25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намазда қолды тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеру мәселесі

Намазда қолды тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеру мәселесі

Намаз

Ханафи және Мәлики мәзһабтары бойынша, намазда қол тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеріледі.

Рүкүғқа барғанда және рүкүғтан тұрғанда қолды қайтақайта көтерудің қажеті жоқ. Бұл жайында хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Мәлік (р.а.) былай дейді: «Намазда әр тәкбір айтқанда сәжде де болсын, рүкүғта болсын қолды көтеру дегенді білмеймін. Қол – тек намаз басталғанда ғана аздап көтеріледі».

Имам Бухаридың (р.а.) «Қурратуль айнайн» атты шағын еңбегінде Барра ибн Әзіп (р.а.) есімді сахабадан мына бір хадис келтірілген: «Менің көргенім: Пайғамбарымыз намаздың алғашқы тәкбірін айтқанда ғана қол көтерді. Одан кейін қолын көтерген жоқ».

Сондай-ақ, тағы бір хадисте сахаба Абдулла ибн Мәсғуд: «Мен сендерге Алла елшісінің намазды қалай оқығанын көрсетейін бе? – деп, намаз оқыды. Сонда екі қолын тек намаздың басында ғана бір рет көтерді» (Сахих).

Имам әт-Тахауи өзінің «Мағанил Әсәр» атты хадис жинағында Алқамадан сахаба Абдулланың мына риуаятын келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазда тек әуелгі тәкбірде ғана қолын көтеретін де, бұл қимылын қайталамайтын».

Имам әт-Тахауиде келтірілген тағы бір риуаятта: «Әзірет Әли намаздың әуелгі тәкбірінде екі қолын көтеретін. Одан кейін көтермейтін», – делінген. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ең жақын сахабаларының бірі Әзірет Омар да намазда бір-ақ мәрте қолын көтеретін. Оған Әсуәдтің мына сөзі дәлел: «Мен Омар ибн Хаттабты намазда қолды тек әуелгі тәкбірде ғана көтергенін көрдім. Ибраһим де, Шағби де сөйтетін» Осы хадисті келтіргеннен кейін Имам Әт-Тахауи: «Омардың (р.а.) өзі де қолды тек әуелгі тәкбірде көтерген. Бұл хадис – сахих. Өйткені, хадис жеткізуші «рауилердің» арасында Әл-Хасан ибн Айяш деген кісі бар. Ол сенімді (сиқа) әрі хадис саласында беделді кісі», – деді.

Сахаба Абдулла ибн Омардың намазға бастарда қолын алғашқы тәкбірде ғана көтергендігін Мүжәһид былай жеткізеді: «Мен Ибн Омардың артында намаз оқыдым. Ол намаздың тек әуелгі тәкбірінде ғана қолын көтерген еді».

Тағы бір хадисте: Алқама ибн Уаилдің айтысына қарағанда, әкесі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алғашқы ифтитах тәкбірімен қоса, рүкүғ пен сәждеде де екі қолды көтергенін көрген екен. (Сол жерде мұны естіген) Ибраһим (р.а.) былай деді: «Пайғамбарымызды бір-ақ күн көрген әкең (пайғамбардың қалай намаз оқитынын) есіне сақтап, (пайғамбарымыздың қасында көп жүрген) Абдуллаибн Масғұд ұмытып кетті деп ойлайсың ба?!58. Шындығында, қол намаздың басында ғана көтеріледі» (Сахих).

Алқаманың әкесі Уәил хижри жыл санауының 9-ші жылы Медине қаласында мұсылман болған кісі. Ал, сахаба Абдулла ибн Мәсғуд одан 22 жыл бұрын мұсылман болды. Арада 22 жыл айырмашылық бар.

Ендеше, пайғамбарымыздың намазы жайында кім көбірек біледі - Уаил ма, әлде үнемі Алла елшісінің қасында жүріп, Оның намазда қолын бір-ақ рет көтеретіндігін сахих жолмен риуаят еткен ғалым сахаба Абдулла ибн Масғуд па (радияллаһу анһума)?

«Сахих Мүслімде» келтірілген хадисте де сахаба Жәбир ибн Сәмура былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) біз жаққа қарап: «Неге сендер асау аттың құйрығы ұқсап, қолдарыңды (қайта-қайта) көтеріп жатырсыңдар. Намазда тыныш тұрыңдар» – деді. Сондай-ақ, Әбу Дәуіт өзінің хадистер жинағының «рүкүғта қолды көтермеу» бөлімінде Әбу һурайрадан (р.а.) мына сахих хадисті риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды бастағанда екі қолын бір-ақ мәрте көтеретін еді». Ендеше, аталмыш хадистер қолды тек алғашқы тәкбірде ғана көтерудің дұрыстығын дәлелдейді.

материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: