25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) Шағбан айының соңында айтқан насихаты

Пайғамбардың (с.ғ.с) Шағбан айының соңында айтқан насихаты

Ораза

Бірер күннен соң, көптеген мұсылмандар әр жыл сайын асыға күткен қасиетті Рамазан айы басталады. Осы орайда, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Шағбан айының соңғы күні өзінің ардақты сахабаларына жасаған құтбасы баяндалған мәшһүр хадисті назарларыңызға ұсынамыз.

Сонымен қатар, бұл хадистің дәрежесі қандай әрі бұл хадистен алынатын қандай пайдалар мен нұсқаулар барына тоқталатын боламыз. Біздің мырзамыз, атақты сахаба Салман әл-Фариси (радиаллаһу әнһ) былай дейді: «Шағбан айының соңғы күні Алланың Елшісі (с.ғ.с) бізге мынадай уағыз айтты: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауыз ашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді».

Осы тұста сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ауызашар жасауға бәріміздің мүмкіндігіміз бола бермейді ғой»,- деді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с) «Оразашының аузын, тіпті, бір түйір құрмамен, не бір жұтым сумен, сүтпен аштырған жанға да сондай сауап жазылады. Бұл айдың басы рахым, ортасы кешірім, ал соңы тозақтан құтылу кезеңі. Кімде-кім осы айда құлына, қызметшісіне жеңілдік жасаса, Алла оның күнәсін кешіріп, тозақтан азат етеді. Бұл айда төрт түрлі қасиетті көбейтіңдер. Оның екеуі Раббыларыңды разы ететін қасиеттер: шәһәдатты және истиғфарды көп айтып жүріңдер. Енді екеуі өздеріңе аса қажетті қасиет: Раббыларыңнан жұмақты сұраңдар да, тозақтан азат етуін тілеңдер. Кімде-кім ораза тұтқан жанға ауызашарда сусын берсе, Алла оны Қиямет күні менің һәуізімнен сусындандырады да, ол қашан жұмаққа кіргенше еш шөлдемейтін болады», – деді.»

Хадистің дәрежесі

Хадисті имам Байһақи «Шуғабул-иман» кітабында (3608), ибн Хузайма (1887), имам Мунзири «Әт-Тарғиб уат-тарһиб» кітабында (1462) және т.б келтірген. Қазіргі таңдағы ірі мухадисстердің бірі, шейх Мухаммад Харун Абас Умаар (хафизахуллаһ) бұл хадис туралы баяндалған зерттеу еңбегінде, бұл хадистің иснадына қатысты барлық жеткізушілерді талдай келе, бұл хадистің иснадында жеңіл түрде әлсіздік барын, десе де, бұл хадисті өзгелерді ынталандыру мақсатында, «фазаил» үшін қолдануға болатындығына рұқсат барын жазады.

Хадистің түсінігі

Бұл хадистен бірнеше мәселе мәлім болады. Біріншіден: Расулулланың (с.ғ.с) Шағбан айының соңғы күндерінде Рамазанның бірде-бір мезетін зая кетірмеу мақсатында адамдарды арнайы ескертуі. Рамазанның құндылықтарын баян еткеннен кейін

Расулулла (с.ғ.с) бірнеше маңызды мәселеге назар аударды. Оның біріншісі – Қадір түні. Расында да бұл түннің маңыздылығы үлкен. Ол жайынды екінші тарауда арнайы айтылады. Кейін Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, тарауих намазын сүннет еткені жайында айтылды. Осыдан тарауих намазын оқу талабы тікелей Алла Тағала тарапынан болып жатқаны мәлім болды. Кейбір хадистертегі Расулулланың (с.ғ.с): «Мен оны, яғни тарауих намазын Өзімнің сүннәтім еттім»,- деген сөзі осы айтылғанды растау және оның маңыздылығын арттыру болып табылады. Осы себептен төрт мазһабтың имамдары бірауыздан тарауих намазы сүннет деген көзқараста болған. «Бурһан» кітабында бұл мәселені «рауафиз»-дерден (рауафиз – діни ағым) басқа жоққа шығармайды.

Хазірет Мауләна мухаддис Дахлауи Шах Абдул-Хақ (рахимахуллаһ)өзінің «Мә сәбәтә бис-сүннә» кітабында бірнеше фиқһ (шариғат) кітаптарынан мынадай үкім жайында айтқан: «Егер бір қаланың тұрғындары тарауих намазын оқудан бас тартса, қаланың әкімі олармен соғыссын».

Ауыз бекіту мен тарауих намазынан соң Расулулла (с.ғ.с) ғибадаттың парыз және нәфіл (нәфіл – парызға қосымша) түрлерін орындағанға көңіл аударып, Рамазан айындағы бір нәфіл құлшылықтың сауабы басқа айда орындалған парыз амалдың сауабына тең, ал парыздың сауабы басқа айда орындалған жетпіс парыздың сауабына тең болатыны жайында айтты. Осыдан соң біз де бұл берекелі айда парыз және нәфіл амалдарды орындағанға қаншалықты көңіл қойып жатқанымызды ойланғанымыз жөн.

Алайда біз көбінесе сәресі ішіп, артынша ұйықтайтын әдетіміз бар. Осының себебінен намазға да тұрмаймыз, жамағатқа да бармаймыз. Нәтижеде Хақ Тағалаға деген шүкіршілігіміз намаз тәрізді парыздың ең маңызды түрін орындамағанға, болмаса ең кем дегенде намаздың маңызды талаптарының бірі – жамағаттан бас тартқанға келіп тіреледі.

Дін саласының заңгерлері жамағатсыз оқылған намаз кәміл емес десе, Расулулла (с.ғ.с)  «Мешітке жақын тұратындар намазын тек мешітте оқысын» - деген.

«Мазаһир хақ» кітабында: «Үзірсіз намазын жамағатқа қосылмай оқыған адамның мойынынан парызды орындау міндеті түскенімен, оған намаздың сауабы жазылмайды», - деп айтылған. Оған қоса шам намазы көбінесе ауызашардың құрбаны болып кетеді. Ал оның бірінші тәкбиріне кешігу мәселесін айтудың да қажеті жоқ. Сауабын тарауих намаздың сауабымен толықтырамыз деп құптан намазын уақытынан бұрын оқитындар да баршылық. Міне, Рамазан айындағы намаз тәрізді маңызды құлшылығымыздың түрі осы. Бір парыздың себебінен біз үш намазды қаза етіп жатырмыз. Бесін намазын ұйықтау себебінен, аср намазын ауызашарға қажетті нәрселерді сатып алу себебінен қаза етіп жатқандарды өз көзіммен көргем. Осыдан соң Рамазан айында басқа да парыздар қалай орындалып жатқанын ойланып көріңіз.

Адамдар он бір айын дүние тіршілігімен өткізгеннен кейін, ең болмағанда бір айын ыждағаттылықпен құлшылық етіп өткізсе қандай жақсы! Кеңселерінде таңғы оннан кешкі төртке дейңн отыруға мәжбүр болған қызметкерлердің Рамазан айында таң атқаннан сағат онға дейін Құран оқуы қиын ба?! Жұмыстан тыс уақытымызды дүние ісі үшін қандай болғанда да уақыт тауып жатамыз. Бір белгілі қызмет немесе жұмыс уақытымен қолдары байланбаған шаруалар да егіннің басында жүріп-ақ Құран оқыса болады. Ал, саудамен айналысатындарға бұл берекелі айда дүкенді ашу уақытын біршама кеміту, болмаса дүкенде отырып-ақ Құран оқу тіпті жеңіл. Жәбрәил (ғалайһис-сәләм) әр жылы Құранды Расулуллаһқа (с.ғ.с) бастан-аяқ оқитын.

Басқа хадистерде Жәбрәил Құранды Расулулладан (с.ғ.с) тыңдайтыны жайында айтылған. Осы хадистердің негізінде ғалымдар Құранды оқу және тыңдау қажеттілігі жайында айтқан. Қазіргі уақытта бұл дәстүр кеңінен тараған. Бір сөзбен айтқанда мүмкіндігінше Құран оқығанға көп көңіл бөлу қажет. Уақытты бекер өткізген жараспайды.

Хадистің соңында Расулулла (с.ғ.с) төрт нәрсеге көңілімізді ерекше аударып, Рамазан айында ол амалдарды көбейтуімізді бұйырады. Ол: «кәлима тоййиба» мен истиғфарды көп айту және Алла Тағаладан жәннатқа кіргізу мен тозақтан сақтауын көп тілеу.» Осы себептен осы төрт амалға неқұрлым көп уақытымызды жұмсалғанын бақыт деп білуіміз керек. Расулулланың (с.ғ.с) сөзін құрметтеу дегеніміз осы. Оған қоса тілімізбен Пайғамбарымызға салауат, кәлима айтып жатып тіршілігімізбен айналысудың не қиындығы бар?! Мұның сауабы мәңгілікке қалады. Осыдан соң Расулулла (с.ғ.с) Рамазанның кейбір өзгешеліктері мен әдептерін баян етті. Біріншіден: бұл сабыр айы. Кейбіреулердің Рамазан айы жаз маусымына келгенде ыстықтан үрейленіп жан дауыстары шығатын әдеттері бар. Біз керісінше оразаның қандай машақаты болмасын, оған қуана сабыр етуіміз қажет. Дәл сол тәрізді сәресіге ұйықтап қалса таң атқаннан соған шағымданатындар бар. Егер тарауихта тұру қиын болса, соны қайғы-қасірет пен опатқа айналдырмай, сабыр ету керек. Себебі сабырсыздықтың соңы қатты өкінішке алып келуі мүмкін. Дүниенің болмашы ісі үшін демалысымызды құрбан етіп, ішкен асымызды жерге қоямыз! Ал, осының барлығы Хақ Тағаланың разылығымен теңесе ала ма?! Расулулла бұл хадисте ауыз бекіткен адамға ауыз аштырудың артықшылығы жайында айтты. Бір хадисте: «Періштелер Рамазанда адал еңбекпен тапқанымен кембағалды тамақтандырған адам үшін Рамазанның әрбір түнінде Алла Тағаланың рахметін тілесе, Жәбрәил Қадір түні онымен қол алысады. Ал, Жәбрәилмен қол алысқан адамның жүрегі жұмсарып,көзінен жас ағады», - делінген.

Ауызашар жасаудың артықшылығы жайында айтқаннан кейін Расулулла Рамазанның бірінші бөлігі Хақ Тағаланың рахметі, яғни осы бөлікте Алла Тағаланың нығметтері жауатыны жайында айтты. Хақ Тағаланың бұл рахметі барша мұсылманға нәсіп болады. Ал, ол үшін шүкіршілік еткен пенделер үшін рахмет молая түседі. Бұл мәселеге қатысты Алла Тағала: «Егер шүкірлік етсеңдер, бергеннің үстіне бере түсемін», - деген. («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

Рамазанның ортасынан бастап кешірім басталады. Оразаның бір бөлігі өтуі себебінен, оның сыйы мен құрметі кешірімнен басталады. Ал, оразаның үшінші бөлігі тозақ отынан азат ету болып табылады. Көп хадисте Рамазанның соңындағы тозақ отынан азат етілудің сүйіншісі жайында айтылған. Жоғарыда айтылғаннан Рамазан үш бөлімнен тұратыны анықталған болатын. Қаламгердің ойынша бұл үш бөлім рахмет, кешірім және тозақ отынан азат етілу болып бөлінуі адамдар үш топқа бөлінуіне байланысты. Бірінші топқа күнәсі болмаған адамдар жатады. Бұларға Рамазанның бірінші күнінен бастап рахмет пен нығметтің нөсері нәсіп болады. Екінші топқа біршама күнәсі болғандар жатады. Оразаның бірнеше күнінен кейін, соның сыйы ретінде оларға оразаның берекеті мен күнәлардың кешірімі нәсіп болады. Үшінші топқа күнәлары көп болғандар жатады. Бұлар оразаның басым бөлігі өткеннен кейін тозақ отынан азат етіледі. Рамазанның бірінші күнінен Хақ Тағаланың рахметіне қол жеткізіп, күнәлары кешірілгендер мол игілікке ие болады. Анығын Алла Тағала біледі.

Хадисте Расулулла (с.ғ.с) төрт нәрсені көбейтуді бұйырады. Оның біріншісі – кәлима шаһадат (куәлік сөзі). Хадистерде бұл кәлима «зікірдің абзалы» деп айтылған. «Мишкәт»-та Әбу Саъид Әл-Худри (радиаллаһу әнһу) риуаят еткен хадис бар: «Мұса Алла Тағаладан: «Я, Алла Тағала! Оны айтумен Сені әрдайым еске алатын, әрі оны айтумен Саған дұға ететін сөз үйретші», - деп өтінгенде, Алла Тағала: «Ләә иләәһә илләл-лаһ» - деп айт»,- деді.сонда Мұса: «Я, Алла Тағала! Мұны Сенің барлық пенделерің оқиды. Мен ол тек өзім айтып жүретін сөз болуын қалаймын», - дегенде, Хақ Тағала: «Я, Мұса! Таразының бір жағына жеті қабат аспан мен жеті қабат жерді және ол екеуінде болғанның барлығын қойып, екінші жағына «кәлима тоййиба»-ны, яғни: «Ләә иләәһә илләл-лаһ», - деген сөзді қояр болсаң, бұл сөз таразының басын тартып кетер еді», - деп жауап берді».

«Кәлима-тоййиба» – зікірдің абзалы. Көп хадистерден бұл зікірдің басқа зікірлерден абзал екенін байқаймыз. Алла Тағала бұл зікірді барлығы үшін жеңіл етіп қойған.

Хадисте Расулуллаһ (с.ғ.с) көбейтуді бұйырған екінші нәрсе ол – истиғфар. Истиғдардың құндылықтары жайында да хадистер өте көп келген. Бір хадисте: «Алла Тағала истиғфарды көп айтқан пендесіне кез келген қиындықтан құтылу жолын ашып, барлық қайғыдан азат етеді. Әрі оған күтпеген жерден ризық нәсіп етеді», - деп айтылса, тағы бір хадисте: «Кез-келген адам белгілі бір деңгейде күнәһәр болады. Күнәһарлардың абзалы – күнәсына өкініп, тәубеге келгені», — делінген. Сонымен қатар, хадисте адам күнә істеген шақта, оның жүрегіне бір қара дақ түсетіндігі жайлы айтылған. Егер адам тәубесіне келсе, ол дақ өшіріледі. Болмаса, дақ тұра береді. Осыдан соң, Расулулла (с.ғ.с) Хақ Тағаладан екі нәрсені тілеуді міндеттеді. Ол: жәннатқа кіру және тозақ отынан аман болу. Алла Тағала бәрімізге осыны нәсіп етсін!»

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: