01
Жұма,
Қараша

һижри

Алғаш рет ораза ұстайтын кісілерге қажетті мәліметтер

Алғаш рет ораза ұстайтын кісілерге қажетті мәліметтер

Ораза

Рамазан оразасы – Исламдағы бес парыздың біреуі. Оған Құран мен сүннет дәлел. Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді»[1].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Алланың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару[2].

Оразаның уақыты

Ораза уақыты – екінші шапақтан басталып (яғни, таң намазының кіруімен басталып), күннің батуына дейінгі уақыт. Кейбір фақиһтер бойынша, сақтық үшін алғашқы шапақта (таң намазы кірмей тұрып) ішіп-жеуді тоқтатқан жақсы. Кімде-кім шапақ жайында күмәнданса (таң намазының кіріп-кірмегені жайында күмәнданса), сәресіні тоқтатқан абзал. Бірақ кімде-кім тоқтатпай ішіп-жеп, кейіннен уақыты шығып кеткенін білсе, сол күнгі оразасының қазасын өтеуі керек. Рамазан айы – ашық аспанда жаңа туған айды көрумен, ал, бұлтты күнде Шағбан айын отыз күнге толтыру арқылы білінеді. Құранда Алла: «Кімде-кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын»[3]. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екінші жаңа туған айды көрген кезде оразаларыңды тоқтатыңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар», – деген[4]. Басқа бір хадисінде «Ай жиырма тоғыз күн. Жаңа туған айды көрмейінше, ораза ұстамаңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар», – дейді.

Аузы берік кісі күннің батып-батпағаны жайлы күмәнданса, аузын ашпағаны дұрыс. Ораза ұстаған адам анық уақытты білмесе, шамалаумен сәреге тұрып, шамалаумен ауыз аша алады. Шапақтың атқанын біле алмаған (таң намазының уақыты кіргенін біле алмаған) адам ерте бастан қам жасап, аузын ертерек бекітіп, ал күннің батқанын біле алмаған кезде, кештеу ашқан абзал. Бұл – сақтық үшін жасалған шара. Бірақ қазіргі таңда арнайы жасалған күнтізбелер бар.

Оразаның парыз болу шарттары

1. Мұсылман болу. Ораза мұсылмандарға парыз. Сондықтан жаңа мұсылман болған жандарға өткен жылдардағы ораза т.б. ғибадаттарының қазасы керек емес. Дінге жаңа кіргендердің бейне бір жаңа туған сәбидей барлық күнәсі кешіріледі: Құранда Аллаһ Тағала: (Мұхаммед) «Күпірлік еткендерге егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары кешіріледі. Ал егер олар қайталаса, сонда өткендегілердің де үкімі орындалады» де»[5].

2. Балиғат жасында болуы және ақыл-есі түзу болу. Бала мен ақыл-есі ауысқан, талып қалған адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанга дейін ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға[6]. Яғни, сана аса маңызды. Алланың әмірі саналы жандарға келген. Жеті жасқа кірген кезден оразаға күші жететін қыз бала мен ер балаға ата-анасы ораза ұстатып үйрету керек. Мақсат – балаларды оразаға баулу. Ақыл-есі кемтар не есінен танып қалған адамдарға уақытша болса да ораза парыз емес. Ақылы орнына келсе, қазасы өтелмейді.

3. Ораза ұстауға күші жету және жолаушы болмау. Науқас немесе жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері қазасын өтейді. Құранда былай делінген: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін»[7]. Кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға ораза парыз емес. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиуі ықтимал aяғы ауыр әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар ораза орнына пидия береді. Олар оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.

Оразаның дұрыс орындалу шарттары

1. Хайыз бен нифастан таза болу: Хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдер уақыты өткеннен кейін оразаның қазасын өтейді. Бірақ бір адамның түнде немесе күндіз жүніп күйінде болуы, ораза ұстауына кедергі емес. Бірақ мүмкіндігіне қарай, ауыз бекітпес бұрын, ғұсыл алу – абзал.

2. Ниет: Барлық оразаға жүрекпен ниет ету – жеткілікті. Бір адам түн жарымында ертеңгі күннің ораза екенін біліп, бұл айда ораза ұстайтынын жүректен өткізсе немесе сәреге тұрса, бұл ісі ораза ұстауға ниет саналады. Бірақ тілмен айту мәндүп (ұнамды). Барлық оразаға түнде немесе таң уақыты кірмей тұрып ниет ету – абзал. Рамазан оразасына ниет етерде әрбір күніне жеке-жеке ниет ету шарт. Себебі, әрқайсысы өз алдына жеке ғибадат. Бұл – фақиһтердің басым көпшілігінің пікірі.

 Ораза ұстағандар үшін мұстахап (ұнамды) нәрселер

Ораза ұстағандарға мына нәрселерді жасау – мұстахап, яғни ұнамды, сауапты. Бірақ міндет емес.

1. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар»[8]. Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Аллаһ сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді»,[9] – дейді. Таң намазының уақыты кіргенге дейін сәресіні кешіктіру де – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үмбетім ауыз ашарда асығып, ал, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта»,[10] – деген. Дегенмен, ауызды ерте жабуға да рұқсат. 

2. Ауызды ақшам намазын оқымай тұрып ашу. Намазда адамның көңілі ауыз ашуға ауып тұратындықтан, (күн батқаннан кейін) ауыз ашуға асығу – мұстахаб. Бұған жоғарыда айтылған хадис куә. (Аспан бұлытты күндері сақтық үшін кешіктірген дұрыс). Сонымен қатар, ауызды құрма немесе сумен ашу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай ашқан.

3. Ауыз ашарда мына дұғаны оқу – сүннет:

Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә'аләйкә тәуәккәлту уә 'ала ризқикә әфтарту уә саумәл-ғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту».

Мағынасы: «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».

4. Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген адам, ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді[11].

5. Таң уақыты кірмей жүніптіктен тазалану. Хайызы немесе нифасы тоқтаған әйел де сәресінің алдында жуынып, тазаланғаны жақсы. Мұндағы мақсат – оразаны таза бастау. Бірақ аузы берік бола тұрып, жуынуға да болатынын ескерте кетейік. Мұндай кезде судың тамаққа кетіп қалмауын қатты қадағалау керек. Әйелдің хайыз яки нифас мерзімі түнде аяқталып, оразаға ниет етсе, және де жүніп кісі жуынбай ораза ұстаса, оразасы жарамды.

6. Аузы берік адамның жақсы сөздер сөйлеуі, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық танытуы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаға қажет емес[12]. Басқа бір хадисінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы болмайды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды»[13]. Сонымен қатар, Рамазанда «Мен оразамын» деу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін[14].

7. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанда Жебірейіл екеуі бір-біріне кезекпе-кезек Құран оқып, бір-бірін тыңдайтын»[15].

8. Жалпы Рамазан айының ең соңғы он күнінде иғтиқафқа кіру – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанның ең соңғы он күнінде көп ғибадат жасайтын[16].

Аузы берік кісіге мәкруһ және мәкруһ емес нәрселер

1. Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау – мәкрүһ. Бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, тамақтың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. Дәмін татқан уақытта тамаққа кетпеуі шарт.

2. Аузы берік кісіге сулы мисуакты қолдану – мәкрүһ.

3. Дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көп пайдалану – мәкрүһ.

4. Бал немесе май секілді сатып алатын нәрселердің қандай екенін білу үшін дәмін татып көру – мәкрүһ.

5. Шайналып тәттісі кеткен ақ сағызды шайнау – мәкрүһ. Ал, жаңасын шайнауға мүлдем болмайды.

6. Аузы берік адам әлсіреп өзін сақтай алмайтындай болса, қан алдыруы – мәкрүһ. Егер көтере алса, мәкрүһ емес. Ең жақсысы, күн батқан соң қан алдыру.

7. Рамазанда қатты ыстықтап салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну – Әбу Юсуп бойынша, мәкрүһ емес. Өйткені, мұндай уақытта адамға жеңілдік туады. Фәтуа осы үкімге берілген.

8. Өзіне сене алмаған аузы берік жанның әйелін сүюі – мәкрүһ. Өзіне сенсе, мәкрүһ емес. Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) зайыбын сүйгені және әзілдегені жайлы айтылады[17].

9. Аузы берік адамның жүніп күйінде таң атыруы немесе күндіз ихтилам болуы оразаға зияны жоқ.

10. Аузы берік жанның гүл не әтір секілділерді иіскеуі, сүрме жағуы, мұртын майлауы – мәкрүһ емес.

 Оразаны бұзбайтын жағдайлар

1. Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізгенде – Алла».[18] Басқа бір хадисте: «Рамазанда ұмытып оразасын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес»[19] – делінген. Ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.

2. Бір адам таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, оразасы бұзылмайды. Бірақ, әлбетте, намаз оқу үшін ғұсыл алу - парыз. Алла Құранда: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар»[20], – дейді.

3. Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қажылықта аузы берік кезінде қан алдырған[21].

4. Құлаққа су кіру, бұлық ағу оразаны бұзбайды.

5. Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу оразаны бұзбайды.

6. Мисуак оразаны бұзбайды. Өйткені, мисуак қолдану – сүннет. Тіпті тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. Бірақ ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып жуу.

7. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт.

8. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.

9. Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаға зиян бермейді. Бірақ бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.

10. Түкірік немесе мұрынды тарту оразаны бұзбайды.

11. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу оразаға зиян бермейді.

12. Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) оразаға кедергі жасамайды. Және оның еріксіз ішке қайта кетуі де.

13. Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтпастан суға батып жүзу қиын болғандықтан түспеу абзал.

Ораза бұзылғанда қазасы ғана өтелетін жағдайлар

1. Емдік мақсатта дәрі ішсе, ораза бұзылады. Қазасын өтеу керек.

2. Қателесіп, бір нәрсе ішіп-жеу оразаны бұзады. Яғни бір адам ораза екенін біле тұрып, қателесіп бір нәрсе ішіп-жесе, оразасы бұзылады. Мысалы, дәрет алып жатқан кезде байқаусызда тамағына су кетіп қалса, қарды аузына салып, ол да тамағынан өтсе, оразасы бұзылады. Қазасы өтеледі. Егер де ораза екенін ұмытып істесе, ораза бұзылмайды.

3. Тістерінің арасынан шыққан қан түкірікпен бірдей немесе одан көп болып тамақтан өтсе ораза бұзылады. Аз болса, бұзылмайды. Өйткені, көлемі аз қаннан сақтану қиын.

4. Ауыз толы құсық қақырық болса, Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед бойынша, оразаға ешқандай зиян тигізбейді. Жоғарыдағы мәселеге мына хадис дәлел: «Аузы берік адам құсқысы келіп, өзіне ие бола алмаса, оған қазасын өтеу міндетті емес. Өз қалауымен құсатын болса, оразасын қаза етсін»[22].

Әрі қаза, әрі кәффарат қажет еттіретін жағдайлар

Бұлар екіге бөлінеді:

1. Ешқандай себепсіз азық немесе азықтың ерекшелігі бар барлық заттарды әдейі біліп жеу. Мысалы: әдейі жеу, ішу, темекі шегу. Бұлардың барлығы ішке кеткен кезде әрі қаза, әрі кәффарат керек. Бірақ азықтар ауызда езіліп, жұтылмайтын болса, дәмі де тамақтан өтпесе, ораза бұзылмайды. Сонымен қатар, біреуді ғайбаттағаны үшін қан алдырғаннан кейін немесе сүйіскеннен кейін ораза бұзылды деп ойлап, әдейі жеу де кәффаратты қажет қылады. Сол секілді аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту кәффаратты қажет еттіреді. Аз көлемде тұз жеу де осындай. Бұл жайлы Хазіреті Әлидің риуаят еткен мына хадисі дәлел: «Ораза кіргеннен ғана бұзылады, шыққаннан емес».

3. Аузы берік екенін біле тұра зайыбымен жақындасуы. Мұның дәлелі Рамазанның күндізінде әйелімен жақындасқан бір адам Пайғамбарымызға (с.а.у.) білдіреді. Пайғамбарымыз оған кәффарат үшін бір құл азат ету, оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан үзбей ораза ұстау керектігін яки оған да күші жетпесе алпыс жоқ-жітікті тойдыру қажеттілігін айтады[23]. Екі ай ораза ұстауға шамасы жеткен адам жоқ-жітіктерді тойдыру мүмкіндігін кәффарат жолына пайдалана алмайды.

Ораза кәффараты

Кімде-кім Рамазанда әдейі ешқандай себепсіз оразасын бұзса, оған кәффарат ретінде бір құлды немесе күңді азат етуі, егер оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан ораза ұстауы, егер бұған да күші жетпесе, алпыс жоқ-жітікті тамақтандыруы тиіс. Құранда бұл жайлы былай делінеді: «Бастаған ізгі істеріңді бұзбаңдар»[24]. Пайғамбарымыз былай дейді: «Кімде-кім Рамазанда оразасын бұзса, оған зиһар жасаған адамға тиісті (кәффарат) жүктеледі». Бірақ Рамазан оразасынан тыс оразаларға тек қана қаза керек.

Ораза ұстай алмайтындардың жағдайы 

Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру – уәжіп. Бұлар ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар оразаның орнына әрбір күн үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн  таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Құранда Алла Тағала «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін»,[25] – дейді. Ибн Аббас бұл аят жайлы былай дейді: «Аят – кәрі адамдар үшін түскен. Оразаны өтеу – парыз». Дегенмен, кейбір қариялар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Алладан кешірім тілейді. «Алла адамға көтере алмайтын жүкті бермейді»[26].

Сол секілді жазылмайтын науқасқа да фидияның уәжіп болғаны жайлы Ислам фақиһтері арасында талас жоқ. Мұндай адамға ораза ұстау парыз емес[27]. Оған мына аят дәлел: «Алла сендерге дінде қиыншылық жасаған емес»[27]. 

[1] Бақара, 2/185.
[2] Бухари, Иман, 34.
[3] Бақара, 2/185.
[4] Бухари, Саум,5; Муслим, Сиям, 4.
[5] Әнфал, 8/38.
[6] Бухари, Талақ, 11. Әбу Дәәуд, Худуд, 17.
[7] Бақара, 2/184.
[8] Бухари, Саум, 20
[9] Ахмед б. Ханбәл, ІІІ, 44.
[10] Бухари, Саум. 45.
[11] Тирмизи, Саум, 82; Ибн Мажә, Сиям, 48.
[12] Ахмед ибн Ханбәл, VІ, 34.
[13] Ибн Мажә, Сиям, 21.
[14] Бухари, Саум, 2.
[15] Бухари, Бәдул-Уахи, 5.
[16] Муслим, И'тиқад, 8.
[17] Ибну Мажә, Сиям, 19.
[18] Муслим, Сиям, 171.
[19] Ибн Мажә, Сиям, 15.
[20] Маида, 5/6.
[21] Бухари, Тыбб, 11.
[22] Әбу Дәәуд, Саум, 33; Тирмизи, Саум, 24.
[23] әш-Шәукани, IV, 214.
[24] Мұхаммед, 47/33.
[25] Бақара, 2/184.
[26] Бақара, 2/186.3
[27] Хаж, 22/78.

материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: