25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бір жылдық күнәңіздің өтеуі болатын күн

Бір жылдық күнәңіздің өтеуі болатын күн

Ораза

Муслимнің "Сахих" жинағында Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте:"Оразаның Рамазаннан кейінгі абзалы - Алланың айы -Мұхаррам, ал намаздың парыздардан кейінгі абзалы - түнгі намаз" - деп айтылған.

Мұхаррам айында қасиетті бір күн бар. Ол күні ұлы оқиға болған. Алла тағала Мұса пайғамбар мен оның қауымын құтқарып, Перғаун әскерін теңіз түбіне батырды. Міне, сол оқиғадан кейін, Мұхаррам айындағы осы бір күнге ерекше мән беріледі. Шариғатымызда ол күн "Ашура күні" деген атпен белгілі.

Бірде мұсылмандар Ибн Аббасқа (р.ғ.) келіп, одан Ашура оразасы жайлы айтып беруін өтінеді. Ол: «Қашан Мухаррам айы туғанын көрсеңдер, есептеп, тоғызыншы күні таңертең ораза ұстаңдар», – дейді. Олар: «Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәл осылай тұтатын ба еді ?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Иә», – деп жауап береді.

Ашура күнінің оразасы. Айшадан (р.ғ.) жеткен хадисте ол: «Құрайыштар Исламға дейін Ашура күні ораза тұтатын және ол күні Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза тұтатын еді. Мәдинаға келгеннен соң да Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол күні ораза тұтты және ораза тұтуды бұйырды. Ал Рамазан парыз етілген соң, ашура күнін міндеттемеді, қалаған кісі тұтатын, ал қаламаған кісі тұтпайтын», - деген.

Мұхаррам айының оныншы күнін яғни Ашура күнін оразамен өткізу сауапты іске жатады. Бұхари мен Муслимнің "сахих" жинақтарында Ибн Аббастан (р.ғ.) мынадай дерек келтіріледі: Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, Мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айындағы Ашура күні ораза тұтып жүргенін көреді. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Сендер ораза тұтып жүрген бұл қандай күн?» –деп сұрайды. Олар: «Бұл – ұлы күн, онда Алла Мұса мен оның қауымын құтқарып, перғауын мен оның қауымын суға батырған. Мұса бұл күні шүкіршілік ретінде ораза тұтқан, сондықтан біз де бұл күні ораза тұтамыз», – деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге қарағанда Мұсаға біз көбірек құқылымыз әрі оған біз көбірек лайықпыз», – деді. Сөйтіп Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы күні ораза тұтып,мұсылмандарға да осы күні ораза тұтуды бұйырады.

Ғұлама Ибн Хажар Ашура күнінің артықшылығына тоқталып: "Рамазаннан өзге күндері ораза тұтқысы келген кісі үшін Мұхаррам айындағы Ашура оразасы ең сауапты құлшылық болады", - деп айтқан.

Муслимнің "сахих" жинағында Ашура күні ораза тұту бір жылдық қателіктерді жуады деп айтылса, ал қажылық кезінде Арафат күнгі ораза екі жылдық күнәға кәффарат болады делінген. Білім иелерінің түсіндіруінше, Ашура оразасы Мұса пайғамбарға қатысты, ал Арафат күнгі ораза Мұхаммед пайғамбарға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қатысты. Сондықтан, әр құлшылықтың өзіндік орыны болғанымен, Арафат күнінде ораза тұту Ашура оразасынан гөрі абзал болып есептеледі.

ummet.kz

Бөлісу: