Әділетті халифалардың ең алғашқысы – Әбу Бәкір Сыддық (Алла одан разы болсын). Оның бойында халифалыққа лайық қабілет пен сенімділік шарттары мен ерекшеліктері толықтай көрініс тапқан, сахабалардың арасындағы ең ардақты тұлға болатын.
Сахабалар оның халифалығын бірауыздан мойындаған. Сахабалардың осы ортақ келісімі – нақты дәлел саналады. «Пайғамбарымыз Әлидің халифа болатындығын ашық айтып кеткен» деушілердің уәждері осы күшті дәлелге қарсы тұра алмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз: «Үмбетім жаппай адасушылықта бірлеспейді»148 деген. Сондай-ақ, әзірет Әли Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығын орынды санап, бір топ адамның алдында оның басшылығын мойындағанын білдірген.
Әбу Бәкір Сыддықтың (Алла одан разы болсын) құтты билігі тұсында сахабаларды қайран қалдырған неше түрлі оқиғалар орын алды. Оның ұтымды шешімдерінің арқасында мұсылмандар арасындағы қайшылықтар жойылған еді. Бұл туралы «әлКифая» атты еңбегімізде егжей-тегжейлі баяндалады. Әбу Бәкір көз жұмардан бұрын Омар Фаруқты (Алла одан разы болсын) мұрагер етіп белгіледі. Халифа Әбу Бәкір Сыддық өмірдегі дәм-тұзының таусыла бастағанын сезіп, Осман ибн Аффанды (Алла одан разы болсын) шақырып алып, өзінен кейін халифалықты Омар ибн Хаттабқа тапсыратындығы туралы өсиет жаздырады. Хатқа мөр басып, Мәдина халқының алдында оқытып, хатта жазылған кісінің билігін қабылдау туралы бұйрық берген. Халық та оның сөзін екі етпестен, билігін мойындаған.
Жазылған хатты Әли ибн Әбу Талиб естігенде: «Ол жерде аты жазылған адамның билігін қабылдадық», деген. Осылайша, сахабалар енді Омар Фаруқтың халифалығына түгел келісім білдіреді. Халифа Омар Әбу Бәкірдің жолын жалғастырып, сарбаздарын жасақтайды. Соңында, оның ақ найзасының күшімен Алла Тағала күпірлік пен бүліктерді түп тамырымен жойды.
Халифа Омар қастандықпен шәһид етілді. Ол көз жұмарында халифа тағайындауды алты адамның арасындағы кеңес алқасының шешіміне қалдырады. Бұл алқаның құрамында: Осман, Әли, Абдуррахман ибн Ауф, Талха, Зубайр және Сағыд ибн Әбу Уаққастар154 болатын (Алла бәрінен разы болсын). Алқа мүшелерінің бесеуі ақылдаса келе Абдуррахман ибн Ауфтың шешіміне разылық танытатындықтарын білдіреді. Ол Осман ибн Аффанды таңдап, сахабалардың алдында Осман ибн Аффанның халифалығын мойындайды. Сахабалар да тегіс оның халифалығын мойындап, оған бас иіп өтті. Оның соңынан сап түзеп, жұма және айт намаздарын оқыды. Міне, бұл – сахабалардың Осман ибн Аффанның халифалығын толық қабылдағанын көрсетеді.
Халифа Османға қатысты сырттай қарағанда сын секілді көрінген хабарларға келсек, олардың кейбірі жала, ал кейбірі оның абыройына лайық түрде жорамал жасалып түсіндірілген. Сондықтан, (оның тұлғалығына байланысты) мұндай күмәнді риуяттар нақты дәлелдерді жоққа шығара алмайды.
Осман ибн Аффан да шәһид етілгендіктен, өзінен кейін халифа тағайындап кете алмады. Жағдайға байланысты алдыңғы қатарлы бір топ меккелік және мәдиналық сахабалар қоярда қоймай Әли ибн Әбу Талибтен (Алла одан разы болсын) халифа болуын өтінеді. Сахабалардың ұсыныс-тілегін қабылдаған Әли ақыры халифалыққа тағайындалады. Сол жердегі маңдай алды сахабалардың бәрі оның билігін мойындады.
Ал халифа Әли ибн Әбу Талибке қарсы шығып, қақтығысқа қатысқан сахабалар да өз көзқарастары мен ижтиһадтарына сүйенген еді. Әһлі сүннеттің көзқарасы бойынша, бұл мәселеде халифа Әлидің ісі орынды деп есептеледі. Себебі, ол өз кезеңіндегі сахабалардың ең таңдаулысы әрі халифалыққа лайықты тұлға болатын. Деректерге қарағанда Әлиге қарсы шығып, қару көтергендер кейіннен өздерінің қателігін түсініп, барған қадамдарына қатты өкініш білдірген. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салуынан кейін жалғасқан бұл халифалық Әли ибн Әбу Талибтың дүние салуымен аяқталды. Өйткені, ол пайғамбарымыз көз жұмғаннан соң отыз жылдан кейін шейіт кеткен болатын. Өз кезегінде Пайғамбарымыз хадисінде:
«Менен кейін халифалық отыз жыл жалғасады» деген еді. Әһлі сүннет көзқарасы бойынша, халифалардың абзалдық дәрежесі халифалықтарының ретімен бірдей. Ал, олардың ұрпағының дәрежесіне келсек, кейбір ғалымдар: «Сахабалардан басқа адамдарды, тақуалығы мен ілімі тысында, бірінен бірін жоғары санамаймыз» деген. Ал кейбір ғалымдар олардың ұрпақтарының дәрежесі, әкелерінің дәрежесіне байланысты деп санаған. Дегенмен, Фатиманың ұлдары Пайғамбарымыздың отбасы деп есептелетіндіктен, басқа сахабалардың ұрпағынан дәрежесі жоғары (Алла барлығынан разы болсын!).
Сахабалардың ешқайсысын жамандамау, оларды тек жақсы жағынан еске алып, істерін дұрыс жорамалдау – мұсылмандарға міндет. Себебі, Пайғамбарымыз: «Сахабаларым туралы жаман сөз айтуға Алладан қорқыңдар! Менен кейін оларды сынға алушы болмаңдар. Оларды жақсы көргендер маған деген сүйіспеншілігіне байланысты жақсы көреді, ал, оларды жек көргендер мені жақсы көрмегендіктен жек көргені» деген. Өйткені, олар – Алланың дінінің таралуына барын салып, пайғамбарымызды көру бақытына бөленген жандар. Алла бәрінен разы болсын! Тура жолға бастаушы – бір Алла ғана!
материал «Матуридия ақидасы» кітабынан алынды,
ummet.kz