25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.а.с) ерлі-зайыптыларға қалдырған насихаты

Пайғамбардың (с.а.с) ерлі-зайыптыларға қалдырған насихаты

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Фатима (р.а.) мен Али үйленгенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) үй шаруаларын екеуіне бөліп, үй ішіндегі істерді Фатимаға, ал түздегі істерді Алиге бергендігі риуаят етілген (Ибн Хажар, әл-Маталибул-алия 2/39). Үй сыпырып, су тасығаннан, әсіресе диірмен тартқандықтан Фатима анамыздың қолы жара болған кездері де кездескен (Бұхари, Дағуат 11).

Османға (р.а.) тұрмысқа шыққан қызына: «Қызым, Османға жақсылап қызмет қыл!» (Ибн Хамза Хусайни Сайд Ибраһим ибну Сайд Мұхаммад ибн Сайд Камалуддин; әл-Баян уа тағрифул-урудул-асбабул- хадис шариф, 2/308) – деп күйеуіне қызмет қылу, отбасы берекесін арттыратынын айтқан. Ал Айшаға (р.а.) «Айша, бізге тамақ дайында, су әкел» деп бұйырғандығы, кейде Айша анамыз Пайғамбарымыздың басын жуғандығы айтылады (Бұхари, Хайз 5) .

Бір айта кететін жайт, әйелдер де үй шаруаларымен қоса қолынан келетін істер арқылы жұмыс істеп, табыс табуына болады, өйткені Пайғамбарымыздың әйелі Зейнеп бинт Жахш та тері илеп, оны тіге алатын өнері болғандығы және осы өнері арқылы табыс тауып, тапқан табысын садақа еткендігі айтылады. Абдуллаһ ибн Масғудтың әйелі қол өнерімен табыс тауып, ол табысын Ибн Масғудқа, бала-шағасының керек-жарағына жұмсайтын. Бірде әйелі:

– Саған және бала-шағамызға бар тапқанымды жұмсап, басқаларға садақа беруге шамам жетпей қалды. Садақа бергім-ақ келеді, қайтсек болады? – дейді жүзін кіреуке мұң шалып. Сонда Абдуллаһ ибн Масғуд:

– Бізге жұмсаған қаражатыңда сен үшін бір сауап бар ма, жоқ па білмедім, – деген соң, әйелі Пайғамбарымызға (с.а.с.) барып:

– Мен қолөнерге бейімі бар әйелмін, қолымнан шыққан дүниелерді сатып табыс табамын. Біздің отбасымыздың осыдан басқа табыс көзі жоқ. Ал садақа берейін десем, бар тапқан-таянғаным күйеуімнің, балаларымның керек-жарағына жұмсаудан артылмайды. Осы өзімізге жұмсаған қаржының біз үшін сауабы бар ма? – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Иә, өз отбасыңа не жұмсасаң да, барлығы саған сауап болып жазылады» (Хайсами, 3/118) деп жауап қатқан.

ӘбуҮмама (р.а.) жеткізген хадисте: Алла елшісінің алдына бір баласын арқалап, бір баласын жетектеген күйде бейтаныс әйел келді. Оларды көрген бойда Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Әйелдер балаларын құрсақтарында көтереді, айы-күні жеткенде дүниеге әкеледі, машақатына қарамастан сәбилерге мейіріммен қарайды. Егер әйелдер осы ауыртпалықтарымен бірге күйеуіне салмақ салмаса әрі намаздарын толық оқыса, жаннатқа кіреді», – деп сүйіншілейді.

Құрайыштық әйелдерінің балаларға жақсы қарайтындығын, өз күйеуін құрметтейтіндіктерін көтермелеп: «Құрайыш әйелдері түйеге мінген әйелдердің ең жақсылары. (Өйткені) олар балаларына өте жақсы қарайды, күйеуін аса құрметтейді» (Бұхари, Никах 12, Мүслим, Рида 56) – деген.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: