25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла Елшісі (с.а.с.) қандай себептермен соғысты?

Алла Елшісі (с.а.с.) қандай себептермен соғысты?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ислам – бейбітшілік пен есендік діні. Дініміздің үкіміне салсақ, бір адамды өлтіру барша адамзатты өлтірумен тең.

Құранда «...Кімде-кім жер жүзінде бұзақылық қылмаған, нақақ кісі өлтірмеген біреуді өлтірсе, ол бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең ...» («Мәида» сүресі.) делінген. Алла Тағала мұсылман адамның бір адамды нақақ өлтіруін адамзатты тұтас өлтірумен теңеп отыр, олай болса, мұны білген мұсылман, әсіресе, Алла елшісі (с.а.с.) аятқа қайшыкеліп, халықтықыруымүмкін емес. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) басқа шара қалмаған уақытта ғана қолға қару алған. Мұны біз соғысу емес «қорғану» деп атасақ болады. Яғни, алғашқы он жылдан астам уақытта мұсылмандар дұшпандарынан қанша зорлық- зомбылық көрсе де оларға қарсы тұруға, соғысуға Алладан рұқсат келмегендіктен шыдап бақты. Мұсылмандардың ұстанымы «таспен ұрғанды аспен ұру» болып, адамдардың көңілін Исламға жылытуға тырысты. Соңында һижреттен кейін дұшпандарына қарсы тұруға, соғысуға Алладан аят түсіп, рұқсат берілді. Бұл соғыстың өзі біреуге жасалған қоқан-лоққы немесе дүниеге үстемдік ету үшін талас емес, керісінше, әлемге мейірімді жаю үшін озбырлыққа қарсы тұру еді. Барлық ісін хикметпен істейтіндіктен, Алла елшісі (с.а.с.) қатысқан соғыстардың өзіндік себептері жоқ емес.

Олардың бірнешеуіне тоқталайық.
Бәдір соғысының болу себебі: Мұсылмандар Меккеден көшкенде олардың артта қалған дүние- мүліктерін Мекке мүшріктері талан-таражға салып, тонап, жылдар бойы жинап-тергендерін жоқ етті. Алла елшісі (с.а.с.) Меккеде қалып кеткен сахабаларының мал-мүліктерінің орнына осы керуенді қолға түсіру керек деп жариялады. Сахабалардың кейбіреуі мұны құптады, кейбіреулері бұған мән бермеді, өйткені олар қалған дүниелері үшін соғысамыз деп ойламаған еді. Алайда әділетсіздікті, біреудің мал-мүлкін талан- таражға салуды жаны жақтырмайтын Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алланың рұқсатымен осы іске бел буды.

Ұхұд соғысының болу себебі: Бәдір соғысынан қашып құтылған Құрайыштар, өлген туысқандарының кегін алу үшін қайта қол жинап соғыс ашты. Пайғамбарымыз қорғану үшін Мәдинаның сыртына, Ұхұд тауының маңында оларды күтіп алып сол жерде төтеп берді.

Надыр тайпасына соғыс ашу себебі: яһудилік Надыр тайпасы мұсылмандармен арадағы келісімшартты бұзды. Ол келісімде: Исламға, мұсылмандарға қарсы шықпау, бұл мәселелерде дұшпанға қолдау көрсетпеу, адам құнын төлеу кезінде жәрдемдесу жайы бекітілген. Солай бола тұра, құрайыш мүшріктері Мәдинадағы мұнафықтармен ауыз жаласып, жең ұшынан жалғасуды тыймаған. Олар Пайғамбарымыз (с.а.с.) отырған үйдің төбесінен тас тастап, өлтірмекке әрекет жасайды. Алайда бұл айлалары жайлы Жәбірейіл хабар беріп, Пайғамбарымыз шұғыл отырған жерінен тұрып, Мәдинаға кетіп қалады. Алла елшісі (с.а.с.) Надыр тайпасына қоныс жерін тастап кетуін талап етеді, бірақ Надыр тайпасы қасарысып, соңында мұсылмандар қару қолдануға тура келеді. Алайда мәселе қан-төгіссіз шешіліп, яһудилер қоныс аударады.

Ор (хандақ) соғысының болу себебі: Надыр тайпасы Пайғамбарға (с.а.с.) қастандық мақсатында бірнеше адам тағайындап, Мекке мүшріктеріменмұсылмандарға қарсы соғысуға келіссөз жүргізеді. Яһудилер Мекке мүшріктеріне «сендердің діндерің Мұхаммедтің дінінен әлдеқайда жақсы» деп жағымпаздық жасап, мұсылмандармен соғысуға келіседі. Осылайша Ғатафандағы кәпірлермен және Бәни Фараза, Бәни Хурра деген жерлерден қосымша қол жинап, атой салып келеді. Мұсылмандар қорғану үшін Мәдина қаласының айналасына ор қазады, сондықтан бұл соғыстың аты да «Хандақ» (ор) деп аталып кетеді.

Хайбар соғысының себебі: Құрайза, Қайнуқа және Надырдың сүргінге ұшыраған яһудилері Хайбарға барып жиналған болатын. Бұлардың басы қосылған жерде мұсылмандарға қауіп төну мүмкіншілігі бесенеден белгілі еді. Әсіресе, мұсылмандарды қас жауы көретін яһуди басшылары (Кинана ибн Рабиа, Саллам ибн Әби Хуқайқ, Хуяи ибн Ахтап) бір ұяда бас қосты. Бұлар кек қуалап, әрдайым қауіп төндіріп тұрды. Бір кездері Мекке мүшріктерінің Мәдинаға шабуыл жасауы үшін демеу берген осы Хайбарлықтар еді. Хайбарлық яһудилер өзге мүшріктерге де уәде етіп, Мәдинаға шабуыл жасағандарға көп мөлшерде мал-пұл бермекші болып, мұсылмандарға қарсы айдап салған. Хандақ соғысынан Мәдинаны ала алмағандықтан тағы да бірнеше яһудилерді жинап, (Тайма, Федек, Уадил- Құра яһудилерімен келісіп) күтпеген сәтте шабуыл жасамаққа бекінді. Ғатафандықтармен жолығып, оларды да сапына қосып алды. Бұл жағдайлардың барлығын біліп отырған Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларды жинап жорыққа аттанды.

Хайбар жерін азат етуге бара жатып, жолда тоқтап Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, көк пен оның астындағылардың Раббы! Уа, жер мен оның үстіндегілердің Раббы! Уа, шайтан мен оның адастырғандарының Раббы! Уа, жел мен оның ұшырғандарының Раббы, Алла Тағалам! Біз сенен осы өлкенің жақсылығын, халықтың жақсы болғанын қалаймыз. Осы өлке мен халқының жаманшылығынан бізді сақта!» – деп дұға еткен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алиге (р.а.): «Олардың қамалына кіргеннен кейін алдымен Исламға шақыр, Алланың үкімдерінен хабардар ет. Мынаны жақсылап біліп ал, бір адамның дұрыс жолды табуына себепші болу мыңдаған қызыл түйені Алла үшін құрбан қылудан артық», – дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хайбарды азат еткеннен кейін ешкімді жазалауды мақсат етпеген. Қамал алынып, қарсыластар берілгеннен кейін, Пайғамбарымызға (с.а.с.) хайбарлықтар мал-мүліктерін алып бұл жерден кететіндіктерін, соғысқа қатысқандарды өлтірмеуін ұсынады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ұсыныстарын қабыл етеді. Ислам дінінде басты мақсат елді тонау, қарсы шыққандарды өлтіру болғанда мұндай ұсынысты қабылдамас еді. Кейбір яһудилер «егістік алқабындағы диқаншылық жұмысты жақсы меңгергенбіз. Сендерге бағына отырып, осы жұмысымызды жалғастыра берсек», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға жылдық табыстыңжартыбөлігінмұсылмандарға берушартымен келісім береді де: «Бірақ өзімшілдікке салынбаңдар, біз қалаған уақытта сендерді бұл жерден шығара аламыз», – деп ескертті.

Меккені азат ету: Һудайбия келісімі бойынша мұсылмандар мен мүшріктер он жыл соғыспауға келіскен. Соның негізінде, өзге ру-тайпалар қалаулары бойынша мұсылмандарға немесе құрайыштарға қосылуды таңдай алатын. Атам заманнан бір-біріне өштесіп келе жатқан Хуза мен Бәни Бәкір тайпасы бір жақта болуы мүмкін емес еді, сондықтан осы құқықты пайдалана отырып Хузаға тайпасы Расулалланың қарамағына, ал Бәни Бәкірлер мүшріктердің тарапына өтеді. Бәни Бәкірліктер болмашы бір себеппен Хузаға руына шабуыл жасап, олардың 23 адамын өлтіріп кетеді. Хузағалар Мәдинаға келіп, Расулалланы болған бассыздықтан хабардар етеді. Пайғамбарымыз реніш білдіріп, Хузағалықтарға басу айтып, қалай да көмектесуге уәде беріп қайтарады. Алла елшісі (с.а.с.) мәселенің байыбына барғанды мақұл көріп, мүшріктерге шартты хат жолдады: «Хузағалықтардан өлгендердің құнын төлеңдер, не болмаса Бәни Бәкір тайпасымен ортақтастықтан бас тартыңдар. Екеуінен бірін орындамаған жағдайда Һудайбия келісімін бұзғандықтарыңды, сендерге соғыс ашуға мәжбүр екенімді білдіремін» делінді. Өркөкіректенген өзімшіл құрайыштар Пайғамбарымыздың бастапқы екі шартын да қабылдамайды. Келісімді бұзу арқылы бірінші болып соғысуды қалады, бұған қоса, Пайғамбарымыздың екінші айтқан ұсынысын қабылдамау арқылы тағы да соғысуды таңдады. Сөйтіп, Рамазанның он үші, жұма күні, таң ағарып атқан заматта мұсылмандар он мың әскермен салтанатты түрде Меккеге басып кірді. Пайғамбарымыз Кәсуаға мінген, айналасын салмақты жүзбен сүзіп, «Фәтх» сүресін оқып келеді. Сахабаларының көңіл-күйі көтеріңкі. Жүздерінен тәлімсу, үлкен жеңіске қол жеткізгені үшін өзгені менсінбеу емес, керісінше, нәпсісін тыйып, өзгелерге де шаттық сыйлауға деген ұмтылыс байқалады (Д. Өмірзаққызы, Адамзаттың асыл тәжі). Меккеліктерге: «Кімде-кім Әбу Суфиянның үйіне кірсе немесе кімде-кім өз үйінде есігі жабулы күйде отырса және Қағбаны паналағанға ешкім тиіспейді», – деп айтып қан-төгіссіз Меккені азат етті.

Хунайн соғысының себебі: Алла елшісінің (с.а.с.) Меккені азат еткенін қызғанған, ішін кек жайлаған Хуазйн және Сақиф рулары бас көтереді. Жан-жаққа хабар жіберіп әскер жинайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға қарсы Хунайн ойпатында төтеп беріп, Мекке халқын қорғап қалады.

Тәбук жорығында да Пайғамбарымыз (с.а.с.) қорғану үшін римдіктерге қарсы жолға шыққан болатын. Алайда соғыс өрті тұтанбады.
Құрайза жорығына да себеп болған – құрайзалық яһудилердің Пайғамбарымызға берген келісімін бұзғаны. Келісім бойынша Хандақ шайқасында мұсылмандармен бірге Мәдинаны қорғауға тиіс еді, бірақ олар келісім-шартты аяққа таптап, шайқастың қызған сәтінде мүшріктермен ауыз жаласып, тайқып кетті. Онысымен қоймай, Мәдинаға басып кіріп мұсылмандардың әйел, бала-шағасына қырғидай тиіп, қауіп төндірді. Пайғамбардың қайырымдылығын аяқ асты еткен құрайзалар дұшпан шегінгенде барып, есін жиғанмен бәрі кешеді.Мүшріктердің қирайжеңілгеніне көзі жетісімен, Мәдинаға екі сағаттық қашықтықтағы қамал-қалаларына бекініп үлгереді.

Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көптеген соғыстарының себебі: біреудің ақысын қайтару, келісімді бұзғандығы үшін қорғану мақсатында орын алған. Соғыстарда қарсы алдына шыққан жауынгерлерден басқа ешкімге зиян тигізбеген. «Қарттарға, әйелдерге, балаларға, шіркеулерге тимеңдер. Ағаштарды өртемеңдер, хайуандарды өлтірмеңдер, дүние- мүліктеріне зиян келтірмеңдер» дегенінің өзі оның Ислам үшін жүргізген шайқастарының қандай кейіпте өрбігенін аңғартады. Дұшпандарға деген шабуылы оның жеке басының жек көруінен немесе кешегі Меккеде кеткен кегінен емес, жауыздықтың жойылуы, әділдіктің орнауы үшін жасалған азат ету шаралары еді. Ешқашан сезімге беріліп, ашуға салынып әрекет етпеген. Оның барлық ісі Алланың хикметімен, нұсқауымен орындалатын.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz 

Бөлісу: