Көпқұдайшылдардың дағуатты тойтаруға бағытталған сыртекі тәсілдері бірнеше айға дейін жалғасты, бұл аралықта олар мұсылмандарды жәбірлеуге, азаптап қинауға әлі көшкен жоқ-ты. Бірақ олар мұндай тәсілдердің жаңа діннің дағуатын тоқтатуға ешқандай пайда бермей жатқандығын көрген соң, тағы бір рет бас қосып кеңес өткізді және мұсылмандарды қинап, азаптауға, оларды діндерінен қайтаруға әрекет жасауға келісті.
Әрдайым мұсылмандарды тіміскілеп, аңдып-бағып жүретін Әбу Жәһл абыройлы, өзін қорғай алатын күші бар кісінің Исламды қабылдағанын естісе, оны кінәлап, балағаттайтын және оның дүние-мүлкі мен атақ-абыройына үлкен зиян жасайтындығын айтып қорқытатын. Ал егер Исламды қабылдаған кісі әлсіз болса, Алланың жауы оны соққыға жығып, қыр соңынан қалмайтын. Осман ибн Аффанды (Алла разы болсын) көкесі құрма ағашының жапырақтарынан тоқылған алашаға орап тастап, астынан от жағып, түтін түтететін. Осман тырп етіп қозғала алмастан оттың қалың түтініне тұншығатын. Меккенің ауқатты отбасыларының бірінен шыққан, шалқып дәурен сүріп жүрген Мусғаб ибн Ғұмайрды (Алла разы болсын) Исламды қабылдағаны үшін анасы ас-ауқатсыз қалдырып, үйінен қуып жіберген. Үй-күйсіз Мусғабтың терісі жарылып, жыланның қабыршығындай қабыршақтанып кеткен. Мұсылмандардың алғашқы азаншысы ретінде танылған Біләл ибн Рабах (Алла разы болсын) Умәйиә ибн Халаф әл-Жахми деген мүшріктің басыбайлы құлы болатын. Ақиқатты танып, Алланың жалғыздығын мойындаған құлға иесі Умәйиә көп жәбір көрсетті. Біләлдің мойнына арқан байлап, балалардың тірі ойыншығына айналдыратын. Балалар оны Меккенің тауларын айналып сүйрелейтін, тіпті, оның мойнына қиған арқанның ізі түсіп қалатын. Умәйиә оны мықтап байлап тастап, таяқпен сабайтын, нәр таттырмастан аш ұстайтын және шыжыған күннің астында қалдырып қоятын. Бұдан да сұмдығы, иесі оны тал түсте, күн әбден қызған кезде күйіп тұрған құмның үстіне жатқызып, кеудесіне зіл батпан ауыр тас бастырып қойып: «Сен Лат пен Ғұззаға табынбасаң, Мұхаммедтен бас тартып, дініңнен қайтпасаң, осылай жатып өлесің», – деп шарт қоятын. Бірақ Біләл осындай жан шыдамас халде жатса да, болаттай берік қалпында: «Жалғыз! Жалғыз!» – деп қайталаумен болды. Біләл дінінен бас тартпаған сайын Умәйиә оны азаптауын үдете түсті. Бір күні оны азаптап жатқанда сол жерден өтіп бара жатқан Әбу Бәкір (Алла разы болсын) мұны көріп, Біләлді иесінен құнын төлеп сатып алып, оны Алла үшін азат етіп, мұсылман құлға бостандық сыйлайды.
Аммар ибн Ясир мен оның ата-анасы бәну махзум әулетінің құлдары еді. Әбу Жәһлдің басқаруындағы мүшріктер оларды да шыжыған күннің астында ұстап азаптайтын. Сондай сәттердің бірінде азапталып жатқан отбасының қасынан өткен Алла елшісі (с.ғ.с) қолынан келер еш дәрмен болмағандықтан, жаны ауырып, қанатты сөздерімен демеу білдіріп: «Сабыр етіңдер, Ясирдің отбасы! Ақиқатында, сендерге уәде етілген орын – жәннат!» – деді. Аммардың әкесі Ясир азапты көре алмай жан тәсілім етті. Ал анасы Сумәйиәні Әбу Жәһл найзамен ішінен шаншып өлтірді. Бұл әйел Исламдағы шәһид өліммен үзілген алғашқы адам болды. Әке-шешесінің қазасына қарамастан мүшріктер Аммарды азаптауларын доғармай, үдете түсті. Біресе оны шыжыған күннің астына тастап, кеудесіне үлкен қызыл тас бастырса, біресе оны суға тұншықтырып қинап: «Мұхаммедке тіл тигізбесең немесе Лат пен Ғұзза жайлы жақсы сөз айтпасаң, жайыңа қалдырмаймыз», – деді. Өлімші халге жеткен Аммар шарасыздан мүшріктер естігісі келген сөзді айтуға мәжбүр болды. Артынша жылап-еңіреп Пайғамбарымызға (с.ғ.с) кешірім сұрап келді. Осыған байланысты Алла Тағала Құраннан «Кімде-кім иман келтіргенінен кейін Аллаға кәпірлік етсе, бірақ мәжбүрленген, ал жүрегі иманға орнықты болған адам басқа» («Нахл» сүресі, 106-аят) деген аятын түсірді.
Жәбірленушілердің тағы бірі Умму Анмар бинт Сибағ әл-Хузағия деген әйелдің құлы Хаббаб ибн Арат еді. Исламды қабылдағаны үшін оны мүшріктер Мұхаммедтің (с.ғ.с) дінінен бас тартуын талап етіп, азаптың алуан түрлерімен қинайтын. Көпқұдайшылдар оны шашынан ұстап жұлқылап, мойнын үзіп жіберерліктей бұрайтын, жанып тұрған шоққа тастап, соның үстінде әрлі-берлі сүйрелейтіндіктен оттан алғандарында Хаббабтың арқасының майы ағып тұратын. Мүшріктер кейбір сахабаларды түйенің, сиырдың терісіне орап, ыстық құмның үстіне тастайтын, кейбіреулеріне темір сауыт кигізіп, қызған тастың үстіне жатқызып қоятын. Алланың жолында мүшріктерден азап көргендердің саны өте көп, олардың көрген азабын естіген кісінің жаны ауырады. Көпқұдайшылдар Исламды қабылдаған әрбір мұсылманға шүйлігіп, зәбір көрсететін. Бірақ мұсылмандар көрген азап, жәбір-жапаларына мойымай, бойларына қайрат бітіп, жүректеріне иман шуағы берік ұялай берді. Алла елшісінің (с.ғ.с) жаулары да, достары да оған құрметпен қарайтын. Көп кісінің Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) жеке басына азғындық әрекеттер жасауға жүрегі дауаламайтын. Оның үстіне, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көкесі Әбу Талибтің қорғауында болды. Құрайыш мүшріктері Әбу Талибтен аттап өтіп, оның қорғауындағы кісіге өзге мұсылмандарға жасағандарындай ашық әрекетке барып, жазалау шараларын қолдануға батылдары жетпеді. Осы жағдай мүшріктердің діңкесін құртып, салын суға кетірді, өздерінің басты нысанасы Пайғамбарға (с.ғ.с) қатысты қандай да бір нақты шара қолдануларына кедергі жасап, аяқтарына оралғы болып отырған осы жағдай еді. Сол үшін де олар осы қиындықтан соңы жақсылыққа апармайтын қауіпті іске ұрынбастан шығудың жолын іздеп, тиімді тәсілін, дұрыс шешімін қарастыра отырып, бұл мәселедегі ең басты тұлға Әбу Талибпен келіссөзге баруға тоқтады. Олар осы келіссөздің барысында үлкен саясат пен бірқатар амал-айла қолданып, астарлы түрде қорқыту, доқ көтеру тәсілдерін пайдаланып Әбу Талибті айтқанымызға көндіреміз деп ойлады.
материал «Мұхаммед пайғамбар» кітабынан алынды,
ummet.kz