25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дәрет пен намазға беріктік

Дәрет пен намазға беріктік

Намаз

Шариғат бойынша адам баласына балиғат жасынан бастап, ажал келгенге дейін құлшылық етуі парыз. Ал құлшылықтың төресі – намаз. Ал намаздың кілті – дәрет. Сол себепті мұсылман адам әуелі дәретті ұқыптылықпен алуы керек. Дәретке немқұрайлық таныту құлшылыққа нұқсандық келтіреді.

Дәретсіз оқылған намаз қабыл емес. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі сәлемі болсын): барлық ісін дәретпен орындағандықтан біз де дәретті тек намаз үшін ғана алмай күнделікті өмірде дәретпен жүруді әдетке айналдыруымыз қажет.

Дәрет – намаздың кілті һәм күнәның төгілуіне себеп. Кейде асығыс дәрет алып, тобықты не өкшені толық жумай кетеміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі сәлемі болсын) Тәбук жорығынан қайтып келе жатқанда жолда сахабалар намаз оқу үшін дәрет алады. Сонда бір сахаба асығыс дәрет алғандықтан тобығы толық жуылмай қалады. Оны көрген Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі сәлемі болсын): «Отта жанатын тобықтардың соры құрысын, дәретті жақсылап алыңдар», - деп ескертеді.

Дәретін жақсылап алып, кәлима шәһадат айту – жұмаққа жетелейтін сауабы көп амал. Хадисте: «Әлде кім дәрет алып, оны жақсылап орындаса, сосын оны алып болған кезде: «алладан басқа Тәңір жоқтығына, Оны серігі жоқтығына, сондай-ақ, Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін» деп айтса, ол үшін Жәннаттың сегіз есігі бірдей ашылып, қалаған есігінен кіретініне шәк жоқ», - деп айтылған (Әбу Дәуід).

Намаз – діннің тірегі әрі сауабы мол құлшылық және Аллаға ең ұнамды іс. Намаз құлшылықтың төресі болғандықтан, оны қазаға қалдырмай, кешіктірмей оқу – міндет. Намаз бізді тозақтан құтқарады.

Ақыретте пендеден ең бірінші сұралатын ісі құлшылықтың төресі болған намазы болмақ.

Яхя ибн Сағид (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Маған жеткені пенденің қиямет күні ең алғаш қаралатыны – намаз болмақ. Егер намазы қабыл етілсе, қалаған амалдарына қарайды. Егер намазы қабыл етілмесе, басқа амалдарының ешбіріне қарамайды» (имам Малик). Құлшылығына берік жан намазды өз уақытынан кешіктірмей оқиды. Өйткені, намазды алғашқы уақытында оқу – абзал әрі Алланың разылығын алуға себеп болатын құлшылық.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі сәлемі болсын): «Намаздың алғашқы уақытында Алланың разылығы бар, соңғы уақытында кешірімі бар», - деп айтқан (имам Тирмизи).

Парыз құлшылығымызға берік болып, өз уақытында атқарып, Жәннатқа жетелейтін амал жасауға ұмтылайық.

Сөзімізді Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі сәлемі болсын) сахаба Муазға әр намаздың соңында оқы деп өсиет еткен дұғасымен аяқтайық: «Уа, Алла, Сені әрдайым еске алуымды, Саған шүкіршілік етіп, өзіңнің талабыңа сай құлшылық етуімді нәсіп ете гөр!»

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: