Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Астана» медресе-колледжінің қыздар бөліміне арнайы барып, шәкірттерге дәріс оқыды.
«Жаратушы Алла Тағалаға махаббат» тақырыбында дәріс оқыған Бас мүфти: «Рухани кемелдіктің негізі саналатын ихсанға жету үшін әрбір жан әуелі өзінің жаратқан Иесі Алланы тануы тиіс. Алланы танып, Оған иман келтірген пенденің Хақ Тағалаға махаббат қоймауы мүмкін емес. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Ал иман келтіргендер Алланы бәрінен артық жақсы көреді», – делінген («Бақара» сүресі, 165-аят). «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, Ол Алланы жаннан тәтті» – деп Хәкім Абай жырлағандай, ең кәміл махаббат – махаббатты жаратқан Аллаға және Оның Елшісіне деген махаббат» деді.
Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы медресе-колледждің тыныс-тіршілігімен танысып, ұстаздар мен студенттерді Рамазан айымен құттықтады. Қазіргі таңда әйел жамағатының да діни сауатты болуы маңызды екенін айта келе, медресе шәкірттері – келешек әйел ұстаздардың білімді әрі ибалы маман болып шығуына тілектестігін білдірді.