26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламтану ғылымы бойынша алғашқы диссертация қорғалды (ФОТО)

Жаһан
Жарнама

Кеше «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде тұңғыш рет еліміздегі исламтану ғылымы бойынша ғылыми диссертация қорғалды. Бұл жайында аталған оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Диссертациялық кеңесте «Нұр-Мүбәрак» университетінің алғашқы докторанттары Қайрат Құрманбаевтың «6D021500 – Исламтану» мамандығы бойынша «Хусамуддин әс-Сығнақи еңбектеріндегі «Усул әл-фиқһ» ілімінің лингвистикалық негіздері», Алмасбек Шағырбаевтың «6D020600 – Дінтану» мамандығы бойынша «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарасы» ғылыми еңбектері талқылауға түсті.

Қайрат Құрманбаевтың отандық ғылыми кеңесшісі, Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі: «Бұл ғылыми қорғау біздің төл тарихымызды тануда, еліміздегі ислам дінінің терең тамырын зерделеуде өте маңызды. Кеңестік кезеңде бізге қазақ халқының тарихы жоқ деп үйреткен. Ал қазір қарасақ, бір ғана әл-Фарабидің 30-ға жуық, көне Тараздан 60 ғалымның, 15 Түркістани, Үндістан жерінен 7-8 Яссауилердің еңбектері  табылып жатыр. Яғни, біздің ата-бабаларымыздың даналығы мен білім бұлақтарын дәлелдейтін деректер өте көп, халқымыз рухани өте бай болған. «Нұр-Мүбәрак» университетінің міндеті  соның барлығын елге қайтарып, ғылыми айналымға енгізу. Міне, бүгін алғашқы көш басталды деуге болады. Қайрат Құрманбаевтың бұл ғылыми диссертациясы кітап болып шықса, қолдан қолға өтетін құнды еңбек боларына сенімдімін»деп, қорғаушының зерттеуін жоғары бағалады. 

Ал «6D020600 – Дінтану» мамандығы бойынша Алмасбек Шағырбаев «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарасы» тақырыбында диссертация қорғады. Осы кезге дейін онға жуық ғылыми жұмысқа тақырып болған М.Жүсіптің еңбектері тұңғыш рет фиқһ ғылымы тұрғысынан, оның 40 парызға және шариғи тараптан ғибадаттағы ұстанымдары, сонымен қатар ақидалық сенімге қатысты көзқарастары матуридилік ілімімен байланысты  қарастырылған. Бүгінгі түрлі жат ағымдарға қатысты ата-бабаларымыздың айқын ұстанымын айтуда маңызды айғақ болатын жаңа зерттеу.  

Осылайша, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы дінтану бойынша диссертациялық кеңесінде философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін екі бірдей докторант өте жоғары бағада қорғап шықты. Бірі исламтану ғылымы бойынша шет елдердегі ата-бабаларымыздың мұраларын елмен қауыштырса, енді бірі дінтану бойынша қазақ даласындағы ислам діні ұстанымын ғылыми деңгейде дәлелдеп шықты.


 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: