02
Сенбі,
Қараша

һижри

Дарвиннің «адамның тегі – маймыл» идеясының дінге қайшы келуі

Дарвиннің «адамның тегі – маймыл» идеясының дінге қайшы келуі

Ислам тарихы

1871 жылы ағылшын ғалымы Чарльз Дарвин “Адамның шығу тегі және жыныстық сұрыпталу” атты еңбек жазып, «Адам жануарлар әлемінің эволюциялық дамуы нәтижесінде пайда болды...» деп әлем назарын өзіне аударды. Онда ғалым адамның шығу тегін маймылмен байланыстырады. ХХ ғасырда бұл идея Құдайды жоққа шығарған коммунистік елдерде, соның ішінде Кеңес үкіметінде үлкен қолдауға ие болды. Дарвин ілімі мектептерде ғана оқылып қоймай, жалпы халық арасында кең көлемде насихатталды. Тіпті адамның бассүйегі мен маймылдың жақ сүйегін қолдан біріктіріп, Дарвин ілімінің дәлелі ретінде көрсеткісі кеп, өтірік жаңалық ашқан ғалымдар болды.

Ғылым әлемі Дарвиннің 20 жыл бойы жазып, 1859 жылы жарық көрген “Түрлердің шығу тарихы” еңбегін әлі де жоғары бағалайды. “Өмірімнің басты еңбегі осы кітап екенін ерекше сеніммен айта аламын. Алғашында 1250 данамен шыққан кітап жарияланған күні таралып кетеді де, кейін 3000 таралыммен қайта басылып шығады. Осы күнге дейін (1876) Англия бойынша 16 мың кітап таралған. Еуропа тілдерінің барлығына дерлік, тіпті испан, чех, поляк, орыс тілдеріне де аударылды. Мисс Брэдтің сөзіне қарағанда, жапон тіліне де аударылып, Жапония мектептерінде оқытылады екен”, - деп мақтана жазды, Дарвиннің өзі.

Алайда діни көзқарастырымызға қайшы келетін пікірлер Дарвиннің осы бір ғылыми еңбегінен бастау алған еді. Чарльз Дарвиннің пікірінше, тірі ағзалардың алуан түрлілігі Жаратушының жаратқанына байланысты емес, олар үнемі даму үстінде деген тұжырымды айтады. Әрбір түр тіршілік ету ортасына бейімделеді, сол арқылы дамып, жаңа бір түр пайда болады дегенді айтады. Бұл тұжырым “Бәрін жаратқан – Құдай, ештеңе өзгермейді” деген шіркеу қағидасына сол кезде-ақ қайшы келген еді.

Ғылыми орта Дарвин теориясын қызығушылықпен қабылдады. Ғалымның абырой-беделі де арта түсті. Бірақ көпшілік қауым, әсіресе шіркеу үшін эволюционизм қауіпті дінбұзарлық ағым болып саналды. Өйткені Дарвин жаратылыстың бәрін Құдай жаратты деп білетін Шіркеу ілімінің күлін көкке ұшырды. Көптеген университеттердің кітапханаларында, оның ішінде Кембридждегі Трини колледжі кітапханасында Дарвиннің «Түрлердің шығу тарихы" туралы кітабын ұстауға тыйым салынды. Оксфорд епископы Уилберфорс Дарвиннің қалай адасып жүргенін сипаттайтын сөз таба алмай отырғанын айтады, «өйткені мен қарапайым дін қызметшісімін, ағылшын тіліндегі дөрекі, анайы сөздерді білмеймін, ал «эволюция теориясының атасын» тек сондай сөздермен сипаттауға ғана болады» дейді.

Дарвин ілімі Інжілге ғана емес, Құранға да қайшы келеді. Сұрыпталу, әлсізді күштінің жоюы дегеннің барлығы табиғаттағы Құдай жасап отырған тепе-теңдік емес пе?

Ал Дарвин өзінің атеист екенін кітабында мойындайды. Онда: “Соңғы екі жыл бойына дін туралы көптеп ойлануыма тура келді. «Бигльдегі» саяхат кезінде кез келген істі Інжілге тірейтініме офицерлер күлетін. Кейін 1836-1839 жылдар аралығында «Көне өсиеттің» оқиғаларының өтірік екеніне көзім жетті. Онда жазылған кейбір ақылыма сыймайтын дүниелерге қарамастан, әлі де сенетінмін. Қайта-қайта мені таңғалдыратын бір жаңалықтар шығып қала ма екен деп күтетінмін. Бірақ ақылымды сендіретін дәлел табу күннен-күнге қиындай берді. Жан дүниемде сенімсіздік орнап, ақыры соңында Құдайға сенбейтін адам болып шықтым. Бірақ бұл процесс өте баяу жүрді”, - деп жазды.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: