02
Сенбі,
Қараша

һижри

Ислам кісі қанын төгуге қалай қарайды?

Ислам кісі қанын төгуге қалай қарайды?

Ислам тарихы

«Мәида» сүресінің 33-аятын дұрыс түсіну үшін оның алдындағы аятқа назар салу қажет.

Міне, сонда ғана біз Исламның кісі қанын төгуге қаншалықты тыйым салғанын, адам өміріне қаншалықты маңыз бергенін жеткілікті деңгейде ұғынатын боламыз: «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ, кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады деген үкім жаздық» («Мәида» сүресі, 32-аят).

«Мәида» сүресінің 33-аяты былай жалғасады: «Расында, Аллаға һәм пайғамбарына қарсы соғыс ашқан және (қарақшылықпен айналысып, лаңкестік әрекеттерге барып) жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасағандарға берілетін жаза – өлім жазасына бұйыру немесе (тірідей, яки өлі күйінде) асу я болмаса қол-аяқтарын шалыс (яғни, оң қолдары мен сол аяқтарын) шабу не жер түбіне айдау. Бұл – олардың дүниеде көретін қорлығы. Ал ақиретте олар үшін жан төзгісіз азап бар».

Ал 34-аяты болса: «Тек қолдарыңа түспей тұрып істеген күнәларына өкініп, тәубеге келгендердің жөні бөлек. Біліп қойыңдар, Алла өте кешірімді, (тәубеге келіп, Өзіне бет бұрған құлдарына) ерекше мейірімді». Жә, бұл аяттар қандай жағдайда түсті? Міне, осы маңызды. Алла елшісімен арадағы бейбітшілік келісімін бұзған, жол кесіп, жер жүзінде бұзықтық жасаған және мұсылмандардың дүние-мүлкін тартып алып, малшыларын өлтірген, әйелдеріне шабуыл жасаған адамдарға қатысты түскен. Мұндай жаны жамандыққа құмар адамдарға бұдан басқа шара жоқ. Оның үстіне олармен соғысуды бұйырған аяттың үкімі аз ғана уақыт жүріп тұрды.

Кейіннен бұл аяттың үкіміне қажеттілік болмай қалды. Бүкіл әлем тарихын ақтарар болсаңыз, мұсылмандар секілді аз жаза қолданған, ешкімге соқтықпаған, өзіне соқтыққандарға мейірімділікпен қарап, аз уақыттың ішінде кешірім жасаған өзге ешқандай дін өкілін таппайсыз. Қазіргі таңда да әлем бойынша зұлымдыққа ұшырап жатқандар немесе ең аз қарсылық танытатындар мұсылмандар екені баршаға белгілі. Ал бүгінгі таңдағы мұсылмандардың Құранмен қаншалықты байланыстарының бар екендігі тартысты мәселе. Құрандағы бейбітшілікке үндейтін аяттарды былай қойып, тек соғыс жағдайларына байланысты түскен аяттарды жаһанға жар салып жариялап бүлік тудыру – дінге қас адамдардың қитұрқы әрекеті.

материал «Тәрбие сағатынан естеліктер» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: