Келіп жеткен қасиетті Рамазан айының екінші күнінде ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешіттің 300-ге тарта шәкіртіне «РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ» тақырыбында ауызашар кеші өтті.
Кеш Алла Тағаланың қасиетті кәләмі Құран Кәрімнен аяттар оқылып, Бас мешіттің ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызының Рамазан айының құндылығы туралы кіріспе сөзінен бастау алды. Бұдан әрі Бас мешіт шәкірттері Рамазан айы туралы монолог оқып, салауат айтып, ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ елордамыздың білікті ұстаздары мен ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Астана қаласы бойынша жетекшісі Күлсара ұстаз құттықтау сөз сөйлеп, қонақ болып келген ұстаздарымызға арнайы тарту-таралғы сыйланды.
Ауызашар кешінің көркін қыздырған сұрақ-жауап сайысы болды. Мұнда да дұрыс жауап берген шәкірттерге арнайы сый-сыяпат табысталса, арнайы таратылған нөмірлер бойынша, Алланың қалауымен, шәкірттердің арасында 174-нөмір иесі, биыл қаңтар айында ғана Бас мешітке діни сауат ашу курсына қабылданған, бастауыш топ мүшесі Шұғыла Махмутова Ұмра сапарына жолдама ұтып алды. Жолдаманы ұстазымыз Қарлығаш Қажымәлікқызы табыстады.
Кеш соңында ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Бір-бірлеріңе сыйлық тарту етіңдер, араларыңда сүйіспеншіліктерің артады» хадисіне сәйкес әрбір қонағымызға, шәкірттерімізге қызғалдақ гүлдері сыйланып, Құран хатым дұғасы жасалып, ақ әжелеріміздің ақ батасымен шара шымылдығы жабылды.