25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Ораза тек Мен үшін ұсталады...» деген хадистің мәні

«Ораза тек Мен үшін ұсталады...» деген хадистің мәні

Ораза

Бірде бір ғалым әл-Мағамиси деген ғалымнан бүгінгі таңда ең мықты ғұлама, ең мықты тәпсірші кім деп сұрағанда әл-Мағамиси оған: Дәл бүгін мен білетін ең мықты тәпсірші ғұлама шейх Шағрауи деп жауап береді.

Сонда әлгі ғалым бұл жауапқа қанағаттанбаған сыңай танытады. Сол кезде әл-Мағамиси одан: Онда өзіңіз айтыңызшы, Алла Тағаланың ораза жайлы "Ораза тек Мен үшін ұсталады..." деген сөзінің мәні не?! дейді.

Әлгі ғалым: "Бұл құдси хадис оразаның риясыз құлшылық екенін білдіреді, өйткені кімнің шын мәнінде ораза екенін бір Алла ғана біледі, Одан басқа ешкім біле алмайды..." деп жауап береді.

Сонда әл-Мағамиси: "Жо-жоқ, білгенде қандай, мысалы сіз ораза ұстағаныңызда күндіз біреу сізді ас ішуге шақырса, оған аузыңыздың берік екенін айтып, өзіңіздің ораза екеніңізді білдіресіз, сондай-ақ үйіңіздегі жұбайыңыз бен бала шағаңыз да ораза ұстағаныңызды біліп жүреді, яки ораза ұстағаныңызды білетіндер сізді арнайы ауызашарға шақырады дегендей..., олай болса, оразаға да рия араласуы бек мүмкін...

Ендеше "Ораза тек Мен үшін ұсталады..." деген құдси хадистің мәні не?!"

Мұны белгілі ғұлама Шағрауи былай тәпсірлеген: "Адамзат тарихында еш уақытта һәм еш жерде адамның адамға ораза ұстау арқылы құлдық ұрғаны болған емес!

Керісінше тарихта адамның адамға намаздағыдай рукуғ жасап иіліп, яки маңдайын жерге қойып құлдық ұрғаны көп болған.

Қаншама адамдар патшалар мен хан-сұлтандарға ең асыл дүниелерін тарту етіп, бейне бір зекет құлшылығын өтегендей мал-дүниесінен салық төлеп, оларға құлдық ұрған.

Сондай-ақ қаншама ғапыл жандар құдды қажылық жасап, Қағбаны айналып, тәу еткендей, кесенелер мен мазарларды зиярат етіп, шыр айналып тауап қылып, әруақтарға тәу етіп, құлдық ұрған..., тіпті адамның адамға бұлай құлдық ұруы әлі де орын алуда..."

әл-Мағамиси: "Міне ендеше намаз, зекет және қажылық сынды құлшылықтарға ұқсаған рәсімдермен адамның адамға құлдық ұрғаны тарихта көптеп орын алған, ал енді адамның адамға ораза ұстап, құлдық ұрғаны әсте болған емес!

Ендеше Хақ Тағаланың: "Ораза тек Мен үшін ұсталады, сондықтан да оның әжір-сауабын Өзім өлшеп, Өзім берем" деген сөзінің шын мәні осы болса керек!

Мен бұл тәпсірді шейх Шағрауиден естідім" дегенде, әлгі ғалым: "Шынында да бұл бұрын соңды еш жерден естімеген керемет тәпсір екен" деп таңданысын жасырмай, шейх Шағрауидің мықты ғұлама екенін мойындаған деседі.

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


 

Бөлісу: