дұшпанға қарсы шығады. Мұны көрген Аллаһ елшісі, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, қашып бара жатқан бір мұсылман сарбазға: «Ей, соғыспасаң, қалқаныңды соғысатын адамға тастап кет!» – деп айқайлайды. Әлгі сарбаз қалқанын Нусайбаға лақтырады. Қалқанды қолына алған Нусайба Аллаһ елшісі, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, қорғау жолында аянбай шайқасады. Осы бір аласапыранның арасында жүріп Пайғамбарымыз, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, мүшріктердің алдын ала қазып дайындап қойған орына түсіп кетеді. Осы сәтті пайдаланып, мүшріктер Пайғамбарымызды, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, өлтіру үшін орға қарай жанталаса ұмтылады. Олардың жолдарын тоспақ болған Нусайбаның ұлы Абдуллаһ ибн Зәйд ауыр жарақат алады. Мұны көрген Пайғамбарымыз, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, Нусайбаға: «Нусайба, балаң!» – деп Нусайбаға айтады. Ұлына жетіп барған Нусайба оның жарақатын шүберекпен таңып, шапшып жатқан қанды тоқтатып ұлына: «Енді тұр орныңнан! Шайқасқа аралас!» – деп бұйыра айқайлайды. Сол кезде Аллаһ елшісі, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, Нусайбаның осыншалықты өжеттілігіне тамсанып: «Сенің қолыңнан келген кімнің қолынан келер дейсің, уа, Умму Умара!» – деген. Пайғамбарымызды, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, қорғау жолында жанталасып жүрген араларында Нусайба бар ондық өздері жаяу болса да, атты әскерге тайсалмай қарсы тұрып, күрес жүргізеді. Кескілескен ұрыс осылайша жалғасып жатқан-ды. Кенеттен бір атты мүшріктің Умму Умараның ұлына ұмтылып бара жатқанын байқаған Пайғамбарымыз, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, Нусайбаға: «Балаңды қорға!» – деп айқайлайды. Нусайба баласын қорғауға ұмтылады. Оны көрген дұшпан атының басын Умму Умараға қарай бұрады. Нусайба кейіндеп артқа шегініп кетеді де, мүшрік артқа шалт қайырылып, оның ұлына қарсы шабады. Сол кезде Нусайба жетіп барып, оның атының аяғын шабады да, мүшрік атынан ұшып түседі. Мүшріктің құлағанын көрген Нусайба: «Маған көмекке келіңдер», – деп айқайлайды. Жүгіріп келген ұлы әлгі дұшпанмен қылыштаса кетеді. Осы сәтті пайдаланған Нусайба дұшпанның артқы жағынан келіп, оны шауып өлтіреді. Пайғамбарымыз, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, соғыстан кейін: «Қай жағыма қарамайын, сол батырлар бас сауғалап қашқан уақытта, қасымда Умму Умараның соғысып жүргенін көрдім», – деп айтып жүретін.
Нусайба денесіне тиген найзалардың ұшы мен қылыштардың жүзін елемей, он үш жерінен жарақат алып, киімі қанға малынғанша қайсарлықпен шайқас жүргізеді.
Ухуд шайқасынан үш күн өткеннен кейін Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, осы шайқасқа қатысқан мұсылмандардың бірі қалмай, тегіс қайта атқа қонуына бұйрық береді. Ислам тарихында бұл жорық «Хамра-ул-әсәд» деп аталған. Ауыр Нусайба Кағбқызы жарақатына қарамастан Нусайба да әскер сапынан орын алады. Бірақ әскер көп ұзап шықпай жатып, Нусайба жарақатының орны қайта ашылып, әлсіреп жерге құлап түседі. Пайғамбарымыз, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, оған Мәдинада қалуға кеңес беріп, адамдарға оны емдетуді тапсырады.
Пайғамбарымыз, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, Мәдинаға келе сала, тағы ең алдымен, Нусайбаның жағдайын сұрастырады. Қайсар әйел Нусайба Ислам тарихындағы Байғатур-Ридуан деген атпен қалған ризашылық антын қабылдағандардың ішінде болған, Пайғамбарымызбен, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, қоштасу қажылығына қатысқан.
Мұсылмандар мен діннен қайтқандардың арасында кескілескен қырғын шайқас басталады. Өзінің егде тартып қалған жасына қарамастан, Нусайба ақиқат жеңісі үшін қолынан келгенін аямайды. Бұл шайқаста оның Ухудта алған жарақатының аузы қайта ашылып, біраз әбігерге түседі. Алайда Нусайба бұған қарамастан, өз жанынан артық көрген Пайғамбарға, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, қарсы келген, бауыр еті ұлын кескілеп өлтірген Мусәйләмә азғыннан кек алу үшін жанын салады.
Ұзаққа созылған шайқастың соңы мұсылмандардың жеңісімен аяқталып, Мусәйләмә өлтіріледі. Ұрыс аяқталған соң Абдуллаһ анасын Мусәйләмәнің мәйітіне алып келеді. Оның өлігін көрген өжет әйелдің көңілі жай тауып, Мәдинаға кері қайтады. Жол бойы аузы ашылған жарақатынан қан кетіп әбден әлсіреген Нусайба Мәдинаға келе салысымен, шәһидтік жолмен жан тапсырады. Аллаһ оған разы болсын!
Нусайба Ислам тарихында Нусайба белгілі жауынгерлердің бірі аталғанымен, оны үлкен шыдамдылығымен жанашырлық рухы бар әйел деп те атайды. Нусайбаның бір ұлы Алла жолында шайқаста қайтыс болды, ал Нусайба ұлының қайтыс болғандығы туралы хабарды абыроймен және Алладан келген сынақ деп қабылдап Алла Тағалаға ең жоғары дәрежеде сенім артқанын және оған қатты сенетіндігін көрсетті.

Әйгерім Қайратқызы,

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы


Бөлісу: