26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарлық қалай келді?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) қырыққа таяғанда, оңашада ой кешіп, жаратылыстың тылсым құпияларына үңілетін. Елден жырақ құлшылық жасайтын. Осы мақсатта ара-тұра Хира тауындағы үңгірге барып-тұруды әдетке айналдырды. Азық алу үшін ғана үйге келіп, көп кідірмей қайта кететін.

610 – жылдың Рамазан айының бір күні сол үңгірде оған пайғамбарлық міндет жүктелді. Жәбірейіл періште арқылы Аллаһтың алғашқы аяттары түсті.

Бұл жайлы Аллаһ елшісінің өзі былай дейді: «Сол уақытта періште мені қапсыра құшақтап алды. Тынысым тарылып кетті. Бір уақытта мені қоя берді де: «Оқы!», – деп бұйырды. Мен «Оқу білмеймін», – деп жауап бердім. Ол мені қайта құшақтап «Оқы!» деді. Мен оқи алмайтынымды айттым. Жәбірейіл періште үшінші рет қысқанда «Нені оқиын?» деп сұрадым. Сонда ол мына аяттарды оқыды:

اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ. خَلَقَ الْإِنسَانَ مِنْ عَلَقٍ. اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ. الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ. عَلَّمَ الْإِنسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ

«Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен».

Аллаһ елшісі (с.а.с.) осы оқиғаның әсерінен айыға алмай үйіне оралады. Келген бетте жан жары Хадиша анамызға басынан өткенін баяндады. Хадиша анамыз оған: «Ант етейін, Аллаһ тағала сені жамандыққа ұшыратпайды. Бұл тегін емес. Өйткені сен туыстықты жақтайсың, шыншылсың, сабырлысың, қонақжайсың, мұқтаж адамдарға көмектесесің...» дейді.

Іле Хадиша бұл оқиғаны Тәурат пен Інжілден хабары мол Уарақа ибн Нәуфалға айтқанда, оның таңданысында шек болмады. «Аллаһқа ант етейін, егер айтқаның рас болса, онда ол Мұсаға да келген үлкен періште Намус акбардың өзі болды ғой» деп түсіндірді.

Уарақа ибн Нәуфал хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлық жүктелгенін ұқтырып, ендігі жерде дінді тарату жолында көп қағажу көретінін ескертті. Тіпті не түрлі жала жабылып, елден қуылуы мүмкін екендігін де айтты. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) «Сонда туған жерімнен қуыламын ба?» деп таңғала сұрағанда, ол «Кезінде қауымы сенбей, жала жаппаған, елден қуылмаған, ауыртпалық тартпаған ешбір пайғамбар болмаған» деп жауап берді.

Осыдан кейін періште көпке дейін ат ізін салмады. Бірде таудан қайтып келе жатқанда, әлгі періште пайда болды. Қатты қорыққан Пайғамбарымыз (с.а.с.) табалдырықтан аттар-аттамастан қымтанып жатып қалады. Сол кезде періште Құранның «Мүддәссир» сүресінің алғашқы аяттарын баян етеді.

Аятта:

يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ {1} قُمْ فَأَنذِرْ {2} وَرَبَّكَ فَكَبِّرْ {3} وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ {4}

«Ей, жамылғымен қымтанып жатқан (пайғамбар)! Орныңнан тұр, адамдарға (ақырет азабын) ескерт. Раббыңды ұлықта. Үсті-басыңды таза ұста!» делінді.

ummet.kz рухани-порталы

Бөлісу: