01
Жұма,
Қараша

һижри

Ашура оразасын неше күн ұстау керек?

Ашура оразасын неше күн ұстау керек?

Ораза

Ашура күні ораза ұстаған жақсы дейді. Сол шын ба? Шын болса қанша күн ораза ұстасам болады?

Ашура күнінің оразасы міндетті емес, нәпіл оразалардан. Рамазан айында ораза тұту парыз етілген соң Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ашура күнінде ораза тұтуды сахабалардың еркіне қалдырған еді. Дегенмен, ораза ұстаған мұсылман үлкен сауапқа ие болмақ. Әрі бұл ораза болса, оның өткен жылда жасаған күналарына өтем болатыны жайлы да айтылған.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айының парыз оразасы мен Ашура күнінің оразасын ерекше күтіп, тұтқан.

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбардың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ашура күні және Рамазан айынан өзге күнді ораза тұту үшін ардақтап, күткенін көрмедім», – деген. Бұхари риуаят еткен.

Ханафи мазһабының ғалымдары Ашура оразасы ұстау сүннет болып саналалы деп белгілеген. Алайда, Ашура күнін жеке тұтпай, оған алдыңғы, не кейінгі күнді қосып тұтуы керек. Өйткені, Ашура күні ғана ораза тұту яһудилердің амалына ұқсап қалуы мүмкін. Сондықтан Ашура күнін жеке-дара тұтқанды тәнзиһан мәкрүһ (кінәсі аз ұнамсыз іс) деп айтылған. Олар дәлел ретінде төмендегі хадисті алға тартқан.

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ашурада ораза тұтыңдар және яһудилерге кері іс жасап, алдыңғы не кейінгі күнді де тұтыңдар», – деген. Ахмет риуаят еткен.

Ханафи мазһабындағы атақты пәтуа еңбектерінің бірі болған «әл-Фәтәуә әл-Һиндия» атты кітапта «Ашура күнімен бірге оның алдындағы мұхаррам айының тоғызыншы күнін бірге тұту сүннет. Ал Ашура күнін жалғыз тұту мәкрүһ» делінген. Дегенмен, өзге мазһабтарда Ашураны күнін жалғыз тұту мәкрүһ іске саналмайды.

Ибн Хажар әл-Әсқалани өзінің «Фатхул-Бари» атты еңбегінде: «Ашура оразасы үш деңгейлі: ең азы сол күнді ғана тұту; екіншісі оның алдындағы күнмен бірге тұту; ең көбі алдындағы және артындағы күндермен қосып үш күн етіп тұту».

Қалай болмасын, нәпіл ораза тұту Алла разылығына жеткізіп, күнәнің кешірілуіне себепп болатын аса сауапты ғибадат болмақ.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды, 

ummet.kz


Бөлісу: