25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан айында күнделікті оқылатын дұғалар

Рамазан айында күнделікті оқылатын дұғалар

Ораза

1. Я, Алла Тағалам! Менің оразамды қабыл ет! Құлшылығымды ізгі құлдардың құлшылығы ет! Бұл күндері менің ұйқымды сергек ет, құлшылығымды кәміл ет!

2. Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, Саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге тиет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешіре гөр!

3. Я, Раббым! Күнәмді кешіріп, тәубемді қабыл ете гөр! Өйткені Сен тәубені қабыл Етушісің және Мейірімдісің!

4. Алла Тағаладан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Бүкіл билік Оған тән, Әрі барлық мақтау – мадақ Оған ғана лайық. Оның күш-қуаты барлық нәрсеге толық жетеді. Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк. Бүкіл мадақ (Оған ғана) тән. Алладан басқа ешбір тәңір жоқ. Алла Тағала өте ұлы. Өте биік, Аса зор. Алла Тағаланың күш-қуатынан асатын еш қандай күш-қуат жоқ, Ей, Раббым! Мені кешіре гөр!

5. Ей, Алла! “Мені тәубе етушілер мен тазарушылардан ете гөр!

6. Ей, Алла! Мен адасуымнан немесе адастырылуымнан, өзімнің қателесуімнен не қателікке ұшыратылуымнан және зұлымдық жасауымнан немесе маған зұлымдық жасалуынан және надандықта болуымнан немесе маған надандық жасалуынан Өзіңе сыйынамын.

7. Ей, Алла! Шынында мен Сенің кеңшілігіңді сұраймын. Ей, Алла! Мені шайтанның азғыруынан сақтай гөр.

8. Ей, Алла! Қабір азабынан, жәһәннәм азабынан, өмір мен өлім бүлігінен және Мәсіх Дәжжәл жамандығының кесірінен сақта, деп Өзіңе сыйынамын.

9. Ей, Алла! Қабір азабынан сақтай гөр деп Өзіңе сыйынамын. Сондай-ақ, Мәсіх Дәжжәлдың жамандығынан және өмір мен өлім бүлігінен сақтағын деп Өзіңе сыйынамын. Ей, Алла! Шын мәнінде мен күнә мен қарызданып қалудан Өзіңнен пана сұраймын.

10. Ей, Алла! Өзіңді еске алуға, Өзіңе шүкіршілік етуге әрі Өзіңе көркем түрде құлшылық етуге маған жәрдем бер.

11. Ей, Алла! Мен сараңдықтан Саған сыйынамын, әрі қорқақтықтан саған сыйынамын және ғұмырдың ең қор шағына оралуымнан сондай-ақ, дүние бүлігінің кесірінен және қабір азабынан Өзіңе сыйынамын.

12. Ей, Алла! Расында мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі (Өз құзырыңда) қабыл болатын амал сұраймын.

13. Ей, Алла! Шын мәнінде мен Сенің құлыңмын. Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым Сенің қолыңда, әрі Сенің үкімің маған міндет. Сенің маған жасаған үкімің әділ, Саған тән болған барлық есімдеріңмен Өзіңді атаған немесе кітабыңда түсірген немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын. Маған Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!

14. Ей, Алла! Мені харам еткен нәрселеріңнен сақтап, адал еткен нәрселеріңе қанағаттандыр. Әрі Өз кеңшілігіңмен мені Өзіңнен басқаларға мұқтаж етпе.

15. Алла тағалам! Дәл осы күндері мені Өзің разы болатын істерге жақындат, Өзіңнің қаһарыңа ұшырататын істерден алыстат! Маған Өзіңнің Құраныңды толық оқып шығуға мүмкіндік бер!

16. Алла Тағалам! Бұл күндері маған сергектік бер, сана бер, пайдасыз істерден аулақ ет! Сен Жомарттардың Жомартысың ғой! Мені жан-жағымнан ризыққа бөле!

17. О, Раббым! Өзіңнің бұйырған істеріңді істеуде мені табанды ет! Өзіңе деген шүкіршілігімді арттыр! Иманның тәтті дәмін сездір!

18. Жаратқан Ием! Мені тура жол тапқан құлдарыңның қатарынан ете гөр! Кешір! Сен мейірімділердің мейірімдісісің ғой!

19. Алла Тағалам! Күнәларым үшін ақыретте азапқа ұшыратпа, Өзіңнің қаһарыңнан сақта! Өзіңнің қаһарыңа ұшырататын істерден аулақ ет!

20. О, бізді тура жолға бастаушы Жаратқан Ием! Жаныма әрдайым сәттілікті жолдас ет! Өзіңді ешқашан естен шығармауымды нәсіп ет!

21. Жаратқан Ием! Жүрегіме жетімдерге деген мейірім сал! Мені салиқалы құлдарыңа жолдас ет!

22. Я, Раббым! Мені Өзіңнің алдыңда үлкен жетістіктерге жеткендердің қатарынан ете көр! Өзіңнен ғана үміт ететіндердің қатарынан ет! Өзіңе жақындат!

23. Алла Тағалам! Маған тек ізгі істерді жақсы көргіз, күнәлі істерді жан- тәніммен жек көргіз! Әрі мені тозақ отынан сақта!

24. Жаратушы Ием! Маған қарапайымдылық нәсіп ет! Тәкаппарлықтан сақта! Әділдік, адалдық секілді ең ізгі қасиеттерді бойыма сіңір!

25. Я, Раббым! Менің жанымды қызғаныш, көреалмаушылық секілді жаман қасиеттерден арылт! Маған сабырлық бер! Құдайдан қорқатын, салиқалы достар нәсіп ет!

26. Жаратқан Ием! Ақырғы сәтімде иманмен кетуді нәсіп ет! Адасқандардан болудан сақта!

27. Алла Тағалам! Ізгі істерге жол көрсет! Армандарымның орындалуын нәсіп ет!

28. Жаратқан Ием! Дәл осы айда кемшіліктерімнен арылуға көмектес! Содан кейін оған қайта жолатпа!

29. Я, Раббым! Алдымнан жәннат қақпасын ашып, тозақ қақпасын мәңгілікке жаба гөр! Құран оқып, Өзіңнің аяттарыңды түсінуіме көмектес! Шайтанның азғыруынан сақта!

30. О, Алла Тағалам! Жүрегімді тек қана махаббатқа толтыр! Кешірімшіл болуды нәсіп ет, Өзің де мені кешір!

31. Жаратқан Ием! Менің осы талпынысым үшін сыйға бөле! Қате- кемшіліктерім болса, кешір!

32. Алла тағалам! Басыма түскен қиындықтардың жеңіл шешімін көрсет! Өзіңнің мейіріміңе бөле!

33. Я, Раббым! Менің осы оразамды Өзің разы болатындай етіп өткізуімді нәсіп ет!

 

Бұл тамаша дұғаларды күн шығар алдында және ауызашар алдында оқып тұрыңыздар! Рамазанның әр сәтін жіберіп алмай, дұрыс пайдаланайық.

материал «Рамазанға жоспар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: