23
Дүйсенбі,
Қыркүйек

һижри

«Жұмаққа жүрегі құстың жүрегіне ұқсайтын адамдар кіреді»

«Жұмаққа жүрегі құстың жүрегіне ұқсайтын адамдар кіреді»

Ислам тарихы

Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыз «Жұмаққа жүрегі құстың жүрегіне ұқсайтын адамдар кіреді», – деп айтты», – деген (Муслим).

Хадисті риуаят етуші: Әбу Хурайра Абдурахман бин Сахр ад-Дауси, ол жайлы алдыңғы тақырыптарда айтылып өтті.

Хадистің түсіндірмесі:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл хадисте ерекше сипатпен сипатталған кейбір мұсылмандардың жиынтығына, Алла Тағала сый-құрмет жасап жәннатқа кіргізетіндігі жайлы хабар берген. Ол ерекшелік: жүректері құстың жүрегіндей болғандар.Бұл олардың жүректерінің кейбір сипаттары құстардың жүрегіне ұқсас деген сөз. Ғалымдарымыз айтқандай олардың кейбір сипаттары төмендегідей:

1.Үрей мен қорқу жағынан жүректері құстарға ұқсайды. Жануарлардың ішінде ең үрейленгіш әрі қорқақ құстар екенін барлығымызға белгілі әрі оны көріпте жүрміз. Егер бір дыбыс естісе немесе көлеңке көрсе немесе бір әрекетті байқап қалса қорыққанынан денелерімен қосып жүректері де ұшып кетеді. Сол секілді кейбір мұсылмандардың жүректері де осындай. Алла Тағаладан қатты қорқады. Жүректері Алладан үрейге және Оның билігі мен құдыретінен қорқынышқа толы. Алладан қорыққандығы үшін қуаныш пен қайғыда Аллаға итағат етуге асығады. Алланың ашуынан және Оған қарсы тұрудан үрейленеді. Егер Алланың жаратылыстары мен мүлкіне назар аударса жүректерінде үрейді сезеді. Алланың Ұлылығына бас иеді. Егер азап аяттары мен қияметтегі болатын нәрселерді уәде ететін аяттарды естігенде денелерін үрей мен қорқыныш билейді. Олар азаптан сақтану үшін мейірім тілеп жалбарынады. Егер Алла туралы бір нәрсе айтылса жүректері тітіркеніп кетеді. Алла Тағала олардың сөзімен жағдайларын баяндап былай дейді: «Шүбәсіз, Біз адамның түрін қашырып, қабағына кірбің түсіретін алапатты күн туғанда, Раббымыздың жазасына ұшыраудан қорқамыз», – дейді. («әл-Инсан», 10)

Бұл кісілердің қорқыныш сипаты өзге мүміндердің қорқынышы секілді емес. Мүмін адам Раббысынан қорықпаса мүмін атанбайды. Әйтсе де бұл топ өзгеше. Мысалы біреу қандай да бір сипатпен ерекшеленіп,сол сипатты ары қарай дамытып қуаттаса,осы сипатын өзге сипаттардан ажыратып, сол адамға нышан қылып қояды. Міне,сол секілді бұл кісілердің қорқынышы басқа хәлдерінен басымырақ. Олар ақыреттегі есеп-қисап пен азапты өз көздерімен көріп тұрғандай жүреді. Олар үшін ақырет басқа адамдардағы сияқты ғайып емес, сезілетін және көрінетін нәрсеге айналған.Өмірлерінің әр бір сәті есептелген. Алла Тағаладан және Оның Құдыретінің жер бетіндегі белгілерінен бір сәтте ұзақ қалмайды. Пайғамбарымыз ардақты сахабалары (Алла олардан разы болсын) және (с.ғ.с) оның, олардың салған тура жолымен жүрген алдыңғы буындар осындай еді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  Алла Тағаланың құдыретінің белгілерінен бір нәрсені;мысалы аспанда төніп келе жатқан бұлттарды көргенде Алланың азабы шығар деп ойлап қатты қорқып кететін. Егер жаңбыр жауса ішіндегі бар қорқыншы сейілетін еді. Алла Тағала алдыңғы үмметтерге қатысты былай дейді: «Ақырында, олар (өздері тілеген) азаптың көкжиекті қаптаған бұлт кейпінде өздері жайлаған алқапқа қарай бет алып келе жатқанын көргенде: «Бұл – бізге жауын әкелетін бұлт», – десті.

Сонда Һуд: «Жо-жоқ, ол – өздерің тезірек келсе екен деп, асыға күткен алапат азап. Ол сондай сұрапыл дауыл – ішінде жан төзгісіз азап бар». («әл-Ахқаф», 24).

Басқа бір аятта Алла Тағала былай дейді: «Сонда әлгі елді мекендердің халқы алапат азабымыздың түн ішінде шырт ұйқыда жатқанда аяқ астынан келіп, өздерін бас салмайтындығына сенімді болды ма?! Жоқ әлде, сол елді мекендердің халқы алапат азабымыздың сәске уақытында мәз- мейрам болып күліп-ойнап жатқанда, күтпеген жерден келіп, өздерін бас салмайтындығына сенімді болды ма? Әлде олар Алланың өздерін тосыннан жазаламайтынына сенімді болды ма? Шындығында, ақыр түбі орасан зиян шегіп, сорлап қалатын қауым ғана Алла өздерін аяқ астынан жазаламайды деп сенеді.» («әл-А'раф», 97-99).

Әлбетте бұл топқа алғашқы болып ғалым-ғұламалар кіреді. Өйткені олар Алла Тағаланы және Оның сипаттарын жақсы таниды. Адамдардың арасында ең қатты қорқатын да өздері.Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Шынтуайтында, Алладан құлдарының арасынан тек ғұламалар ғана шын қорқады.» («Фатыр, 28). Бұл Раббаларының талап қылған шақыруына жауабы. Алла Тағала басқа бір аятта былай дейді: «Расында, сендерге сол жаманатты жеткізген – шайтан, одан басқа ешкім емес. Ол сендерді өзінің (кәпір) достарымен қорқытқысы келеді. Егер шынайы мүмін болсаңдар, олардан қорықпаңдар, Менен ғана қорқыңдар.» («Әли Имран», 175).

Алдыңғы буындардардан кейбір адамдар тозақ өздеріне жаратылғандай Алладан қорқып көз ілмесе,кейбірінің көздері жастан құрғамайтын. Шүбәсіз, жүрекке әсер еткен қорқыныш ағзаларына тарайды. Сөйтіп оның тілінен көрініс тауып: Алланы барлық уақытта үзбей зікір етіп,істеген әр бір күнәсі мен қателері үшін кешірім тілеп жүреді. Кімде-кімнің жүрегі қорықса ағзалары да қоса қорқады. Содан Аллаға құлшылық етуге шынайы бағытталып, Оған қарсы келуден именіп күнә атаулыны тоқтатады. Алланы көріп тұрғандай құлшылық қылып, ғибадттарын ең көркем түрде жасайды. Алланы жасырын және ашық халінде бақылап жатқанын біледі. Сол себепті Алланың бұйрықтарына әсте қарсы шықпайды. Міне, бұл адам мойнына жүктелген міндеттерін орындап,тыйым салынғандарды істемеуі қорқыныштың негізгі мақсаты.

Түн келіп орап қараңғы,

Төзімін салып асырған.

Рукуғпен атар таңдары,

Қорқыныш ұйқы қашырған.

Үрейі билеп денесін,

Мінәжәтін етеді,

Сақтанған жанға бұл дүние,

Уақытша тұрақ мекені.

Алла Тағала Өзінен,азабынан және қияметтегі есеп-қисаптан қорқатын құлдарын көп жерлерде мақтаған.Алла Тағала мына бір аятта былай дейді: Олар Алланың «үзбей жалғастырыңдар» деп бұйырған (адамдар арасындағы туыстық, достық сынды) қарым-қатынастарды үзбей жалғастырады. Раббыларынан шын именеді һәм қатаң жауаптан қатаң түрде жауапқа тартылудан қорқады.» («ар-Ра'д», 21)

Басқа бір аятта Алла Тағала былай дейді: «Ол мүшріктердің (құдай тұтып) жалынып-жалбарынғандарының өздері де Раббыларына өзгелерден гөріжақынырақ болудың жолын іздейді. Сондай-ақ Оның рақымынанүміт етеді әрі азабынан қорқады. Өйткені Раббыңның азабы, расында да, абайламасаң өте қорқынышты.» («әл-Исра», 57).

Сонымен қоса Алла Тағала Өзінен қорыққан құлдарға үлкен сый, жәннатта мәңгілік тұрақты беретінің уәде етеді.Алла Тағала былай дейді: «Ал кімде-кім күндердің күнінде Раббысының дәргейіне баратынын ойлап, шынымен қорыққан һәм нәпсісін әуейіліктен тыйған болса, шүбәсіз, оның ақыр соңында барып паналайтын жері – жаннат болмақ!» («ән-Нази'ат», 41).

«Алла оларды сол күннің кесапатынан сақтайды Һәм оларды жүздері бал-бұл жанған, шат-шадыман күйде қабылдайды. Сабыр еткені үшін оларға жаннатты нәсіп етіп, кіл сусылдаған жібек киімдер кигізеді.» («әл-Инсан», 11-12).

2.Нәзіктік пен жұмсақтық жағынан жүректері құстарға ұқсайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  «Әһлу әл-ямин»-ге (амал дептерін оң жақтан алатын бақытты жандарға) қатысты хадисте айтқаны секілді: «Олар көңілдері нәзік, жүректері жұмсақ жандар» - деген.(Бухари). Яғни жүректері нәзік тез әсерленгенгіш сезімтал. Өктемдік пен қатігездіктен бойлары ада.

3.Аллаға тәуекел ету мен таратылған ризығына разылық таныту жағынан құстар секілді. Мысалы: аш құрсақ таң атырып,кештерін жемсауын тойдырып батырады.Яғни күндіздің алғашқы бөлігінде аш күйінде болып күндіздің соңғы бөлігінде қарнын толтырып қайтады.Омар бин Хаттабтан (Алла оған разы болсын) ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Егер де Аллаға шынайы түрде тәуекел етсеңдер, Хақ тағала сендерді таңертең ұясынан аш құрсақ ұшып шығып, кешке қарай жемсауы толып оралған құстарды ризықтандырғаны секілді ризықтандырар еді», деп айтқанын естідім», - деген.(Тирмизи бұл хадисті хасан сахих деген).

Расында Алла Тағала өзіне тәуекел еткен құлын Өзінің кепілдігіне алады.Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Кім Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған (қолдаушы һәм медеткер ретінде) бір Алла жеткілікті.» («ат-Таләқ, 3).

Бір шайыр мына бір өлең жолдарын айтқан екен: Барлық істерінде Рахманға тәуекел ет! Оған шынайы тәуекел еткен ешкімге мұқтаж болмайды. Алла Тағала шынайы сенім артып үкіміне сабыр ет! Алладан оданда артығын сұрап жеңіске жет!

Пәк жүрекетен басқа ешқандай мал мен бала – шаға пайда бермейтін қиямет күні жүрегіміз ешқандай жеккөрініш пен көреалмаушылығы жоқ, күнә атаулыдан таза,барлық айыптардан аман шынайы күйінде келуін Алла Тағаладан тілейміз.

материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: