25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Əйел затынан пайғамбар келген бе?

Əйел затынан пайғамбар келген бе?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ғұламалар пайғамбарлардың адамдар арасынан таңдалғаны туралы ортақ пікірде болғанымен, əйел затынан пайғамбардың шығып-шықпағаны жайлы мəселеде ортақ ымыраға келмеген.

Мəселен, имам Қуртуби, Ибн Хазм жəне Бəйжури секілді ғұламалар Мариям ананы, Перғауынның əйелі Əсияны, Хауа ананы, Мұсаның (ғ.с.) анасы Сараны жəне Ибраһим пайғамбардың жары Хажар ананың пайғамбар болғандығын айтады.

Адам баласына өздері қалаған адамын пайғамбар етіп таңдауға ерік берілмеген. Олар тек келген пайғамбарларға иман ету мен мойынсұнуға ғана жауапты. Ал пайғамбарлардың негізгі міндеті – ақиқатты толық насихаттау. Пайғамбарлар дінді тарату барысында небір қиыншылықтарға кездеседі. Сондықтан мұндай аса ауыр міндетті абыроймен атқара алу үшін таудай шыдам мен сабырлық қажет. Мəселен, Адамнан (а.с.) Мұхаммедке (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) дейінгі бүкіл пайғамбарларға сан алуан күйе жағылып, жала жабылған. Ақиқатқа нанбаған қауым Зəкария, Жақия пайғамбарларды жауыздықпен шейіт етті. Мұндай қиын жағдайларға қарамастан пайғамбарлардың қайсысы болмаса да, өз істеріне берік болып, көркем төзімділік танытқандығына тарих куə.

Алайда алдау-арбау, кемсіту, мұқату, жалғандық, көлгірсу, əділетсіздік пен опасыздық қаңтардың аязындай қағынып тұрған дəуірде пайғамбарлық сияқты нардың нары ғана алып жүре алатын жауапкершілігі өте ауыр міндеттің əйел затына жүктелуі олардың нəзік жаратылысына кереағар емес пе? Əрі мұндай қоғамға ақиқатты уағыздау əйел заты үшін жан төзгісіз азап қой?!

Хақ Тағала ешбір пендесіне шамасы жетпейтін міндет жүктемеген. Оның ішінде, əйел затына мұндай ауыр жауапкершілікті артпаған.

Ал Құранда: «Сенен бұрын да біз өздеріне уахи еткен еркектерді ғана пайғамбар етіп жібердік. Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», «(Мұхаммед (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм)) сенен бұрын да өздеріне уахи етіп, еркектерді ғана елші етіп жібердік. Егер білмесеңдер, кітап иелерінен сұраңдар», – деп пайғамбардың тек ер кісіден ғана келгендігі айтылады. Осы аяттарға сүйенген ханафи мəзһабы ғалымдары пайғамбарлар тек ер кісілерден ғана келген жəне пайғамбардың ер кісі болуы шарт дейді.

Пайғамбарлық – аса ауыр міндет. Пайғамбарлық жүктелген жан қашан да қалың қауіп-қатер мен небір қиыншылықтардың бел ортасында, қылыштың жүзінде жүреді. Пайғамбарлар – адамзат баласын тəрбиелейді. Пайғамбар хақ дінді жаю жолында Алла Тағаламен жəне адамдармен тығыз байланыста болады. Ал нəзік жанды əйел затының бұған шамасы жете бермейді. Əйел затының биологиялық жаратылысында етеккір, бала көтеру секілді жағдайлар орын алады. Сəбиді дүниеге əкелгеннен кейін қырық күн шамасындағы нифас мерзімі тағы бар. Жаңа туған нəрестенің күтімі сияқты əйел заты ғана атқара алатын маңызды істер оның пайғамбарлық міндетіне кедергі болады. Керек десеңіз, бұл жағдайда əйел заты, тіпті, оразасын ұстап, намазын оқып, діни міндетін де атқара алмайды.

Бұған қоса, жоғарыда айтылған «Қасас» сүресінің 7-аяты мен «Əли Имран» сүресінің 42-аятында «уахи еттік» деген сөздің мəнін тек пайғамбарларға келетін уахи деп ұқпау керек. Яғни, бұл жердегі уахи «аян» мағынасында қолданылған. Ал «аян» адам баласына ортақ. Сонымен қатар, Құранда: «Раббың бал арасына: «Таулардан, ағаштардан жəне адамдардың салған күркелерінен ұя жасап ал» – деп уахи етті», – деген аят бар. Бұл аятқа қарасақ бал арасына да уахи етілген, яғни көкейіне бал жасау міндеті салынған. Ал осы «уахи етті» деген аятқа сүйеніп, «бал арасынан да пайғамбар шыққан» демейміз. Бұған қоса, хазірет Ибраһимнің (а.с.) көрген түсі негізінде ұлы Исмайылды құрбандыққа шалмақ болғаны, Жүсіп пайғамбардың (а.с.) түсінде күн мен айдың жəне 11 жұлдыздың өзіне сəжде еткенін көруін де ескеріңіз. Дəл сол секілді хазірет Мұсаның анасы мен Мəриям анаға байланысты уахилар да олардың пайғамбар болғанына дəлел бола алмайды. Ол тек аян ғана.

Алайда əйел затынан пайғамбардың шықпауын, олардың құлшылығы, тақуалығы немесе мінез-құлқы, т.б. жағынан ер адамнан төмен болғандығынан деп ұқпау керек. Құранда: «Шынында, Алланың құзырында ең ардақтыларың тақуалықта алда болғандарың» – деген аятта адамдардың ең абзалы олардың жынысына байланысты емес екендігі жəне Алла Тағаладан қорқып, Оған құлшылығымен жақын болғандардың жоғары тұратынын түсіндіреді.

материал «Пайғамбарға иман» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: