Дағыстан астанасы Махачқала көшесінде жергілікті мұсылмандарға маңызды ескерту беретін баннер орнатылды.
«Жаяу жүргіншіні өткізсең сауапты іс жасағаның» деген мағынадағы жарнама тақтасын ілуге ұйытқы болған Дағыстан мүфтияты көлік тізгіндеген азаматтарды жаяу жүргіншілерге жол беруге, мейірімді, кең пейілді болуға шақырады.
Бұл бастама «Ислам және жол қозғалысы қауіпсіздігі» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.
«Кең пейілділік, жомарттық, адамдарға мейірімділік таныту Алла тағала және ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) ұнатқан амалдар саналады. Ал сауапты істің ақысы он есеге дейін көбейеді. Біз осындай шаралар көлік жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге деген қатынасының жақсаруына оң ықпалын тигізеді деп үміттенеміз. Есте сақтайтын жайт, жолда кішкене балалар мен қарт кісілер қауіпсіздік белгілерін байқамай қалуы мүмкін. Оларға түсіністікпен қарап, барынша байсалды, салмақты да сабырлы болғанымыз дұрыс» делінген мүфтият мәлімдемесінде.
ummet.kz-ақпарат