28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Нұх (а.с) пайғамбардың ел бірлігі үшін жасаған дұғасы

Нұх (а.с) пайғамбардың ел бірлігі үшін жасаған дұғасы

Ислам тарихы

Әр пайғамбар Хақ тағаладан жарлық шығып, өз міндеті аяқталғанға дейін міндетін толық атқаруы тиіс болатын. Сол уақыт аралығында ел ішінде сабыр сақтап, халқының барлық ауыртпалықтары мен қиындықтарына төзуі тиіс-ті.

Нұх пайғамбар да қанша ғасыр қорлық көргеніне қарамастан, ісін қалтқысыз атқарып келді. Қауымының күллі қиянаттарына төзіп бақты. Кейде соққыға жығылып, өлімші сабалса да, қыңқ етпей, ертесі күн қайтадан ықыласпен халқын дінге шақырды. Қабыл етпеген жағдайда, ауыр азапқа душар болатындығын ескертті. Қарапайым пенде қанша жерден данышпан, елі үшін еңіреген ер болса да, ұзақ жылдар бойы халықтың бақыты үшін солардың жан төзгісіз ауыр қиыншылықтарына төзе алар ма? Ал ол ғасырларға ұласса ше? Әрине, бұл мүмкін емес. Тек пайғамбарлар ғана ғасырлар өтсе де, елінің екі дүниедегі бақыты үшін төзімділік таныта алады. Егер «қияметке дейін ісіңді жалғастыр» деп жарлық келіп, ұзақ ғұмыр берілсе, Нұх (а.с.) ләм-мим деместен тәблиғын жалғастыра берер еді.

Мұндай ерекше төзімділік қасиет пайғамбарларда ғана кездеседі. Бірақ бұл елдің ешқашан иман келтірмейтіндіктері белгілі болғандықтан, ол Алла Тағалаға дұға етіп, жалбарынды. Һәм мұндай кәпір ел иман келтірген аз ғана үмбетінің ұрпағына да зияны тигізуі күмәнсіз еді. Ақыр соңында алапат азаптың келуіне сол елдің өзі себепкер болды. Өйткені Нұхқа (а.с.): «Егер пайғамбар екенің рас болса, Алла Тағала шексіз құдіретті десең, қане, дәлелдеші!» деп қырсыққан-ды. Ел тура жолға келуді емес, алапат азапты тезірек көруге құмартты. Халықтың осы іс-әрекеттері мен жаман пейілдері азап шақырған тілекке айналды. Өйткені Нұх пайғамбардың елі барша адами қасиеттерді аяққа таптап, күллі жамандықты жасап үлгерген-ді. Олар өз араларынан шыққан пайғамбарға қарсылық көрсетіп, азап шақырып құтыра берді. Нұх (а.с.) оларға тоғыз жүз елу жыл бойы қажымай-талмай ақиқатты насихаттады. Бұл –шамамен мың жыл деген сөз. Осыншама ғасыр ішінде сол елдің күпірліктері одан сайын артпаса, еш бәсеңдемеді.

Нұх (а.с.) ақырында олардан біржола күдер үзген шақта былай деп дұға жасады: «Я, Раббым! Расында, мен елімді күндіз-түні дінге шақырудан бір тынбадым. Бірақ олар иманға келудің орнына діннен бойын алып қашты. Мен: «Хақ тағала рақымшыл, тәубе етсеңдер кешіреді», – деген сайын, тік шапшып тіпті естімеу үшін құлақтарын бітеді. Қасарысқан үстіне қасарысып, тәкаппарланған үстіне тәкаппарланды. Мен қатты да айтып, тәтті де айтып көрдім. Болмаған соң ашық жар салып айттым. Тіпті кейде жанына жақын барып екеуара оңашада да айттым. Бірақ олар бәрібір міз бақпады.

Ей, Раббым! Мен мына қиянатшыл елден жеңілдім. Енді уәде еткен көмегіңді көрсет. Бұлар маған ашықтан-ашық қарсы шықты. Саған құлшылық жасамауы аз болғандай өздерінің қолдан жасаған пұттарына табынып әуре.

Я, Раббым! Сен де (осыншама жасаған істеріне жаза ретінде) бұл залымдардың адасуларын ғана арттыр. Жер бетінде бірде-бір кәпірді тірі қалдырма. Егер оларды тірі қалдыратын болсаң, сол бір залымдар өзі адасқанымен қоймай, Саған құлшылық қылған құлдарыңды да адастырып, ел ішінде бүлік шығарып, тексіз ұрпақ өсіреді.

Я, Раббым! Елім маған жалған айтасың деп қарсы шығуда. Жүректері қарайып, ар-ождандарын қап-қара ыс басып, әбден азғындады. Олардың бұдан кейін иманға келуі әсте мүмкін емес. Аллам, жарлығыңды шығарып, мені және үмбетімді мынадай «жүректеріне мөр басылған» залым елден құтқар!

«Я, Раббым! Мені, әке-шешемді, иман келтіріп шаңырағыма кірген кісілерді және мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерді жарылқап кешірім ет! Залымдарды тұтастай жермен-жексен қыл!» Сол кезде Нұхқа: «Ей, Нұх! Бұдан былай еліңнен иман келтіргендерден өзге ешкім иманға келмейді. Сен олардың жамандықтарына бола кеюші болма!» деген уахи жетті.

Нұх та (а.с.): «Раббым! Рас, мені елім өтірікке шығарды. Енді олармен менің арамдағы қарым-қатынасқа қатысты нақты үкіміңді бер! Мені де, менімен бірге мүміндерді де құтқар!» – деп дұға етеді. Нұх пайғамбардың бұл дұғасы қабыл болады. Одан кейін Алла Тағала оған: «Көз алдымызда жарлығымыз бойынша кеме жаса! Сосын жер мен көктің астаң-кестеңі шыққанда, залымдарға аяушылық жасап, Маған жалбарынушы болма! Өйткені барлығы түгел жермен-жексен болып құрдымға кетеді» дейді.

материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: