25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Рамазан айы жайында айтқаны

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Рамазан айы жайында айтқаны

Ораза

Сахаба Сәлмән әл-Фәрисиден жеткен риуаятта былай делінген:

«Шағбан айының соңғы күні Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бізге құтба оқыды (уағыз айтты). Құтбасында былай деді:

«Ей, адамдар! Ұлы да, берекелі ай табалдырықтарыңды аттады. Ол - ішінде мың айдан да хайырлы түні бар ай. Алла Тағала ол айда ораза ұстауды парыз етті, ал түнін ғибадатпен өткізуді нәпіл қылды. Кімде-кім ол айда сауап үшін ұнамды бір көркем іс істейтін болса, ол ісі одан өзге айларда орындалған парыз амалмен тең. Ал кім ол айда (Рамазанда) бір парызды орындайтын болса, онысы өзге айларда орындалған жетпіс парыз амалмен тең (сондай сауабы болмақ).

Рамазан, ол – сабыр айы. Сабырдың қарымтасы – пейіш. Рамазан – қайырымдылық айы. Ол ай – мүміннің ырзық-несібесі артатын ай. Кім ораза ұстаған адамның аузын аштырса, онысы күнәләрына кешірім болады және ол тозақ отынан азат болады, әрі ораза ұстаушыға берілетіндей сауап, ораза ұстаушыдан кемітілместен оған да (ауыз аштырған адамға да) беріледі.

Сонда сол жердегі сахабалар Алла елшісіне (с.ғ.с.):

- Ораза ұстаушының аузын аштыруға бәріміздің шамамыз жете бермейді, - деп айтты.

Алла елшісі (с.ғ.с.) оларға жауап ретінде былай деді:

- Ондай сауапты Алла Тағала бір құрмамен болса да ораза ұстаушының аузын аштырған кісіге де береді. Тіпті, бір жұтым су беріп ауыз аштырған кісіге де немесе су араласқан сүт беріп ауыз аштырған кісіге де сол сауап беріледі.  

Рамазан айы сондай бір ай, оның әуелі – мейірім, ортасы – кешірім, ал соңы – тозақ отынан құтылу. Кімде-кім Рамазан айында меншігіндегі құлына (не күңіне) жеңілдік жасаса (азаттық берсе), Алла ол адамның күнәсін кешіріп, тозақ отынан азат етеді.

Рамазан айында төрт жақсы қасиетті арттырыңдар. Оның екеуімен Раббыларыңның разылығына бөленесіңдер. Екеуі болса, сендердің өздеріңе қажет дүние. Раббыларыңның разылығына бөленетін екі қасиетті айтар болсам, олар: Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ деп айту және Алладан көп кешірім тілеу (истиғфарды көбейту). Ал, өздеріңе қажетті екі қасиет болса, олар: Алла Тағаладан пейішті сұрауларың және Алладан тозақ отынан пана тілеулерің (осы екеуін жиі тілеңдер).

Кімде-кім ораза ұстаушы адамды тойдырса, Алла Тағала қиямет күні оны, менің хаузымнан (кәусар хаузынан) бір жұтым шербет ішкізеді, сосын ол пейішке кіргенге дейін шөлдемейтін болады»[1]. 

[1] Сахиху Ибн Хузейма: Бәбу фи фазәилу шәһри Рамадан.

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: